Қымыздың патентін немістерге беріп жібергендей, тазының да тағдырын ұлты да, ұғымы да бөлек шет ел иемденіп кетпесін.
Қазақ халқы ежелден аңға салатын құстарды, мінетін атты – жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр қаршыға, құмай тазы, айлалы сұңқар деп ерекше қасиеттерімен атаған. Осындағы құмай тазының қасиеті туралы қаншалықты жақсы білеміз? Бүгінде тұқымы азайып бара жатқан тазыны баптап, басын көбейтем деп жүрген 14 жасар Махамбеттің тумасы Мұхамеджанның арманы қандай?
БІР ТАЗЫҒА – БІР ҮЙІР ЖЫЛҚЫ
Ата-бабамыздың сүйікті аңы, құлазыған көңілін сергіткен, қиын күнде жанбағыс көзі бола білген тазының дәл мұндай күй кешуі бүгінгі ұрпақтың сүйегіне зор таңба. Көпшілігіміздің құмай қасиетін танымай (құмай тұрмақ, қарапайым тазының өзін жете білуіміз екіталай), қазақтың саятшылық өнерінен бейхабар ұрпақ болып келе жатқанымыз өкініштіақ, әрине. Десе де жоғалудың сәл-ақ алдында тұрған осынау түрді қайта қалпына келтіру үшін жұмыстанып жүрген бүгінгінің бапкерлері аз да болса, арамызда жүргені көңіл қуантады. Солардың бірі Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің 9-сынып оқушысы Мұхаммеджан Калыков.
- Бала күнімнен халқымыздың жеті қазынасы саналатын тазы итті бағып –баптауға құмар болдым. Тазының тектілігіне, тазалығына сырттай сүйсініп, осы бір ерекше тұқымды жануардың елімізде жойылып бара жатырғанына қынжылатынмын. Сөйтіп, ата-анамның қолдауымен жуырда тазының бір күшігін сатып алып, өсіруді қолға алдым. Көршілес Ақтөбе облысынан әкелген 1 айлық күшігім шашақ тазының тұқымына жатады. Ерекшелігі сол, тазылар күшік күнінен күтімді қажет етеді. 5-6 мезгіл піскен таза тамағын, ботқасын, етін араластырып, беріп отырамыз. Жақын күндерде асыл тұқымды төбет пен тазының тағы екі күшігін алуды жоспарлап отырмыз. Кезінде ата-бабамыз 1 тазы үшін 1 үйір жылқысын атаған. Олардың құны мен қадірін осыдан білуге болады. Ал бүгінде тазыны төбетпен немесе басқа тұқымдас иттермен шатастырып, тазалығын жоғалтып жатыр. Сондықтан оларды сақтап қалудың бірден-бір жолы еліміз тазыға патент алып, оны мәдени мұрамыз ретінде қорғауы қажет, -дейді.
Қаршадай баланың құмай тазыға, ұлттық құндылығымызға деген шексіз құрметін, қызығушылығын көріп, әрі таңдандық, әрі қуандық.
ҚОЛДА БАРДА АЛТЫННЫҢ ҚАДІРІ ЖОҚ...
Иә, Мұхамеджанның пайымы өте орынды. Себебі, саятшылықты ұлттық спорт түрі ретінде дамытуды дұрыс жолға қойып, аңшы жануарлардың санын көбейтіп, экологиялық мәдениет қалыптастырып, тазының, оның ішінде құмай тұқымының құрып кетпеуін қадағалайтын уақыт келген секілді. Бұл үшін Қазақстандағы барлық тазыны арнайы тізімге алып, асылдандыру, аңшы өнімдерін қымбат бағаға сатып алу істері қолға алынса, бәлкім құмайдың қасиеті арта түсер. Қазіргі Қазақстандағы тазының саны бас-аяғы 500-ден аспайды. 1000-ға жеткізсек, «патенті» де бізге бұйырғалы тұр. Бірақ бүгінде қалталы азаматтар қырғыздың тайғанына, ағылшынның грейхаундына қол жеткізіп, солардың барлығы араласқан түсініксіз тұқымдар пайда болды. Былай қарасаң тайғанға, былай қарасаң тазыға ұқсайды. «Мынау қандай тұқым?» деп сұрасаң, нақты жауап бере алмайтын итұстарлар шықты. Біз осылай білгенімізден жаңылып жүргенде көршілес Ресей тазыны «среднеазиатский борзия», Түркмендер «түрікменнің тазысы» деп иемденіп алуды көздеп отыр. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы шығар. Қымыздың патентін немістерге беріп жібергендей, тазының да тағдырын ұлты бөлек, ұғымы бөлек шет ел иемденіп кетпесін.
P.S. Жалпы нарықта қаны бұзылмаған тазының күшігі 100 доллардың шамасында сатылады. Батыста Ақтөбе облысынан нағыз құмай тазының тұқымдарын табуға болады деседі. Еліміздегі «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының аясында қазақтың қазақтығын танытатын құмай тазысын көбейту, ұлттық брендімізге айналдыру, қорғау істері жолға қойылса, игі еді. Мұхаммеджан секілді «болам деген баланың бетін қақпай, белін буып» жіберсек, небір шебер итұстарлар мен қыранкөз аңшылар арамыздан шығары сөзсіз.
А.САТАЕВА