Биыл Қазақ елі Тәуелсіздіктің отызыншы жылына қадам басып отыр.
Мыңдаған ғасырлар бойы жаугершілікпен ғұмыр кешкен, жан-жақтан анталаған дұшпандардан ұлан-ғайыр жерін қорғап, кейінгі ұрпаққа аманат еткен қазақтай төзімді, рухы биік халық жер бетінде кем де кем. Қарсы келген қара ниеттіні ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен алып ұрған ата-бабаларымызды қара күшпен жеңе алмасын түсінгендер қолдан аштық жасап, індет таратып, қазақтың санын азайтуға, арыстарына жала жауып, жоқ қылуға бар күштерін салды. Осындай қитұрқы әрекеттерге қарамастан «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы еркіндік сүйгіш жігерінің, асқақ рухының арқасында қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында түп шежіресі сонау түркілерден бастау алатын халқымыздың тарихынан бастап тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еңсемізді қалай тіктеп, іргемізді қалай бекіткеніміз, атабабаларымыздың қанымен келген тәу етер тәуелсіздігіміздің туын құлатып алмай қалай желбіреткеніміз туралы сыр шертеді.
Елбасының мақаласында айтылған салиқалы сөздер жас ұрпаққа айтылған өнегелі өсиет деп есептеймін. Елбасы өз мақаласында: «Адамзат тарихында ең қанды қырғын ретінде енген екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі – Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері, бала болсам да әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Сәби кезімді еске алғанда әр үйден майданға аттанған ағаларым, еразаматының орнын жоқтатпай, бел шешпей еңбек еткен аналарым мен жеңгелерім, қаршадай күнінен өгізге жегілген соқамен жер жыртып, масақ теріп, еңбекпен көзін ашқан қатарластарым еске түседі. Менің еңбек тақырыбына жиі оралатынымның бір сыры да балалығын соғыс ұрлаған сол ауыр күндерден қалған естелікте болса керек» деп еске алады. Елбасы айтып отырған балалығын соғыс ұрлаған, оқуды тастап, ерте жастан еңбекке араласқан толқын – ол біздің аталарымыз бен әжелеріміз.
Біз сұм соғыстың тигізген зардабынан оқу оқитын мүмкіндіктері болмай, колхоздың жұмысын жасап, майданға керек-жарақты дайындап, тылда жүріп жеңіске үлес қосқан ата-әжелеріміздің әңгімесін естіп өскен, КСРО ыдырап, еліміз тәуелсіздігін жариялап, егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдардағы қиындықтарды көріп өскен ұрпақпыз. Өйткені, біздің балалық шағымыз егемендіктің елең-алаң шағына тап келген еді. Тап осы елең-алаң шақ туралы Елбасы былай дейді: «Кеңес Одағы сынды алып империя өткен ғасырдың 70-жылдары тарихшылар қауымы «тоқырау» деп айдар таққан күрделі кезеңге аяқ басты. Тек жоғары билік бекіткен жоспар мен қосып жазуға негізделген кеңестік экономика, жалаң ой, жадағай пікірлі коммунистік идеология қоғам дамуын тығырыққа тіреді. Тоқырау кезінде ел экономикасы мүшкіл халге ұшырады. Мен Қазақ КСР Үкіметінің басшылығына тағайындалған 80-жылдары жағдай тіпті асқынып тұрған болатын. Экономикалық базис жасалмай, асығыс басталған «бетбұрыс» жылдар бойы қордаланған проблемаларды одан әрі өршітіп, шарықтау шегіне жеткізді».
КСРО құлағаннан кейін өзге мемлекеттер секілді Қазақстан да өзінің Президентін сайлап, тәуелсіздігін жариялады. Экономиканың тоқырауға ұшырауы жұмыстың азаюына, тамақтың тапшылығына алып келді. Ұн атымен жоғалып, дүкендерде екі наннан артық сатылмайтын жағдайға жетті. Осы кезеңде көптеген отбасылар таршылық көргенін, елде өмір сүрудің қиындап кеткенін бала болсақ та сезініп өстік. Бірақ бұлардың барлығы да уақытша қиындықтар еді. Өйткені, қазақ халқы өзінің көшбасшысын дұрыс таңдай білді. Тұңғыш Президент ретінде ел тізгінін қолына алған Нұрсұлтан Әбішұлы Ата Заңымызды енгізіп, төл теңгемізді айналымға шығарды. Еліміздің шекарасын шегендеді. Құлдырап қалған экономиканы аяғынан тік тұрғызды. Бір күндігін ғана ойламай болашақ ұрпақ ештеңеден тарылмауы үшін Ұлттық қор мен алтын-валюта қорын жасақтады. Елбасы теңдесі жоқ ядролық қаруға ие бола тұра, атом қаруынан өз еркімен бас тартып, бүкіләлемдік қарусыздану көшін бастады. Қиын-қыстау заманда дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашырап кеткен қандастарымызды елге қайтарды. Экономикалық жаңғыру, инфрақұрылымды жаңарту және шикізатқа тәуелділіктен құтылуға басты назар аударды. Осылайша Қазақ елінің тәуелсіздігін әлемге мойындатты.
Елбасының «Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын» дейді. Расында да тәуелсіздігіміздің ең басты тағылымы жаңа Астана тұрғызу идеясы болғаны анық еді. Елорда – ұлттық тарихымыздың жаңа шынайы шежіресі, мақтанышы, тәуелсіздіктің символы. Жаһандық мәселелер талқыға түскен ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы, «ЭКСПО-2017» көрмесі секілді маңызды шаралардың бас қаламызда өтуі астанамыздың Орталық Азия өңірінің туристік астанасына айналып келе жатқанының көрінісі екені сөзсіз. Соңғы екі жылда әлемді шарпыған індет біздің елімізді де есеңгіретіп кеткені шындық. Қауіптің қара бұлты әлі де сейілер емес. Жақында Нобель сыйлығының лауреаттары пандемияны екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен апат деп бағалап, әлем халқын бірігіп күресуге шақырды.
Елбасы мақаласында осыдан 30 жыл бұрын ең бай мемлекеттердің әскери-соғыс мақсатындағы шығындарының 1%-ын бөлу арқылы төтенше апаттарға қарсы күресудің халықаралық қорын жасауды ұсынғанын айтып отыр. «Дәл сол кезде мен ұсынғандай қор жасалса, пандемия жағдайында кедей елдерге коронавируспен күресуге және оның зиянды зардаптарын жоюға мол мүмкіндік туар еді» дейді. Осыдан кейін көшбасшымыздың кемеңгерлігіне қалай күмән келтіруге болады. Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласынан тәу етер тәуелсіздігімізді сақтап қалу, оны дүниежүзіне мойындату, отыз жылдың ішінде дамыған елдердің қатарына қосу оңай болмағанына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бұл мақала бізге өнеге, келешек ұрпаққа тарих болары сөзсіз. Жер үшін жанын берген атабалаларымыз армандаған азаттығымыздың қадірін білу – әр қазақстандықтың міндеті. Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік болсын!
Ринат ЖАНҚЫЛЫШ,
Махамбет ауданының әкімі