«Он баланы асырау үшін Астраханға балық апарып сатып, түскен ақшаға тамақ әкеліп сататынмын»,- дейді «Алтын алқа» иегері.
«Айгүл» сауда орталығында көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жеке кәсіпкер Сұлушаш Қайреденованы сауда саласының ардагері деуге болады. Ол кісі 1942 жылы өмірге келіпті. Сұлушаш апа ұзақ жылдар бойы «Жалғансай» совхозында сушы, егінші болып, қызмет етіп, сол жерден зейнеткерлікке шыққан.
Саудаға келуі жөнінде апай былай дейді: «Сонау қиын кез 90-шы жылдары саудаға шықтық қой. Мен талай рет Астраханға балық апарып сатып, түскен ақшаға тамақ әкелдім. Халыққа қажетті секер, өсімдік майын, кір сабындар арқалап әкеліп, сатқанымыз есімде. Жалпы мен сауданы ұсақ-түйек сатудан, атап айтқанда сағыз, шемішке, бахус, сникерс кәмпиттер сатудан бастағанымды айтсам деймін. Киелі Маңғыстау өңірінің Бейнеуінен тарыталқан, қаймақ, шемішке майды бетондап әкелгенімізді қалай ұмытайын. «Сауда сақал сипағанша» дегендей, тауарымыз лезде таусылып қалатын. Әкелген заттарды жұртшылық пышақ үстінде бөліп әкетуші еді. Отбасындағы он баланы солай асырадық қой тамақ сатып»,-дейді «Алтын алқа» иегері Сұлушаш анамыз.
Өмір бір орында өзгеріссіз тұрмайды. Сұлушаш анамыз шаңырақты шаттыққа бөлеп, ұл-қыздары өмірге келгенін айтады.
«Осының өзі бізге көл-көсір қуаныш сыйлады. Балаларым еш таршылық көрмесін деп саудаға шыққаным да сол. Солай еңбек етіп, тірлік кештік. Ештеңеден кем болған жоқпыз. «Ұл-ырыс, қыз-өріс» демей ме? Сол 10 ұл-қызым өсіп-өніп, өмірден өз орнын тапты, бір-бір шаңырақ иесі атанып отыр. Ана үшін осыдан артық бақыт бар ма?» дейді ол бізбен әңгімесінде.
Мына алмағайып заманда дүниенің бәрі көзді ашып-жұмғанша қарқынды дамып, өзгеріп, өркендеп жатыр. Осы қарқыннан қалып қоймай, өркениетпен ілесіп жүруді заманның өзі талап етуде. Бүгінгі іскер, табыскер қыздар осы көштен қалмауы тиіс. Отбасындағы келіндік қызметін атқарып, жұмысында басшы болып, бәріне үлгеріп жүрген жандар көп. Қазіргі уақытта саудамен Сұлушаш апаның қызы Гүлмира айналысады.
- Тағы бір айтарым, жаңа бизнес ашу үшін адамда ең бірінші ниет, арман-мақсат болуы керек. Өзі ашқалы жатқан кәсібін әр адам өзі жақсы көргені абзал. Өз мүмкіндігін біле отырып, тәуекелмен іске кіріссе, бәрі ойдағыдай болады. Кейде ұсақ-түйек кедергілер туындауы мүмкін. Ондайда шыдамдылық танытуға тура келеді. Ештеңеден қорықпаудың маңыздылығы ерекше. Көп адам өз мүмкінділігінің қаншалықты жоғары екенін біліп тұрса да қорыққаннан істі бастамай жатып, жаман ойлармен өз жолын өзі жауып тастайды. Жаман ойға жол бермеген дұрыс. Ондай ойлар тұтанып тұрған арман-мақсатты су сепкендей өшіріп тастайды. Мұндай адамдар ешқашан жетістікке қол жеткізе алмайды,-дейді сауда саласының ардагері.
Арман ҚУАНЫШҚАЛИЕВА