Арнайы қор ашылып, жиналған қаржыға ауылдағы дәрігерлік емханаға қажетті киім мен құрал-жабдықтар алынды.
Әлемді жайлаған пандемия кезеңінде «Ел бірлігімен танылар» дегендей Бейбарыс ауылы тұрғындары және ерікті жастар өз көмектерін аямай «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясын ұйымшылдықпен жалғастырды.
Күні-түні тынбай шатырлаған целлофан қорғаныш киімімен қызмет көрсетіп жүрген ауылдың дәрігерлеріне таза мақтадан тігілген қорғаныш киімін, қажетті құрал-жабдықтарын алып беруге үндеген Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің ағылшын пәнінің мұғалімі Гүлден Жайлашева қор ашып, ізгілікті істің ұйытқысы болды.
«Біз біргеміз» деп шын пейілмен атсалысқан ауылдас, ағайын-бауырлардан жиналған қаражатқа Бейбарыс ауылындағы дәрігерлік емханаға 14 қорғаныш киімі, 2 танометр, 1 қашықтықтан өлшейтін қызу өлшегіш, медициналық бетперде мен қолғаптарды тапсырыспен алдырып, ауылдастар атынан ақ халатты абзал жандарға алғыс айтып, табыстады.
{ytvideo https://www.youtube.com/watch?v=Iv7F2UbnsjM|16:9|"Біз біргеміз"}
«Қиындықта біргеміз» деген бірлігі жарасқан Бейбарыс ауылының мейіріммен ұштасқан қайырымдылық шарасы жалғасын табары сөзсіз.
Өз тілшіміз

