Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің режиссері Элеонора Пайзуллаеваның ұйымдастыруымен телевизиялық бағдарламаның баламасы ретінде өткізілген шарада қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысының өмір жолы айтылды.
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, көрнекті қоғам қайраткері, көсемсөз шебері, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын, аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай өткізілген шара форматының ерекшелігімен, кеш жүргізушісінің ақын жөніндегі тың мәліметтерді жинақы беруімен есте қалды.
Кеш қонағы, Д.Төленов атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің зерттеуші мұғалімі Лиза Қайырғали ғалымның тіл білімі саласындағы ерен еңбегі туралы тереңірек тарқатып берді. Ахмет Байтұрсыновтай ұлы тұлғалар күресіп өткен қазақ тілінің бүгінгі жағдайы, жастар арасында жаргон сөздердің көп қолданылуы, тіл тазалығын сақтау турасында өз ойын білдірген «Жайық шұғыласы» газетінің тілшісі Қ.Айтқалиев пен «Өнерпаз» мәдениет үйінің қызметкерлері Ж.Қадыржанқызы, Д.Ғасырбек, М.Сүндетқалиевтер арасында пікірталас ұйымдастырылды.
«Туған тіліміздің келешегі мен келер ұрпаққа саф алмастай таза күйінде жетуі – сіз бен біздің қолымызда» деп қорытындыланған әдеби-танымдық кешке қатысқан аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы А.Қайырғалиев 5-қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күнімен, Ахаңның мерейтойымен жиналғандарды құттықтап, бір топ тіл жанашырына аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Әдеби-танымдық кеште ақынның «Маса», «Қазақ қалпы», «Егіннің бастары», «Жұртыма» өлеңдері оқылып, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ