Білім саласындағы жаңа форматқа аудан мұғалімдері мен оқушыларымен қатар спортшылар да тез бейімделді.
Ұстаздар қауымымен қатар, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары да қашықтықтан оқытуға көшкен болатын. Спортшылар болса үй жағдайында қолда бар құралдарды пайдаланып, спорттық бабын сақтау мақсатында күнделікті дайындық жұмыстарын жүргізіп отыр. Солардың қатарында апалы-сіңілі Аяулым мен Альбина Елеуовалар бар. Қос спортшы да дзюдо күресінен талай республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпазы атанып жүр.
«Қазіргі таңдағы коронавирус індеті өмірімізге қауіп төндіруде. Оның сақтық шаралары үшін мамандардың айтқанын тыңдауымыз қажет. Қазір бәрі онлайнға көшуде. Сол сияқты біз де Әсет ағай мен Амангелді ағайларымыздың нұсқауы бойынша үйден дайындалудамыз. Жаттығудан қол үзбейміз»,-дейді Аяулым.
Әсет Қабенов, күрес бөлімінің жаттықтырушысы:
- Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты барлық спортшылар үй жағдайында жаттығуларын жалғастыруда. Біз де шәкірттерімізге «Whatsapp» әлеуметтік желісі арқылы тапсырмалар беріп жатырмыз. Әр спортшымыз мүмкіндігіне қарай жаттығуларын жасап жатыр. Бұл үй жағдайындағы жаттығулар спортшыларымыздың спорттық бабын сақтайды деп ойлаймын.
Спорт мектебі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Асқар Алдешовтың мәліметінше, бүгінгі таңда аудан бойынша 800-дің үстінде бала спорттық үйірмелерге қатысатын көрінеді. Бәрі де бүгінгі күні қал-қадірінше жаттығуларын жалғастыруда. Бірі бокс қапшығын ұрып жаттықса, енді бірі белтемірге тартылып, дайындалып жүр. Әр спорт бөлімінің жаттықтырушылары шәкірттеріне теориялық білім беруде түрлі платформаларды пайдаланып отырған көрінеді. Бірақ жаттығуды үй жағдайында ғана жасаумен шектелу – баланың спортқа деген құлшынысын төмендетпесе дейміз.
«Қашықтықтан жұмыс жасау бастапқы кезде қиындық туғызғаны рас. Бірақ, тәртіпке бағынуға міндеттіміз. Сондықтан да шәкірттерімізбен және ата-аналарымен күнделікті кері байланысты ұстап отырамыз. Жаттығу жұмыстары аптасына үш күн болады. «Whatsapp» желісінде боксшылардың чаты бар. Сол арқылы тапсырмаларын беріп отырамыз»,- дейді бокс бөлімінің жаттықтырушысы Мирлан Қайрош.
Айта кету керек, негізінен қашықтықтан оқытудың бір жеңіл тұсы – қатып қалған график жоқ. Яғни, бала қандай жағдайда білім алып, спортпен шұғылданамын десе де еркіндік беріліп отыр.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ