Өзгеге кесірімізді тигізбей үйде отырайық

Бүкіл әлем, оның ішінде қазақ елі тағы да елең-алаң күй кешіп, көзге көрінбейтін вирустың шабуылына тап болды. Осындай ұлт саулығы сынға түскен кезеңде бұған дейін де талай қиындықтан халқын алып шыққан еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев бәрімізді сабырлылыққа, байсалдылыққа шақырып, ақ тілеулі үндеуін арнады.

Президентіміздің Жарлығымен Қазақстан вирустан қорғанудың барлық шарасын қолға алып жатыр. Соның бірі ірі қалалар мен оларға қарасты аудандарда карантин жариялап, адамдардың жүріс-тұрысына шектеу қойып отырғандығы. Мен де бірталай жасқа келген, көп нәрсені көрген адаммын. Бұл вирустың күннен-күнге өршіп бара жатқанына қатты алаңдаулымын. Сол себепті себепсіз көшеге шықпауға тырысып, шықсам да бетпердемді тағып, қолғабымды киіп, сақтанып жүрмін. Өйткені, менің ұстанымым - біреуге кесірімді тигізбеу. Ауданымыздағы әр адам осылай ойласа, тәртіпке бағынып, өзін-өзі өзгелерден оқшаулап, бұл індет бізді айналып өтері анық.

Әрине, қашанда қонақжай, дархан көңіл қазақ үшін той-томалақтың орны ерекше, өлім-жітімнің жолы бөлек. Дегенмен қазіргідей қиын кезеңде бір-біріміздің қуанышымызға іштей ғана тілеулес болып, қайғымызға да іштей ортақтасқанымыз абзал болар деп ойлаймын. Өзге облыстарда жаназаға барамын деп ауру жұқтырып алып жатқандардың тағдырынан сабақ алуымыз керек. Имамдар айтып жатқандай, марқұмның рухына үйде отырып та дұға бағыштауға болады. Ал туған-туыстарына індеттің беті қайтқан соң да барып, көңіл айтуға болады.

Қазіргідей биологиялық майдан жүріп жатқан уақытта, елдің бәрі қашықтықтан жұмыс жасап үйде отырғанда тынымсыз еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен полицейлердің, журналистердің еңбегі бағалауға тұрарлық деп білемін. Сол себепті жуырда Жастар ресурстық орталығының еріктілеріне өз қаржыма бетперде тігу үшін мата сатып алып бердім. Сол матаға тігілген бетперделерді осы кәсіп иелеріне таратуын өтіндім. Бұл менің вируспен күреске өзімше қосқан кішкентай ғана үлесім. Дегенмен біздің бұл күресте жеңіп шығу үшін қосатын ең үлкен үлесіміз үйде отыру екені анық. Жерлестерімді төзімді болуға, шыдамдылық сақтауға және тәртіпке бағынуға шақырамын.

Сағынбай ШОТПАҚОВ,

аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT