Аудандағы іргелі білім ошақтарының бірі Есенбай Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің 11 сынып оқушылары өздері білім алған мектептеріне ерекше тарту жасады.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, «Тарихи тұлғалар тағылымы» жобасы аясында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Марта Қабдрахманова мен Мөлдір Саламаттың ұйымдастыруымен өткен «Түлектер тартуы» шарасы барысында білім ұясымен биыл қоштасатын шәкірттер бір-бір ағаш көшетін әкеліп, мектеп ауласына отырғызды. Оқушылар балдәурен балалық шақтарының ең қызықты сәттерін өткізген алтын ұяларына естелік етіп егіп қалдырған ағаш көшеттері санаулы жылдардан соң жайқалған баққа айналарына сенімді.
– Теңдессіз тәжірибе мен естеліктер сыйлап, бойыма пайдалы қабілеттерді дарытқан аяулы мектбім менің «екінші үйіме» айналды. Бірнеше жылдан кейін мектебімізге келген кезде бұл жас көшеттер үлкен жеміс ағаштары болып қарсы алатыны сөзсіз. Осы көшеттер секілді біздер де биікке ұмтылатындығымызға сенімім мол. Бүгін біз отырғызған жас көшеттер – туған үйімдей болған мектебіме деген шынайы алғыс мен сүйіспеншілігімнің белгісіндей, – деп бөлісті жас түлек, «Алтын белгі» иегері Сабина Сабыржан.
Оқушылардың бойына экологиялық тәрбиені дарытып, мектеп ауласын көркейту бағытында өткен шара барысында 20-дан астам түрлі жеміс көшеттері егілді. Алғашқы сыныбын үлкен өмірге қадам бастырғалы тұрған жас мұғалім Дина Қабенованың сөзінше, мұндай шаралар оқушылар үшін де, ұстаздар қауымы үшін де маңызды.
– «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген қазақта керемет сөз бар. Өздері білім алған мектептеріне тарту жасаған оқушыларыма ризамын. Акция кезінде ерекше құлшынысыпен еңбек еткен оқушылардың тындырымды тірлігіне тәнтімін. Оларға санаулы күндерден кейін қадам басар үлкен өмірде сәттілік тілеймін. Жақсы, білімді, білікті маман атанып, еліміздің дамуына үлкес қосатындықтарыңызға сенім білдіремін.- дейді Д.Абатқызы.
Тал тамырын тереңге жайып қанша жыл тұрса, сонша уақыт жұртқа сая әрі сауапты болары хақ. Айналаны көгалдандырып, оқушыларды мәдениеттілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында өткізілген шараны ұйымдастырушылар біраз жыл бұрын мектепті тәмамдаған түлектерге үндеу жасады.
– Осы жоба аясында барлық мектеп түлектеріне үндеу жолдағымыз келеді. Білім ошағымен қоштасқандарына 10, 20, 30, 40 жыл толып отырған түлектерді «Түлектер тартуы» атты акциямызға белсенділік танытып, игілікті іс жасауға шақырамыз,-дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.Саламат.
«Түлектер аллеясына» ағаш егу – қоршаған ортаға деген қамқорлық қана емес, сонымен қатар мектепте білім алған жергілікті азаматтар жайлы жақсы естелік екені сөзсіз. Айта кету керек, биылғы жылы Е.Ағелеуов атындағы орта мектептен 48 оқушы түлеп ұшып, үлкен өмірге қанат қақпақшы. Олардың арасында «Алтын белгіге» үміткер жалғыз оқушы бар.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ