«Таңдайдың трассасы» аталып кеткен тасжол - Атырау облысындағы Махамбет пен Исатай аудандары арасын жалғап тұрған трасса. Алайда тозығы жеткен бұл жолмен көршілес ауданға қатынау қиынның қиыны.
Облыс әкімі Серік Шапкеновтің Махамбет ауданы халқымен болған кездесуінде тұрғындар осы жолды жөндеуді ұсынды.
«Исатай ауданымен көршіміз. Үш рет қосылып, үш рет бөлінген бұл аудан халқымен екі үйдің біріндей араласып тұтамыз. Бір әттегенайы - қос аудан арасындағы тасжолдың жағдайы мәз емес. Көптен көңіл бөлінбей келген осы жолды жөндеуді алдағы жылы жоспарға енгізеңіздер екен» деді ауыл атынан ұсынысын жеткізген тұрғындардың бірі.
«Қателеспесем, бұл мәселені Нұрлан Ноғаев мырза әкім болып тұрған кезінде қозғаған болуы керек. Жақын күндері облысымызға Индустрия министрі келеді. Сонда жоспарларды нақтылап, осы жолды да жөндеуді ұсыныс ретінде айтатын боламыз» деп жауап берді облыс әкімі.
ATPress.kz