Таңдайлық жанұя: «Бір шаңырақта – отыз жыл»

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫМЕН ҚАТАР ОТАУ ҚҰРҒАНДАРЫНА 30 ЖЫЛДЫҚ ІНЖУ ТОЙЫН ТОЙЛАП ОТЫРҒАН ОТБАСЫЛАР АЗ ЕМЕС.

АУДАНДЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ, ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ЖӘНЕ АЗАМАТТАРДЫҢ ХАЛ АКТІЛЕРІН ТІРКЕУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ З.БОЛАТОВАНЫҢ БЕРГЕН МӘЛІМЕТІ БОЙЫНША, 1991 ЖЫЛЫ 218 НЕКЕ ТІРКЕЛІП, 643 ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСЫ ӨМІРГЕ КЕЛГЕН ЕКЕН. АТАУЛЫ МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА, 1991 ЖЫЛЫ 12 МАУСЫМДА ШАҢЫРАҚ КӨТЕРГЕН ТАҢДАЙЛЫҚ ӘБЕНОВ РАХМЕТЖАН МЕН НӘУТИЕВА ГҮЛМИРАНЫҢ ОТБАСЫ ТУРАЛЫ АЙТПАҚПЫЗ.

Отыз жыл бойы бір жастықты жастанып, қиын белестерден қол ұстасып бірге өткен Рахметжан аға мен Гүлмира апаның таныстығы былай басталған.

- Ол кезде Гүлмира 18 жаста болатын. Гурьев пединститутының музыкалық факультетінің студенті. Гүлмираның ағасы Жандарбекпен бірге оқып, екеуміз сыныптас әрі дос болдық. Тағдырдың жазуымен ол үш жыл бұрын өмірден өтті. Сөйтіп, сөйлесіп жүріп, сөзіміз жарасып, үйленуге шешім қабылдадық. Екеуміз де көпбалалы отбасында өскенбіз. «Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, ол кезде үйленудің өзі оңайға соқпағанын жасырмаймыз. Басымыздан біраз қиындықтар өтті. Бірнеше айлап жалақы алмайтын кездер де болды. Жұмыстың жақсы-жаманы деп таңдағанымыз жоқ. Кеңшарда әр түрлі қызмет атқардық. Отбасы болғаннан кейін өмірге ұрпағың келеді. Оларды асырау – ер азаматтың міндеті. Әлбетте, еңбек етемін дегенге екі қолға бір күрек табылады. Қарап отырмай, мал-егін шаруашылығымен де айналыстық. 2004 жылдан бастап күні бүгінге дейін «Сазанқұрақ» мұнай компаниясында мұнай өңдеу бөлімінің операторы қызметіндемін. Жұбайым Гүлмира –Таңдай ауылдық мәдениет үйінің қызметкері. Бүгінде түйе шаруашылығын қолға алып, кәсібіміздің нәсібін көрудеміз, - дейді Рахметжан Әбенов.

Таңдайда 1980 жылдары отбасылық Әбеновтер ансамблі құрылып, талай мәрте аудан, ауыл сахналарында отбасылық ән кешін өткізгенін бірі білсе, бірі білмес. Бұл өнерлі отбасының әлі күнге басы біріге қалса, ортаны тамаша әндермен әрлейтін әдеттері бар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Ата – ана балаларына қандай тәрбие берсе, ертең ол бала өскенде сол тәрбие арқылы өмірдің жаңа баспалдақтарынан өтеді.

- Әкем мен анам өмірге 5 ұл, 5 қыз әкеліп тәрбиелеп, өсірді. Барлығымыздың да білім алып, мамандық игеруімізге жағдай жасады. Ұядан ұшқан әрбіріміз еліміздің әр саласында абыройлы еңбек етудеміз. Мен де әкемнің осы ұстанымын басты бағдарым етіп, ұл-қызымның өмірдің бір кірпіші болып қаланып, өзі қалаған кәсіп иесі атануына баса мән бердім. Аллаға шүкір, Гүлдана, Айтөре, Айкөркем қыздарымыз бен Амангелді ұлымыз әр түрлі мамандық иелері атанып, бүгінде қыздарымызды қияға, ұлымызды ұяға қондырдық. Ақсәуле атты қызым студент, кенжеміз Айзере 3 сынып оқушысы, - дейді көпбалалы әке.

Ел Тәуелсіздігінің торқалы тойымен қатар, отау құрғандарына 30 жыл толған берекесі мен бірлігі жарасқан Әбеновтер отбасы бүгінде көпке үлгі болып отырған шаңырақтардың бірі.

 

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT