Жол, көше жарығы, сапасыз жаңа нысандар мәселесін көтерген Ақтоғай ауылының тұрғындары «көш соңында қалдық» деп налиды. Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев ауыл тұрғындарымен кездесуінде халықтың сұранысы кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтты.
Ақтоғай ауылының 2,2 шақырым кірме жолын күрделі жөндеуге 217 млн теңге қаражат бөлінген. Алайда басталғанына бір жылдан асса да жөндеу жұмыстары соңына жетпей тұр. Көше жарығының мәселесін көтергелі де біраз жыл болған. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалды. Ашық спорт алаңы қоршауының, жасанды төсенішінің де сапасы жоқ. Ақтоғай ауылының тұрғыны Құрманғазы Мырзағалиев бұл мәселелерді жіпке тізгендей қып айтып, шешілуін сұрады.
– Жарық жөнінде айта-айта шаршадық. Екі-үш жыл болды «жыр» қылып келе жатқанымызға. Сметаны, басқаны сылтау қылып, аяқсыз қалады. Ал салынып жатқан жолдың сапасын бақылайтындар бар ма?! Асфальттың жанына төсемтасты, онымен қоса тротуарды салып қойса, көліктер жолдың жиегімен түсіп, бұзбас еді. Ала жаздай жол төсеу жұмыстары жасалмайды да, әбден қыс жақындағанда қозғалады. Осыны қашан қоямыз?! Бір сөзбен айтқанда, біздің ауыл – аудандағы көш соңында жүретін ауыл,- деді ауыл тұрғыны.
Ауылішілік 2,4 шақырым жолдың күрделі жөнделуіне 101 000,0 мың теңге бөлініп, жұмыстары басталды. Жасанды төсеніші бар ашық спорт алаңының құрылыс жұмыстарының өндірістік кестеге сәйкес орындалмауына байланысты бөлінген қаржы өткен жылы игерілмей қалған. Биыл қаржысы пайдалануға рұқсат етіліп, жергілікті бюджеттен бөлініпті. Аудан әкімінің сөзінше, мердігер мекеменің келісімшарт бойынша міндеттемесін уақытылы орындамауына орай жосықсыз қатысушы тізіміне соттың қаулысымен енгізілді.
– Ауылдың кірме жолының астыңғы қабаттары төселді. Тек асфальт жабындысын төсеу жұмыстары қалып тұр. Мердігер мекеме бұл жұмыстарды бастауға уәде берген еді. Битум материалы келгеннен кейін басталып, қарашаның соңына дейін жұмыстар аяқталуы керек. Жұмысына салғырт қарағаны үшін ол мекемені «жосықсыз» деп танып, белгіленген мерзімде аяқтамаған жағдайда, сотқа беретін боламыз,- деді Қ.Нұрлыбаев.
Кездесуге қатысқан ауыл тұрғындары қалаға қатынайтын автобус шығару, ауылішілік жолды салу, ауыл бюджетінің жұмсалуын ашық көрсету секілді мәселелерді де қаузап өтті. Аудан әкімі қоғамдық көлік мәселесін реттеу бағытында жұмыстанып жатқанын айтты.
– Рейс пен автобус санын көбейтеміз. «Бизнес-инкубатор» ғимараты ауласынан автовокзал жасақтауды ұйғардық. Негізінен, «Атырау- Махамбет-Ақтоғай» бағытында облыстық маршрут шығару туралы ұсыныс білдірдім. Егер бұл ұсыныс облыстан қолдау таппаса, «Махамбет- Ақтоғай» ауыларалық автобусын шығару керек. Оған да біраз қаражат жұмсалады. Мысалы, Махамбет-Сарытоғай аралығында жүретін ауылішілік екі автобустың қызметіне биылдың өзінде 70-80 млн. теңге көлемінде аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Жалпы барлық ауылға автобус қатынайтындай деңгейге жеткізу жоспарымызда бар. Осы бағытта жұмыстанудамыз,- деді аудан әкімі.
Ауыл тұрғындары осыған дейін тек қаладан шығарда ғана онлайн билет алып келсе, енді қалаға шығатын болса да билетті алдын ала алуға мүмкіндік жасалады. Жүйе толықтай қараша айының соңына дейін іске қосылады. Ауыз су желісін жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, жұмыс жобасы бойынша сараптамадан оң қорытынды алынды. Ақтоғай ауылына қарасты Өтешқали Атамбаев елді мекенінде су желілері жүргізіліп, мұнара орнату сатысында.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ