Халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр. Төскейінде берекенің қазаны қайнаған, босағасында бақ пен береке ұялаған, талай өнер майталмандары түлеп ұшқан ауданымызда мәдениет пен өнерді дамыту саласында атқарылып жатқан игі істер көп. Осы игі істерді ұйымдастыруда басы-қасында жүріп, талай жастардың өнер айдынында қалықтап жүзуіне ұйытқы болып жүрген жандар жетерлік. Жуырда ғана «Еңбек даңқы» төсбелгісін еншілеген аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің әдіскері Элеонора Файзуллаевамен сұхбаттасқан едік.
- Элеонора Табылдықызы, алдымен, төсбелгіңіз құтты болсын. Әңгімемізді мәдениет саласындағы еңбек жолыңыздан бастасақ?
- Рахмет! Мен мәдениет саласына 2009 жылдың тамыз айында келдім. Биыл он бес жыл болады екен. Алғашқы еңбек жолымды студенттік жолдамамен 2001 жылы Дүйсенғали Төленов атындағы мектеп-гимназиядан бастадым. Ұстаздық қызметте жүріп, ауданның мәдени шараларына қатысып, шараларды жүргізіп жүрдім. Сол кездегі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сұлтанғалиева Айгүл Бердешқызының шақыруымен 2009 жылы Махамбет аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің режиссері қызметіне жұмысқа келдім.
- Дәл осы салаға келуіңізге не түрткі болды?
- Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын жүрек қалауыммен таңдадым. Шәкірттермен жұмыс жасау өзіме қатты ұнады.Ұстаздық жолымда да көптеген жетістіктерге қол жеткіздім, жақсы ұстаз болдым деп ойлаймын. Бірақ бәрібір көңілім өнерді, шығармашылықты, сахнаны қалап тұрғандықтан қызметімді ауыстырдым.
- Кейде «осы адам өнер саласы үшін жаралған» деген теңеу айтылып жатады. Расында, адам табиғаты белгілі бір саламен байланысты болуы мүмкін бе? Мәселен, сіз өзіңізді мәдениет, өнер саласы үшін жаралғанмын деп есептейсіз бе?
- Менің жұлдызым – таразы, цифрология бойынша саным – 1. Таразы белгісінде туғандардың қөпшілігі шығармашылықтың адамдары болады екен. Оның үстіне «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші, әкем мен анам өнер адамдары болмаса да, өнерді сүйетін жандар. Әкем ән айтса, анам мәдени шараларға әлі де белсене қатысып келеді. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» деп, өнерге жақын отбасында тәрбиеленіп өскен мен де мектеп қабырғасынан бастап сахнада келемін. Сол кезде – ақ сахна менің екінші үйіме айналды десем болар. Мен өзімді мәдениет, өнер саласы үшін жаралғанмын деп есептеймін. Бұл ойға анық бекіген кезде Батыс Қазақстан инновациялық- технологиялық университетіне «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оқуымды аяқтап, мәдениет саласының маманы атандым.
- «Еңбек даңқы» деген атақ кез келгенге беріле бермейді. Бұл дәрежені қалай қабылдадыңыз?
- Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының» «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталып, еңбегімнің еленгеніне марқайып қалдым. Бұл төсбелгі менің алдағы жұмысыма, шығармашылығыма жаңа серпін, жаңа леп, мотивация беретініне сенімдімін. Осы орайда «Еңбек даңқы» төсбелгісіне лайықты деп танып, наградаға ұсынған «Өнерпаз» мәдениет үйінің басшысы Ербол Мүсәлімұлына, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Құралай Болатқызына алғысымды жеткізгім келеді. «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының» Қоғамдық Бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрайымы Гүлнар Шайхашева төсбелгіні тапсырып тұрып айтқан «сіздің шығармашылығыңызбен фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшаңыз арқылы жақсы таныспын. Жаңашыл, креативті дүниелерді жасай білетін кәсіби маман екеніңізге қанықпын» деген сөздері қиялыма қанат бітіргендей болды.
- Көрерменнің көзі сүйсінетіндей дүниелерді дайындап, ұсыну сіздің ойыңызша қандай қасиеттерді талап етеді?
- Қазіргі көрерменнің сұранысы жоғары. Оларды жеңіл-желпі, арзан дүниемен алдай алмайсың. Көрерменнің көңілінен шығатындай дүние дайындап ұсыну терең ізденісті, шығармашылықпен жұмыс жасауды, жаңашылдыққа жақын болуды талап етеді. «Өнерпаз» мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы аудан халқына сапалы, мазмұны терең, берері мол, идеясы мықты мәдени шараларды ұсыну жолында аянбай еңбектеніп келеді. Өзім үнемі ізденіс үстінде жүретін адаммын, бір жерден жаңа бір дүние көріп қалсам, міндетті түрде соның бір кішкентай ғана элементін болса да өз сахнамызда өтетін шараға пайдалануға тырысамын.
- Кәсіби тұрғыда шығармашылық шыңдалу, білім жетілдіру бағытында қандай да бір жоспарлы не жоспардан тыс жұмыстарыңыз бар ма?
- Мұғалімдер баланы тәрбиелесе, мәдениет қызметкерлері халықты тәрбиелейді. Осы орайда К.Д.Ушинскийдің «Мұғалім-өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады» деген әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған сөздерінің қазіргі таңда кез келген саланың мамандарына, соның ішінде мәдениет саласы қызметкерлеріне де тікелей қатысы бар деп ойлаймын. Өзінің жасап жүрген жұмысын, мамандығын сүйетін кез келген адам ізденісін тоқтатпау керек. Сол себепті әріптестеріммен бірге облыс көлемінде ұйымдастырылған драма ұжымдары мен театр режиссерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған шеберлік сыныптарынан өтіп тұрамыз. Алдағы уақытта Алматы, Астана қалаларындағы ірі-ірі мәдени ошақтардың жұмысымен танысып, қысқа мерзімді курстар өткізіп жатса қатысқым келеді.
- Өзіңіз секілді киелі сахна төрінде жүргізушіліктің қыр-сырына қанықсам дейтін жас буынға ұстаздық етесіз бе? Дайындап жатқан шәкірттеріңіз бар ма?
- Білім саласындағыдай мәдениет саласында да байқау-сайыстар көптеп өтіп тұрады. Дәстүрлі өтетін Оралхан Бөкей атындағы облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына дайындаған шәкіртім Сәкес Бекарыс байқаудың бас жүлдесін жеңіп алып мерейімді асырса, қазір мемлекеттік қызметте жүрген шәкіртім, көптеген облыстық, республикалық көркемсөз оқу шеберлері байқауларының жеңімпазы Құжырбаев Сейітжан мәдени іс- шараларды жүргізушілердің облыстық «Конферансье-2023» байқауында жүлделі екінші орынға ие болып, аудан абыройын асқақтатты. Қазіргі таңда өз мамандықтарының майталмандары атанып жүрген, мектеп қабырғасында жүріп үлкен шараларды жүргізген Дүйсенбаев Жандос, Паңгерей Төре, Қуандықұлы Саламат, Маликова Перизат, Есимова Фарида, Файзуллаев Бағдалмауыт, Жолдасов Алмас сынды шәкірттерімнің есімдерін мақтанышпен атаймын.
- Биылғы жылы ауданның мәдениет саласында қандай өзгерістер орын алды?
- Басқа ешбір ауданда жоқ, тек Махамбет ауданында бар әуесқой бірлестіктер саны былтыр бірден үш бірлестікке көбейіп, «Өнерпаз» мәдениет үйі жанынан «Көкжиек.kz» поэзия клубы, Бақсай ауылдық мәдениет үйі жанынан қыз- келіншектердің бастарын біріктірген «Ақкербез» және ерекше балалармен жұмыс жасайтын «Ғажайып» клубтары құрылғандығын мақтанышпен атар едім. Тасқын суға байланысты өңірімізде төтенше жағдай жариялануына орай көптеген жоспарлы шараларымыз онлайн өтіп, облыстық байқау- сайыстарымыз кейінге шегеріліп, абдырап қалғанымыз жасырын емес.
«Өнерпаз» мәдениет үйінің материалдық техникалық базасы жаңа музыкалық аппаратуралармен, жаңа сахналық костюмдермен толыққанын және жаңа штаттар беріліп, оған мамандардың алынғанын үлкен жетістіктеріміздің бастамасы деп атауға болатын сияқты.
- «Егіз лебіз» жобасы көпшіліктің қолдауына ие болған жобалардың бірі болатын. Жобаны жалғастыру жоспарда бар ма? Алдағы уақытта ауданның өнерсүйер қауымын қандай жаңалықтармен қуантасыздар?
- Иә, «Егіз лебіз» музыкалық шоуы ауданның мәдени өміріне елеулі өзгеріс әкелген, жаңаша тыныс, жаңа леп әкелген ауқымды жоба болды. Оны екі маусым бойы лық толы залдан, көрермендердің ыстық ықыласынан анық сезіндік. «Өнерпаз» мәдениет үйінің жылдық жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың күз айларында Махамбет ауылдық округіндегі мекеме- ұжым қызметкерлері арасында «Егіз лебіз» музыкалық шоуының үшінші маусымы, «Махамбет дауысы-2024» ән орындаушылар байқауы, Нұрмұхан Жантөриннің туғанына 95 жыл толуына орай драма үйірмелерінің аудандық байқауын, Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына орай облыстық жас ақындар мүшәйрасын, тағы да басқа көптеген ауқымды шараларды ұйымдастырып өткізу үшін шығармашылық ұжым қызу дайындық үстінде. Сондай ақ, аудандағы талантты жастардың бастарын бір арнаға тоғыстыратын жастар театрын құруды қолға алсақ деп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, басшымыз Е.Ідірісов театр және кино актері, сонымен қатар болашағынан үлкен үміт күттіретін Ержан Молдан атты жас маманымыз бар.
- Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?
- Менде сол бос уақыт деген болмайды ау...Бос уақытымды кез келген әйел, ана сияқты отбасыммен, балаларыммен өткізуге тырысамын. Қолым қалт еткенде ас үйде шеберлігім ұстап, дәмді тағамдар пісіретін де өнерім бар ( көп емес бірақ)
- Өмірлік ұстанымыңызды білсек болады ма?
- Ұстаным дейсіз бе? Мен екі ұстанымға сүйеніп өмір сүріп жүрген адаммын. Жеке өмірімдегі ұстанымым «Өзіңді жақсы көр! Өзіңе сен! Өзіңді бағала!» (ұстанымыма қарап мені эгоист екен деп ойлап қалмаңыз) Ал енді жұмыс бойынша ұстанымым Стив Джобстың «Үлкен жұмыс істеудің жалғыз жолы – өз ісіңді жақсы көру» деген сөзі. Өз ісін, өз мамандығын жан тәнімен жақсы көретін адам ғана жетістікке қол жеткізе алады деп есептеймін.
- Болмысы нәзік әйел заты үшін отбасы мен қызметін қатар алып жүру оңай емес. Бұл жерде отбасының қолдауы маңызды екені анық. Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз.
- Дұрыс айтасыз, қызметте жүрген, соның ішінде өнер саласында, сахнада жүрген нәзік жандылар үшін отбасының қолдауы өте маңызды. Мен өмірде сәл ғана болса да жетістікке қол жеткізсем, ол әуелі Алланың , екінші менің кейде өзім де түсінбейтін болмыс-бітімімді сол қалпында қабылдап, «үй шаруасы ілгері- кейінді жасалар, үкіметтің жұмысына мұқият бол» деп әр шара алдында ақ батасын беріп шығарып салып, әрбір жаңа бастамаларымды қолдап, тілеуімді тілеп отыратын Абдрахманова Нұрбибі есімді ақ жаулықты анам, «Алтын алқа» иегері, балаларымның сүйікті әжесінің арқасында екенін айтқым келеді. Жолдасым Түсекенов Ержан Ермұхашұлы «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС Атырау филиалының қабат сұйықтығын зерттеу зертханасының меңгерушісі болып қызмет атқарады. Бержан, Мейіржан, Абдрахман атты үш ұл мен Айлин атты ханшайымның ата-анасымыз. Үлкен ұлымыз биыл жоғары орнын тәмамдап, дипломын алды, екінші ұлымыз мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы отыр.
Уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рахмет! Шығармашылық шабытыңыз шалқып, жетер жетістіктеріңіз көп болсын!
Сұхбаттасқан: Б.САПАРОВА
ЖЕТІСТІКТЕРІ
2011 жыл - «Мемлекеттік тіл-мемлекеттік қызметте» облыстық байқауы, 1-орын
2012-жыл - Облыстық «Конферансье-2012» байқауы, 2-орын
2016-жыл - Атырау облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының шешімімен қала, аудан мәдениет үйлері мен клубтарының жұмыстарын зерделеу қорытындысы бойынша «ҮЗДІК РЕЖИССЕР» номинациясы бойынша жеңімпаз
2017-жыл – Облыстық «Парасатты полицей» байқауына дайындаған командасы, 1-орын, республикалық байқауға жолдама
2018-жыл- «Мемлекеттік тіл-мемлекеттік қызметте» облыстық байқауы, Бас жүлде
2018-жыл- Оралхан Бөкей атындағы облыстық байқау, Сәкес Бекарыс, Бас жүлде
2023-жыл – Облыстық «Конферансье – 2023» байқауы, Құжырбаев Сейітжан, 2-орын