Ауданымыздың білім алушылары шығармашылық бағыттағы жарыстарда белсенділік танытып, облыстық және республикалық деңгейдегі байқаулардан жүлделі оралып жүр. Соның бір айғағы – биылғы «Есенин оқулары – 2025» конкурсында көрсеткен тамаша нәтиже.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Көптілді білім беру» факультеті жанынан құрылған «Орыс тілі, әдебиеті және мәдениеті» орталығының ашылғанына 5 жыл то¬луына орай орыс филологиясы кафедрасы «Есенин оқулары – 2025» атты шығармашылық конкурсын ұйымдастырды. Байқауда жас дарындар поэзия, музыка және көркем оқу бағыттары бойынша өзара сынға түсті.
Аталған додада ауданымыздың намысын қорғаған қос оқушы да үздік нәтижеге қол жеткізді. Д.Төленов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Аружан Жанболатқызы «Живое слово» бағыты бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Оқушының жетекшісі – Ләззат Бекетова. Ал Жалғансай орта мектебінің 10-сынып оқушысы Айнара Нұранқызы «Есенин в музыке» бағыты бойынша І орынға лайық деп танылды. Оның жетекшісі – Дина Абатқызы.
Бұл жетістік аудан мектептеріндегі тіл, әдебиет және өнер бағытындағы білім беру жұмысының жоғары деңгейде жүргізіліп келе жатқанын дәлелдейді. Жас таланттардың алдағы уақытта да өңір намысын абыроймен қорғай беретініне сенім мол.
Қ.БАҚЫТ


