Табиғат тосын мінез көрсетті

Өткен демалыс, яғни 14 желтоқсан күні Махамбет ауданында ауа райының күрт өзгеруі тұрғындарды әбігерге салды. Батыстан соққан қатты желдің екпіні секундына 21 метрге дейін жетіп, бірқатар тұрғын үй мен әлеуметтік нысанға зақым келтірді. Нәтижесінде аудандық емхананың, үш қабатты көп пәтерлі тұрғын үйдің және бірнеше жеке тұрғын үйдің шатырлары ұшып, электр желілері үзілді.

Оқиғаға байланысты аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың төрағалығымен жедел штаб отырысы өтіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және салдарды жоюға бағытталған нақты тапсырмалар берілді. Зақымданған нысандарды қалпына келтіру, алдын ала есептер дайындау және қажетті қаржыны резервтік қордан бөлу мәселелері қаралды. Ал кепілдік мерзімі аяқталмаған ғимараттарды жөндеу мердігер ұйымдардың кепілдік міндеттемелері аясында жүргізілетіні айтылды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бақтыбек Төлегеновтің айтуынша, желдің күшеюіне байланысты кейбір шаруа қожалықтарындағы малшылардың жоғалу деректері тіркелген. 

– Қазіргі таңда ауа райы тұрақталып, жоғалған малшы аман-есен табылды. Сонымен қатар тұрғындар мен қонақтарға 112 қызметінен келетін ескертулерге мұқият болып, қолайсыз кезеңдерде алыс жолға шықпау қажеттігін ескертеміз,- деді Б.Төлегенов. 

Қолайсыз ауа райы мен көктайғақ салдарынан республикалық маңызы бар Атырау – Орал, Атырау – Ақтөбе, Атырау – Бейнеу бағыттарындағы автожолдарда уақытша көлік қозғалысына шектеу қойылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 15 желтоқсан күні барлық білім беру мекемелері онлайн режимге көшірілді. 

Электр желілеріндегі ақауларға байланысты аудан басшылығы оқиға орындарын аралады. Ау¬дан әкімі Қайрат Нұрлыбаев Махамбет ауылындағы жарық сөніп қалған көшелерді аралап, жөндеу жұмыстарының барысын бақылап, тұрғындарға электр қуаты толық қалпына келтірілетінін жеткізген-ді. «Атырау-Жарық» ЖШС мәліметінше, облыс бойынша 105 нүктеде электр жарығының сөнуі тіркелген. Бұған негізінен сымдардың үзілуі мен айқасуы себеп болған. Мекеменің Махамбет ауданындағы 5 бригадасы күшейтілген режимде тәулік бойы жұмыс жүргізіп, жарықсыз қалған елді мекендерге электр энергиясын кезең-кезеңімен қайта қосты. Қазіргі таңда электр желілері толықтай қалыпқа келтірілді. 


Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT