Жалпы адамзат тарихында сыбайлас жемқорлықпен күрес ауыр да күрделі дерт екені жасырын дүние емес.
Демек, бұл ауыр дертпен бар күш-жігерімізді салып күресу, түп тамырымен жою әрбір қазақстандықтың басты міндеті дегенді айтқым келеді. Мемлекеттік міндеттерді атқаратын, сондай-ақ соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттілігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып, не мүліктік пайда алу үшін олардың өкілеттіктерін өзгеше пайдалану, жеке өзі немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды заңсыз беру арқылы оларды сатып алу сыбайлас жемқорлық болып есептелетінін айта кеткім келеді.
Осы бағытта «Атырау адалдық алаңы» Махамбет аудандық жобалық кеңсесі өңірде тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында ауданымызда жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдаулары әр аптаның сәрсенбі күні «Ашық әкімдік» ғимаратында өткізіледі. Тұрғындар Адалдық алаңы аясында және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарымен жүгіне алады. Күні бүгінге дейін аудан әкімімен 13 қабылдау өткізіліп, 94 тұрғынды қабылдап, жауаптары берілді. Мемлекет басшысы өткен жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ортақ міндет-«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды тапсырды. Махамбет аудандық әкімдігі жанынан аудандық ақпараттық үгіт-насихат штабы құрылды. Үгіт-насихат штабының басты мақсаты – тұрмыстық жемқорлықтың алдын-алу.
Әр аптаның сәрсенбі күні «Махамбет ауданы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен ZOOM бағдарламасы арқылы «Тұрмыстық жемқорлықтың алдын-алу» тақырыбында барлық санитарлық талаптары сақталып жиналыс өткізілуде. Жиналысқа аудандық ақпараттық үгіт-насихат штабының мүшелері, «Атырау адалдық алаңы» Махамбет аудандық жобалық кеңсесінің өкілі А.Сирашев және аудан тұрғындары қатыстырылуда.
Жиналыста Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылатындығы айтылады. «Antikor.Live» жобасы аясында халықпен кедергісіз байланысты орнату, азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне сенім арттыру, парасаттылық идеологиясын насихаттау мақсатында Махамбет ауданының Facebook әлеуметтік желісінде жергілікті мемлекеттік органдар басшылары, өңірге танымал, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен тікелей эфирлер де өткізілуде.
Бүгінде 2021 жылы өз жұмыстарын жалғастырған «Атырау-адалдық алаңы» Махамбет аудандық жобалық кеңсесі қаңтар айында аудан тұрғындарының арыз-шағымдарына байланысты ауданымыздағы «Дос», «Берекет», «Молшылық», «Әділжан» азық-түлік дүкендерінің 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын бақылау мақсатында Махамбет аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, аудандық мәслихат депуттарымен және қоғам белсенділерімен бірлесіп, мониторинг жұмыстарын жүргізді.
Мониторинг барысында бүгінгі күні аудан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің шектік бағалары тұрақтылығы және сөрелердегі азық-түлік бағаларының жазылмағандығы анықталды. Аудан кәсіпкерлеріне аталған кемшілікті қалыпқа келтіруге және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне жататын өнімдердің бағасын көтермеу жөнінде негізсіз баға өсімі болған жағдайда Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес жауапкершіліктер көзделгені жөнінде түсінік жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылдың 13 наурызында «Атырау адалдық алаңы» Махамбет аудандық жобалық кеңсесі аудан көлемінде Коронавирус індетінің таралуына байланысты аудандық емханасындағы дәрі қоймасына мониторинг жұмысын жүргізген болатын.
Тексеріс барысында емханадағы дәрі қоймасындағы індетке байланысты дәрілер 2 айдан аса уақыттан аса мерзімге жеткілікті екендігі анықталды. Жобалық кеңсе алдағы уақытта аудан тұрғындарының арыз-шағымдарына байланысты аудан әкімдігімен бірге халық пен биліктің ашықтығын қалыптастыру мақсатында аудан әкімдігімен қоғамдық қабылдаулар өткізіп,аталған мәселелері бойынша қоғамдық бақылаулар жүргізіп отырады.
Қоғамымыздың індеті, сыбайлас жемқорлықпен күресу тек жеке адамдардың немесе жекелеген топтардың ғана емес, мемлекеттік органдардың, үкіметтің, жалпы қоғамның басты міндеті мен борышы. Осыны адал орындау үшін әрбір лауазым иесі өзінің жан дүниесін ұдайы таза ұстауы қажет. Тек сонда ғана оларға қарапайым халықтың сенімі артып, қоғам түзелер еді. Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты.
Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі сыбайлас жемқорлықпен күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.
Ринат ЖАНҚЫЛЫШ, аудан әкімі