Таңдай ауылының 90 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

Бақсай ауылдық округінің орталығы Таңдай ауылының құрылғанына 90 жыл толуына орай ғылыми-практикалық конференция өтті. Шарада ауылдың өткен тарихы айтылып, оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді.

a17c7dc8-47d7-49d3-bca6-9728e720146e

1932 жылы мамырында Қазақ атқару комитетінің қаулысымен №14 Гурьев кеңшарының негізінде №5 Бақсай кеңшары дүниеге келді. Шаруашылық қызметкерлерінің өз істеріне деген адалдықтарының нәтижесінде «Бақсай» қаракөл совхозы 39-шы жылдың өзінде тек Қазақстанда ғана емес, Кеңес Одағы көлемінде атағы шықты. 90-жылдардың ортасына дейін гүрілдеп тұрған кеңшар нарықтық экономиканың талаптарына жауап бере алмауынан 1997 жылы өз жұмысын тоқтатып, таратылды. Кейін ауыл халқы кәсіпкерлікке бет бұрып, шаруашылық құрды. Бүгінгі таңда ауылда 168 шаруа қожалығы, 9 кәсіпкерлік нысан, 19 кәсіпкер бар. Таңдайдың киелі топырағынан Мұқтау Ідірісов, Пангерей Бердешов және Махамбет Есенбаев есімді Социалистік Еңбек Ерлері, дүлдүл күйші Қаршыға Ахмедияров, «Атыраудың №1 айтыскер ақыны» Жәниба Қарасаевалар шықты. Шаруашылықты өркендету бағытында жұмыс атқарған Зинеш Сауықов, Оңайбай Көшеков, Амангелді Салақов, Мәндірғали Оразғалиев, Ахат Тәлтеновтердің де еңбектері осы шарада айтылды.

55acac3c-dd7e-47ba-9c66-aa48aaeafe0e

– Сіздерді өңіріміздің өсіп-өркендеуінде өзіндік үлесі бар Таңдай ауылының құрылғанына 90 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын. Ежелден ынтымағы жарасқан, қазақы салт-дәстүрімен танылған жерден талай марқасқалар шықты. Тәуелсіздік алғаннан кейін әр ауыл жаңарып, жасампаздыққа бет бұрды десек, солардың ішінде Таңдай ауылы да бар. Соңғы жылдары бой көтерген әлеуметтік нысандар, атқарылып жатқан түрлі шаралар – осының айғағы. Егін және мал шаруашылығын дамыту ісінде, кәсіпкерлік саласын өркендетуде сіздердің еңбектеріңіз орасан. Ел іргесі бүтін, жұртымыз тыныш болсын!,- деген аудан әкімінің орынбасары С.Ертілеуқызы бірқатар ауыл азаматтарына аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.

05088843-fdf2-492a-9ef8-184243194aa5

Ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан облыстық мәслихаттың хатшысы Әлібек Нәутиев, аудандық мәслихаттың хатшысы, 4 жыл 28 күн Бақсай ауылдық округінің әкімі қызметінде болған Қайыржан Мәжиев те ауыл азаматтарын министрліктің, облыс әкімінің және облыстық, аудандық мәслихаттың құттықтау хаттарымен марапаттады. Таңдай ауылының дамуы жолында маңдай терлерін төге еңбек еткендерге «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін», «Облыстың ардақты ардагері», «Ардақты ана» төсбелгілері табысталды. Сонымен қатар «Георгий Канцев атындағы медаль», «Мәслихаттардың 25 жылдығы» және «Хиуаз Доспанова атындағы мерекелік медаль» да таңдайлықтар кеудесінде жарқырады.

ac23a97c-eef7-4dcc-8f99-f2d05105d2f8

Мерейтойға орай жарық көрген «Таңдайым – тал бесігім» атты жаңа кітаптың таныстырылымы өтті. Сонымен қатар Бақсай ауылының 90 жылдық мерейтойын ұйымдастырушылар тарапынан ауыл ардагерлеріне сый-сияпаттар ұсынылды. Шара соңы «Ауыл таңы» эстрадалық ансамблінің сазды бағдарламасына ұласып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521