«SulMart»-тың жүлдесі ауылдастарға бұйырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында «Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстан қазір пандемияның зардабын тартуда. Дегенмен, қиындықтарға қарамастан бағдарымызды берік ұстанып келеміз» деген еді. Расында, 2 жылдан астам уақытқа созылған пандемия салдарынан шағын және орта кәсіп өкілдері көп зардап шекті. Әсіресе, тамақтану орындары мен асханалар, кафелер ұзақ мерзімге жабылып, тұрақты келушілерден айырылды.


Әйтсе де адал кәсіп етем деген пендеге Алла да өз несібесін бұйырып қойған. Біреуінен пайда болмаса тәуекел етіп, екіншісін ашып, халықтың игілігі үшін қайтсем де жұмысымды жандандырам деп жүрген азаматтардың бірі – Ғалымбек Сүлейменов. Күні кеше ғана аудан тұрғындарын бір шулатып, разы қылып ауқымды лоторея ойнатқан, көптеген бағалы сыйлықтар таратып,бір отбасын тегін демалысқа жіберіп жатқан да осы азамат.
Кәсіпкер Махамбет ауылынан «SulMart» отбасылық шағынмаркет желілерін ашып, бүгінде 10 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Ғалымбек Әлібекұлы осы Махамбеттің тумасы, жерлесіміз. Анасы Күләш Қорғанова бірнеше жыл сауда саласында жүргендіктен Ғалымбектің кәсіпкерлікке қызығушылығы оқушы кезінен басталған. Әйтсе де мектеп бітіріп мұнай ісі мамандығын меңгерген соң қызметі де соған сай болады. 2018 жылы ол ауылымызда алғашқылардың бірі болып фаст-фуд өнімдерін дайындап сататын орын ашады. «Бизнес-бастау» жобасымен 500 мың теңге грант алып, кейін кәсібін жандандырып, фаст-фудқа арнап Махабеттен 3 орын, Атырау қаласынан 2 нүктесін іске қосады. 2019 жылы жаппай карантин шаралары басталғанда бұл кәсібі кішкене тоқырап, толықтай жабылады. Саудадан жақсы хабары бар кәсіпкер тұрмыстық жабдықтардың қашанда халық сұранысына ие, өтімді тауар екенін жақсы білетін. Осылайша, бұрынғы «Гүлжанай», «Арзан» дүкендерінің орнын жаңғыртып, «SulMart» деп аталатын өзінің жеке брендін қалыптастырып отыр. Бренді деп бекер атап өтпедік, себебі атауының өзіндегі SUL-кәсіпкердің фамилиясынан алынса, Mart-сөзі ағылшын тілінен аударғанда сауда орыны деген мағынаны білдіреді.

sulmart-3


Жалпы сауда, маркетинг саласында өзіңнің қайталанбайтын, өтімді, халықтың құлағына жағымды атауыңды қалыптастыра білу де қажет. «SulMart»-тың орналасқан жері де, ғимараттың іші, жабдықталуы да келушілерге ыңғайлы. Шағынмаркетте тұрмысқа керекті заттардың барлығы дерлік қамтылған және қолжетімді бағада сатылып жатыр. Соңғы уақытта дүкеннің әлеуметтік желідегі парақшасын дамыту да қолға алынған. Бұл үшін арнайы смм маман келіп, таргетпен жақсы жұмыс жасап отыр. «Осының арқасында ауылдық округтерден тұрақты келушілер пайда болды және ватсап желісіндегі арнайы топтарда жаңа тауарларға толықтай шолу жасап, көрсетіліп отырады»,- дейді кәсіпкер Ғалымбек Әлібекұлы. Міне, осылай халықтың белсенділігін, қызығушылығын арттырып, Құрбан айт қарсаңында қуаныш сыйлау мақсатында бұл ұжым қомақты лоторея ұтысын ойнатты. Жиырма мың теңгеден жоғары сауда жасаған келушілерге тегін билет таратылып, бас жүлдеге шет елге демалыс, сонымен қатар басқа да бағалы сыйлықтар ұтысқа тігілген болатын. Күні кеше шағынмаркет алдына жиналған бір топ ауылдастар арасында түрлі ұтыстар ойнатылып, біраз адамға ынталандыру сыйлықтары бұйырды.
Сонымен қатар ауыл кәсіпкерлерін қолдау мақсатында арнайы дүкен иесінің атынан көлік жуу, сән салоны, массаж, тренажер залына бірреттік сертификаттар алынып, викториналық сұрақтарға дұрыс жауап тапқан жеңімпаздарға бұйырды. Ал, билет алып, бақ сынағандар арасынан Ғ.Дауытов шаңсорғыш, А.Салимова қысқа толқынды пеш және үтік, Қ.Уәлиев салқындатқыш, Б.Нұрғалиева мантоварка, Н.Сариев газ плитасын, Н.Қиянова кір жуғыш машина, А.Абдешова тоңазытқыш ұтып алды. Ал асыға күткен бас жүлде жас жеке кәсіпкер Айзада Түменбаеваның отбасына бұйырды. Жиналған жұртшылықтың, ұтыскерлердің қуанышында шек болмады. Топ арасынан ақ жаулықты аналарымыз ақ батасын беріп, ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдіріп жатты. Халықтың көзіндегі қуанышты көрген кәсіпкер мұндай ұтыс ойындарын, жеңілдіктер мен байқауларды алдағы уақытта да жиі ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Ғалымбек шағынмаркет кәсібін одан әрі дамыту үшін, тұрғындарға жеңілдік түрлерін қарастыру мақсатында ЮДС деп аталатын бағдарламаны сату жүйесіне енгізгелі отыр. Бұл бонустық бағдарлама әлемнің сауда саттық айналымында біраз жылдан бері тиімді жұмыс жасауда. Батыс нарығында тек ірі компанияларда ғана іске қосылған бағдарламаны кәсіпкер алғаш Махамбетке алып келмекші. Енді «SulMart»-та сауда жасау арқылы бонус жинап, келесі жолы бір затты тегін алуға немесе шағынмаркеттің екінші нүктесінен азық-түлікке айырбастауға мүмкіндігіңіз болады. Осы бонустық бағдарлама арқылы тұрақты тұтынушылар да анықталып, оларға 5,6- мәрте саудадан кейін сыйлыққа сертификат беру де жоспарланып отыр. Ауылымызда сервистік қызмет көрсетудің мұндай түрлері кеңейіп жатқаны бізді қуантады. Бастысы, сатушы да, тұтынушы да ұтылмайтын ұтымды жолдар табылып жатса, керемет емес пе?
Кәсіпкердің алға қойған мақсаттары мұнымен шектелмек емес. Мемлекеттік бағдарлама негізінде ұтып алған грантқа жартылай фабрикатталған тағамдар дайындайтын цех ашуды да қолға алмақшы. Карантин кедергісіне қарамастан цехқа қажетті құрылғылардың барлығы алынып қойылған. Әр ісінен бір береке күтетін Ғалымбектің пікірінше мемлекет кәсіп бастаймын дегендерге қолдауды барынша беріп отыр.
- Мен алғашында фаст-фудқа 500 мың теңгені де жеткізіп, бір емес, бірнеше нүктемді аштым. Әрине, оңай емес,бірақ еңбектенген адамға Алла береді. Бүгінде 5 млн-ға дейінгі қайтарымсыз гранттар жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бұл толыққанды бір кәсіп ашу үшін жеткілікті сома. Бастысы, ізденіп, ісіңізді жан-жақты зерттеп алыңыз. Өзіңіздің қалтаңыз толуын ғана емес, халықтың бір мұқтаждығын өтеуді ойлаңыз,-дейді кәсіпкер.
Айнұр САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT