ДОМБЫРАНЫҢ ҚОС ІШЕГІНЕ ҰЛТ РУХЫН СЫЙДЫРҒАН, ҚАЗАҚ КҮЙ ӨНЕРІН ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕ МОЙЫНДАТҚАН БІРТУАР ТҰЛҒАЛАРДЫҢ БІРІ – ҚАРШЫҒА АХМЕДИЯРОВ. ОЛ ҚАРА ДОМБЫРАНЫҢ ҒАЖАЙЫП ҚАСИЕТІН ТУҒАН ЕЛІНДЕ ҒАНА ЕМЕС, ШЕТЕЛ САХНАЛАРЫНДА ДА ТЕҢДЕССІЗ ШЕБЕРЛІКПЕН СӨЙЛЕТЕ БІЛДІ.
Осындай дара өнер иесінің рухына арналған Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік және Махамбет атындағы сыйлықтардың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы, дәулескер күйші, композитор, дирижер Қаршыға Ахмедияров атындағы «Халықтық» атағы бар халық аспаптар оркестрлерінің облыстық фестивалі жоғары деңгейде өтті. Дәстүрлі орындаушылық өнерді сақтау және ұлттық күй мұрасын дәріптеуді мақсат еткен фестивальдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек сөз сөйлеп, Қаршыға Ахмедияровтың өмір жолы мен шығармашылығына кеңінен тоқталды.
– Көпшілік арасында өнер иесін күй Қаршығасы, саңлақ күйші, күй аспанының Қаршығасы, ғасырдың күйшісі деп атауы тегін емес. Қаршыға Ахмедияров қазақ композиторларының күйлерімен қатар әлемдік музыкалық туындыларды домбырамен шебер орындай білді. Бойында Сейтектің сынығы, Махамбеттің өрлігі бар оның күйлерін халқы әрдайым ерекше ықыласпен тыңдады. 1981 жылы АҚШ сахнасында өнер көрсеткенде шетелдік тыңдарман қазақтың Қаршығасын сахнадан жібермей, зор қошемет білдірген. Ол гастрольдік сапармен әлемнің көптеген елдерінде болып, қазақтың қара домбырасының үнін жаһанға танытты. Бүгінгі фестивальге қатысушы оркестр ұжымдарына сәттілік тілеймін,- деді Махамбет Ербөлек.
Атаулы шараға Қаршыға Ахмедияровтың жұбайы Нұрбике Жұмағалиқызы мен ұлы Ерболат құрметті қонақ ретінде шақырылды. Олар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, күйшінің өмір жолы мен әлем сахналарында орындалған таңдаулы күйлері жайында естеліктерімен бөлісті. Нұрбике Жұмағалиқызы Қаршыға Ахмедияровтың ғұмыры мен шығармашылығы қамтылған кітапты аудан әкімдігіне табыс етті.
Фестиваль аясында биыл туғанына 180 жыл толып отырған ұлы ақын, философ, сазгер Абай Құнанбайұлы мен күйші-композитор, дирижер, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойлары кеңінен насихатталды. Фестиваль шартына сәйкес қатысушы оркестр ұжымдары Қаршыға Ахмедияровтың «Мұнайшы Ақжелең» күйін міндетті түрде орындап, сонымен қатар Абай Құнанбайұлының бір шығармасын және Нұрғиса Тілендиевтің ережеде көрсетілген туындыларының бірін көрермен назарына ұсынды.
Өнер додасына Махамбет аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйі жанындағы «Атамұра» халықтық ұлт аспаптар оркестрі, Индер мен Мақат аудандарынан Рысбай Ғабдиев атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрлері, Исатай аудандық халықтық ұлт аспаптар оркестрі, Атырау қаласындағы Мәкәлім Қойшыбаев атындағы саз мектебінің халықтық ұлт аспаптар оркестрі, Құрманғазы ауданынан Төлеген Ахметжанов атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі және Жылыой ауданындағы «Кең Жылыой» мәдениет үйі жанындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі қатысып, күй өнерінің көркем үлгілерін көрермен назарына ұсынды.
Қазылар алқасы құрамында «Құрмет» орденінің кавалері, ҚР Мәдениет қайраткері, профессор Сәлімгерей Садықов, ҚР Мәдениет қайраткері, доцент Қуанышқали Кипиев және ҚР Мәдениет қайраткері Талғат Камалиденов болып, өнерпаздарға әділ бағасын берді. Фестиваль соңында оркестр дирижерлеріне арналған шеберлік сағаты өткізіліп, барлық қатысушы ұжымдар сертификаттармен, арнайы тақырыптық статуэткалармен және 150 мың теңге көлеміндегі ақшалай жүлдемен марапатталды. Сонымен қатар аудан әкімдігі тарапынан Нұрбике Жұмағалиқызына сый- құрмет көрсетілді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ


