Батысаймақтық турнирдің жеңімпаздары 3 миллион теңге сыйақы алды

Дауылпаз батырлар мен дүлдүл ақындардың, дәулескер күйшілердің тарихи мекені Атырау жерінде, аңғаз Махамбет топырағында, ән мен жырға арқау болған ару Жайықтың жағасында алты алашқа сауын айтқан ұлы думанда аламанға ат жаратып, көкпарға қиқу қосқан ағайын даладағы дүбірге елең етіп, делебесі қоза жөнелді.

151feebc-1c9d-45b8-89eb-71e9e09436b2

Жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін қалыптастыратын, аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын командалық көкпар ойынына Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан, барлығы 8 команда қатысты.

– 15 жылдан аса уақыттан бері көкпар командасындамын. Бүгінгі жарысқа облыстық спорт мектебінің басшысы Ерболат Байбатыров бастап келді. Осы спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет етемін. Бүгінгі жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Командалардың дайындығын жоғары деңгейде болды,- дейді Батыс Қазақстан көкпар командасының жаттықтырушысы Ақтілек Сәрсенов.

Көкпар ойынында Ақтөбе облысының қос командасы ақтық сында кездесіп, өзара мықтыны анықтады. Ақтөбе қаласының ат ұстарлары жақсы өнер көрсетіп, Шұбар ауданының «Темір» командасын ірі есеппен жеңіп, бірінші орынды жеңіп алды. Үшінші орынды Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласының командасы иеленді.  Жеңімпаздарға демеушілердің қолдауымен арнайы сыйлықтар мен қаржылай жүлде табыс етілді. Бірінші орынға 3 миллион, жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінген командаға 2 миллион, үшінші орын иегеріне 1 миллион теңге ұсынылды. Сондай-ақ, «Үздік сәйгүлік» аталымы Орал қаласы командасындағы «Нұрқасқаға» бұйырып, жүйрікті тізгіндеген шабандозға 250 мың теңгелік сертификат ұсынылды. «Үздік шабандоз» аталымымен ақтөбелік Бердіғали Жакишев марапатталды.

5e1a659a-3edf-424d-b750-f0db6552e9bb

– 2006 жылы жасақталған көкпар командамыз ел чемпионаттарына қатысып жүр. Жалпы ұлттық спорт біздің облыста қарқынды түрде дамып келеді. Теңге ілуден Қазақстанның 10 дүркін чемпионы, Азия чемпионы шықса, бір ақтөбелік аударыспақтан әлемді бағындырса, енді бірі Азия чемпионы атанды. Көкпар спорты да жылдан-жылға қарқын алып келе жатыр. Бүгінгі жеңісіміз – соның дәлелі,- дейді Ақтөбе көкпар командасының жетекшісі Асылбек Қабыланов.

21437eaa-2112-4560-9143-929708b39aa0

Атырау облысының көкпар федерациясының президенті Амангелді Мерей және Қазақстан Республикасының жоғары дәрежедегі ұлттық спорт түрлерінің төрешісі Рахат Орындыбаев шараны өткізуге септігін тигізген спорт жанашыры, облыстың әлеуметтік саласының, экономикасының дамуына белсене ат салысып жүрген меценат Ибрагим Акдрашев пен компания директоры Рашид Отаровтың иығына қазақтың салтына сай шапан жапты.

 

Қазбек Айтқалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT