Аталған жәрмеңкеге Атырау қаласының және аудан көлеміндегі жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтар келіп, өз тауарларын арзан әрі қолжетімді бағада ұсынды.
Бұған дейін аудан орталығында өткізіліп келген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне келушілер күз мезгілінің алғашқы айында, алғашқы сенбісінде Таңдайға қарай бет алды. Тоқсан жылдық тарихы бар, ауданның экономикалық тұрғыда алға жылжуына септігін тигізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерімен облыс халқын қамтып отырған шаруашылық иелерінің басы қосылған ауылда жәрмеңкені ұйымдастыру – ауылдық округ әкімі аппаратының, аудан әкімдігінің бастамасымен қолға алынды.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 15-ке жуық кәсіпкер таңмен таласа келіп, әкелген өнімдерін лезде өткізіп жатты. Әсіресе, «Дибдиева» шаруа қожалығының картоп, сәбіздерін жұрт қап-қабымен көтеріп әкетті. Картоптың келісі 150 теңгеден саудаланса, сәбіздің келісі – 100 теңге. Егінмен қатар мал шарауашылығы жа дамыған ауылдың халқы қысқа етті дайындап қойса керек, етке деген сұраны көп бола қоймады. Еттің келісі 2000-2300 теңгеден саудаланды. Сүт өнімдері, киім-кешек, тұрмысқа қажетті тауарлар да осы жәрмеңкеден табылды.
Ауызбірішілігі мықты ауылдың мерейтойы ғылыми-практикалық конференциямен, ұлттық спорт түрлерінің дәріптелуімен жалғасады деп күтілуде.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ