2020 жылы ел-жұрт карантин тыйымдарымен шырмалып, үйден шықпай отырғанда ауылдықтар кетпені күнге шағылысып, үй іргесіндегі жерлерін баптауға көшті. Жер аудару, бау-бақша жұмысы әр үйдің күнделікті тіршілігіне айналды. Әр таңды еңбекпен қарсы алып үйренген ауылдасымыз Аманжан Қашауов бау-бақша егуді әдетке айналдырған жанның бірі.
Аманжан Қашауовтың егінмен айналысқанына 5-6 жылдай болыпты. Бағбанның бақшасындағы қызанақ, болгар бұрышы, баялды, орамжапырақ, қиярлар сонадайдан көз тартады. Ағаштан өріктер жерге төгіліп жатыр. Қияр, қызанақ, баялды, орамжапырақ, аскөк керек пе, жайқала өсіп тұр. Ал өнімдері қара жердің қарызын арқаламайтын бойларына сіңіруден жалыққан емес.
- Мен осы жері бола тұра, бақша екпейтін жандарға таң қаламын. Бақшасыз аулада қандай сән, қандай береке болсын. Ерте көктем шығысымен бақшаға анам Оңаймен ақылдасып, көкөністер егеміз. Дайын жерді тиімді пайдаланып, үйді көкөніске толтырғанға не жетсін. Бұны отбасының ризығы деп білемін. Шарбаққа егін еккен жақсы, өнімін жейсің. Өткен жылы қияр бітік шықты. Ал қызанақ оңбады, түп жағы түгелімен қарайып кетті, тіпті жеуге жарамсыз болды. Атам қазақ «қыстың қамын жаз ойла» демей ме. Жеміс ағаштары да көктеп, жемісін беріп тұр.
Жалпы бақшамызда бір түп алма, төрт өрік, екі қара алхоры ағашы бар. Ал алмұрт, шабдалы ағаштары шықпай қалды, жері дұрыс болмады ма, қурап өспеді.
Өзім әкем өмірден озғалы қара шаңырақтамын, бақшамен қатар құс өсірумен шұғылданамын. Бұрын қаз, тауық өсірдім. Қазір тек тауық пен үйрек қана қалды. Бүгінде 15 тауық, 4 үйрек бар. Сондай-ақ «Алмалы-құс» ЖШС-нан алған тауықтарым бар. Жалпы отбасында біз 5 қыз, 2 ұлмыз. Үйдің үлкені мен. Қыздар түрмыста, інім отбасымен осы Махамбетте «Шұғыла» мөлтек ауданы жақта тұрады. Жолдасым екеуміз Теңізшевройлда вахталық жұмыстамыз. Отбасында 4 балам бар. Иә, уақыт бір орында тұрмайды. Әне-міне дегенше күз, қыс та келеді. Дастарханымыз түрлі дәруменге бай тағамдарға толып тұрса, несі айып?!-дейді Аманжан бізбен әңгімесінде.
Одан әрі шаруашылығын, құстарын аралап көрдік. Құстардың өнімі – еті мен жұмыртқасы. Қара тауық керек пе, ақ тауық керек пе, бәрі бар. Тек екеуі екі бөлек тұр. Кішкентай сап-сары балапандар да бөлек торда орналасқан. «Ақ тауықтарды «Алмалы-құс» ЖШС-нен сатып алғанмын» деді ол құстарын таныстырып. Кіре берісте бөлек торда екі қарала қанатты үлкен үйрек тұр. Оның айтуынша , мезгілімен жемін, суын беріп, баптамаса өсіп-өнбейді. Еңбектің наны қашанда тәтті демей ме. Жеміс ағаштарымен қатар жайнаған гүлдің неше атасы өсіп тұр екен, көздің жауын алады. «Бұл гүлдерді анам өсіріп жүр. Көрген шығарсыз, тіпті үйдің сыртында да өсіріп жатырмыз»,- дейді Аманжан.
Еңбектің арқасында ауласындағы шағын бақшасын жайқалтып отырған бұл отбасы көпшілікке үлгі боларлықтай-ақ. Бақшаның арамшөбін жұлып, суарып, оған баладай қарап, қатты көңіл бөлгендіктен, жыл сайын өз өнімін беріп тұр. Саялы жеміс ағаштары да солай.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА