Біздің қоғамдағы басты мәселенің бірі – баспана мұқтаждығы. Статистикаға сенсек, елімізде тұрғын үйге деген сұраныс көлемі жыл сайын 50 мың адамға дейін өсіп отырады. Бұл – ресми кезекке тіркелген азаматтардың саны ғана. Халықтың жұмысы болғанымен, табысы аз, ал тұрғын үй бағасы қымбат.
Сарапшылардың айтуынша, халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға деген ықыласы табысының аздығымен шектеледі. Мысалы, жұмыспен қамтылғандардың 46%-ы «жұмыс істейтін кедейлер». Себебі олардың табысы – 140 мың теңгеден төмен. Салдарынан айлығы шайлығына жетпейді.
Аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 1400-ге жуық тұрғын тіркелген. Ал азаматтарды баспанамен қамту мәселесі тек кезек реті арқылы ғана жүзеге асады. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегі арқылы азаматтарға арендалық баспаналар сатып алу құқығынсыз берілуде. 2024 жылы ауданда облыстық бюджет қаражаты есебінен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне 707,0 мың теңге, аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөліміне 412 241,0 мың теңге қаражат бөлінді.
– Ауданда жалпы саны 23 көппәтерлі тұрғын үй бар. Олардың төртеуі – коммуналдық меншікте (Махамбет ауылы, Шұғыла мөлтек ауданы, №54А, №55А, №56А 60 пәтерлік үйлер, Сарайшық ауылы, Н.Абуталиев көшесі, №6Б 8 пәтерлік үй). Қалған 19 үйдің пәтерлері жекешелендірілсе, үшеуі «апатты» деп танылған. Қазіргі таңда аудан орталығындағы Ж.Қартқожақов көшесіндегі №20 және А.Құнанбаев көшесіндегі №169 көппәтерлі апаттық тұрғын үйдің тұрғындарын жаңа пәтерге көшіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 140 млн теңге қаржы бөлінді. Жыл басынан бері 15 пәтерге тұрғындар көшірілген болса, қалған бөлігін жыл аяғына дейін көшіретін боламыз. Тұрғындар толықтай үймен қамтылғаннан кейін апатты үйлер бұзылады. Биыл әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 40 үй беру жоспарланып отыр. Бұл бағытта үй сатып алу, салу жұмыстары ұйымдастырылуда,- дейді аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев.
Елдегі тұрғын үй қоры жыл сайын орта есеппен 2%-ға ұлғаюда. Жаңа тұрғын үйлердің жалпы ауданы тарихи максимум 17 млн шаршы метрге жетті. Тұрғын үй қоры соңғы 10 жылда 24%-ға өсіп, 2023 жылы 419 млн шаршы метрді құрады. Талдауға сүйенсек, Қазақстанда 5 немесе одан да көп адамнан тұратын 1,1 млн отбасы бір бөлмелі, тар үйде өмір сүруге мәжбүр. Зерттеу бойынша, елдегі отбасылардың 60%-ы 30 жыл бұрын салынған баспаналарда тұрады. Оның жартысынан астамы – көппәтерлі тұрғын үйлер.
«Үй болмай, күй болмайды» деген екен бұрынғылар. Баспана мәселесі бұл күнде кімді болса да бейжай қалдырмайтыны рас. Дегенмен, еліміздегі баспанаға деген мұқтаждықты төмендету мәселесі Мемлекет басшысының Жолдауында жан-жақты айтылған болатын. Бұл тұста кез келген мемлекет өз азаматтарының игілігін қамтамасыз ететін тиімді тетіктерді іске қосады. Бүгінгі таңда елімізде тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру үшін кешенді іс- шаралар қолға алынған.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ