Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру. Бұл – ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе. Өзекті мәселе – халықты сумен қамтамасыз ету. Таза ауыз су әрбір үйде, әрбір отбасында болуы – міндет»,- деген болатын.
Расында, ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отыр. Тіпті, бас қаланың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Басты себептің бірі – құрылыстың көбеюі. Президенттің 2025 жылға дейін ауыл халқын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын белгіленген мерзім ішінде орындап шығу Махамбет ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды бағыттың бірі болып отыр.
Қазіргі уақытта аудан халқының 98,1%-ы ауыз суды орталықтандырылған су желісі арқылы тұтынуда. Аудан басшысы Қайрат Нұрлыбаевтың Махамбет ауылдық округі халқымен кездесуіне келген ауыл тұрғыны Күләш Дүйсенқызы ауыз су мәселесін көтеріп, жергілікті атқарушы орган өкілдерінен шешуді сұрады.
– Осыдан 10 жыл бұрын көшемізге су құбыры жүргізілді. Бірақ қазіргі уақытта су тамбайды. Кезінде қажетті пластикалық тұрбаларын, басқа да заттарын сатып әкеліп, еңбекақысын беріп, қондырттым. Қондырғаннан кейін көше бойындағы тұрба жарылып, содан бері қысқы су жүрмейді. Жарылған жер қазылып, тексерілді. Бірақ сол күйі қалды. Суды 5 мың теңгеге ай сайын құдығымызға құйдырып, ішіп отырмыз. Жазғы судың сапасы болмағандықтан, пайдалана алмаймыз. Ол суды да жақында берді. Сондай-ақ, ұлым тұратын «Ақшолан» мөлтекауданындағы Игілік көшесінде су жоқ. Ауыз су мәселесі шешілсе екен деген тілегіміз бар,- дейді ауыл тұрғыны.
Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылғы облыстық бюджеттен аудандағы 13 су тазарту қондырғысын қайта жаңғырту үшін ЖСҚ жасақтауға және жұмыс жобасын сараптамадан өткізуге 134 393,0 мың теңге және Махамбет ауылындағы №2 су тазарту қондырғысына су мұнарасын орнатуға 38 000,0 мың теңге қаралды. Бүгінде ЖСҚ жасақталып, 12 ауылдың су тазарту қондырғысының сараптама қорытындысы алынып, құрылыс жұмыстары басталды. 2024 жылға құрылыс жұмыстарына 250 000,0 мың теңге қаржы қаралды.
– Барлық су тазарту қондырғысы жөндеуді қажет етеді. Себебі бәрі де ескіріп, он жылға жуық уақыт өтсе де жөндеу көрмеген. Өткен жылы №2 СТҚ мұнарасын ауыстырып, жөндеу жүргізсек те жарамсыз болып қалды. Бюджеттен қаражат бөлініп, №1 СТҚ-да жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал №2 СТҚ жабдықтары толықтай ауыстырылады. Қазіргі уақытта қаражат бөлініп, келісімшарт жасақталды. Мердігер мекеме бұл жұмыстарға екі айға жуық уақыт жұмсайды. Әзірге №1 СТҚ арқылы кезең-кезеңмен су берілуде. Екінші су тазарту қондырғысы жөндеуге тұрған кезде де су беру тоқтамайды. Ал жазғы су мамыр айында бір жерден ғана берілді. Басқасының бәрі су астында қалып қойып, ауылды толықтай жазғы сумен қамтуға кедергісін келтірді. Ауылға су басу қаупі төнгендіктен бұл жұмыстар судың қарқынын басылғаннан кейін жанданды. Бүгінде жазғы су ауылға 6 жерден берілуде,- деді аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев.
Жалпы аудан көлемінде су тазарту қондырғысы жоқ алты кішігірім елді мекен бар. Есмахан, Көздіқара, Томан, Атамбаев, Бала Ораз, Кеңөріс елді мекендеріне ауыз су автокөліктермен тасымалданады. Жер асты су көздерін пайдаланып отырған елді мекендер жоқ.
– Осы орайда аудан әкімдігі тарапынан аталған елді мекендерге іргелес ауылдық округ орталықтарының су тазарту қондырғыларынан су желілерін жүргізуге облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына сұраныс берілді. Нәтижесінде биылға Есмахан, Көздіқара, Бала Ораз, Атамбаев елді мекендеріне су желісінің құрылысына жобалау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. 2024 жылға аталған елді мекендеріне ауыз су жүргізу үшін құрылыс жұмыстарына 65 000,0 мың теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын бастау үшін мердігер мекемелермен келісім шарт жасақталуда,- деді аудан әкімі.
Ауыл тұрғындарының аздығы кейбір елді мекендерге орталықтандырылған су құбырын тартуға кедергі болып отыр. Ал Мемлекет басшысы шалғай елді мекендерде қалған аз халық түгел көшіп кетпеу үшін ауыл инфрақұрылымын дамытуды, шалғай елді мекендерді ең алдымен сапалы сумен, түзу жолмен, мүмкіндік болса, табиғи газбен қамтамасыз ету керек дегенді жиі айтады. Президент ауылдың инфрақұрылымы жөнделіп, елдің жайлы өмір сүруіне, тұрмыстық жағдайының жақсаруына жағдай жасалса, бүгінде жартылай босап қалған жүдеу ауылдарға халық қайта көшіп келе бастауы мүмкін екенін дұрыс аңғарып отыр.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ