Қазіргі таңда қоғам алдындағы ең өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Бұл келеңсіз құбылыстың белең алуы ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізіп, көпшілікті алаңдатпай қоймайды. Тереңірек үңілер болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке зор қауіп төндіретінін аңғарамыз. Сондықтан аталған келеңсіздікпен күресу – барша халықтың алдында тұрған ортақ міндет екені анық.
Мемлекет дамуына қиянат жасағандарды ата-бабаларымыз қатаң сынға алған. Қазақ халқы қашанда әділдік пен турашылдықты ту еткен. Бұған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды би-шешендердің өнегелі өмірі мен ел басқарудағы ұстанымдары айқын дәлел бола алады. Олар әділ сөз айтып, қоғамдағы тәртіп пен бірлікті сақтауға ерекше мән берген.
Сыбайлас жемқорлық заман ағымымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаржы мен қоғамдық бәсекелестік орын алған ортада тамырын тереңге жайып отырған кеселдің бірі. Өкінішке қарай, бұл індет дамушы елдермен қатар, біздің мемлекетімізге де айтарлықтай зиянын тигізіп келеді.
Бүгінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң талаптарына сәйкес, жемқорлықтың алдын алу бағытында түрлі салада жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен халық парақорлық дертімен әлі де жиі бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесу үшін қоғам болып, белсенділік таныту аса маңызды.
Қоғамдағы көкейтесті мәселеге, өзекжарды проблемаға айналған сыбайлас жемқорлықты ел ішіне білдірмей енген қауіпті індет деуге болады. Өркениетті қоғам құруды мақсат еткен, өз ортасын құрметтейтін әрбір азамат мемлекеттік тәртіпті нығайтуға, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі болуы тиіс. Бұл – әр азаматтың азаматтық борышы.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Адалдық пен әділдікті өмірлік ұстанымға айналдырған жағдайда ғана біз заң үстемдігі орнаған, болашағы жарқын қоғам құра аламыз.
Данияр Құрманғалиев,
Бақсай ауылдық округі
әкім аппаратының бас маманы


