Алматылық дерматологтар Махамбетте

Бүгін Қазақстан Республикасы Денсаулық Сақтау Министрлігі, Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының (ҚДИАҒО) жетекші дерматовенерологтары мен дерматокосметологтары Махамбет ауданына келді. Махамбет аудандық орталық ауруханасында жас пациенттерге тегін амбулаториялық қабылдау өткізді.  Тегін қабылдау балалар жылы аясында ұйымдастырылды.

Алматыдан келген білікті мамандарға қаралу үшін келген балалардың саны  115-ге жуықтады.  Сондай-ақ мамандар балалармен қатар үлкен адамдарға да медициналық көмек көрсетіп, кеңестерін берді.

-Кеше Атырау қаласында тері-венерологиялық диспансерінде болып 85-ке жуық балаларды қарап, дәрігерлік кеңес бердік. Бүгін тек қаламен шектелмей, Махамбет ауданында амбулаториялық қабылдау өткізіп жатырмыз. Балалардың арасында ең көп таралған тері аурулары - псориаз, витилиго, атопиялық дерматит, экзема және басқалар. Бұл аурулармен күресудің ең бірінші жолы профилактиканы күшейту.Сонымен қатар жасөспірімдер арасында жиі кездесетін тері ауруының бірі безеу. Бұл орайда жасөспірімдер мен жастарға арналған "Таза тері" мектебін өткізудеміз. Бұл ауру соңғы жылдары тіпті көбейіп келеді. Бір өкініштісі, ата-аналардың басым бөлігі безеуді ауру деп ойламайды және баланы дерматологқа апаруды қажет деп санамайды. Бірақ жасөспірімдер безеулерге байланысты стрессті жиі бастан өткереді –дейді дәрігер Айжан Тұрарбекқызы.

35119e21-4506-4841-993a-2ac65e1c470c

"Таза тері" мектебін өткізу кезінде  жас пациенттер мен олардың ата-аналары теріге қалай дұрыс күтім жасау, сәндік косметиканы пайдалану, безеуді емдеу туралы кеңестер алды.  

Атырау облыстық тері-венерологиялық диспансерінің  директоры Мира Бердешованың айтуынша мамандардың аудандарға шығып кеңес беру тәжірибесі өткен жылы Индер ауданында басталған.

-Бүгін біз  Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының мамандарымен бірге Махамбет ауданына келіп, тері ауруларымен ауыратын пациентерді, оның ішінде балаларды қарап жатырмыз. Бұл іс-шара балаларды қорғау жылына орай ұйымдастырылып отыр. Осындай шараның аясында ауданға келіп көмек көрсеткеніміз үшін қуаныштымыз. Өйткені, көбіне облыс орталықтарында өтеді де, аудандар қалыс қалады. Біздің облыстық тері-венерологиялық диспасенрінің дәрігерлер өткен жылы Индер, биылғы жылы Махамбет ауданынан бастау алған игілікті істі одан әрі жалғастырып, күзге дейін Исатай және Жылой аудандарына баруды жоспарлап отыр. Бүгінгі қабылдауға қандай да бір себеппен келе алмай қалған адамдар сұрақтарын диспансердің сайты немесе инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілері арқылы жолдауларына болады – дейді диспансер директоры.

91eee251-0102-4912-8128-b0948e06e030

Алматылық дәрігерлер жұмыстарын ертең қайтадан Атырау қаласында жалғастырады. Алматы дәрігерлік десантының бағдарламасында дерматовенерология және дерматокосметология инновациялары, емдеудің ішкі термиялық технологиялары, подологиялық инновациялар бойынша мастер-кластар бар. Дәрігерлер бірнеше жеке ауыр жағдайларды қарастырып, оларды емдеудің ықтимал әдістерінталқылайды.

 

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT