АУДАНДЫҚ «ЖАЙЫҚ ШҰҒЫЛАСЫ» ГАЗЕТІНІҢ №5 БАСЫЛЫМЫНДА ЖАРЫҚ КӨРГЕН «САРСАҢҒА САЛҒАН СУБСИДИЯ» МАҚАЛАСЫНДА МАХАМБЕТ АУДАНЫНА ҚАРАСТЫ ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛГЕН. АТАП АЙТҚАНДА, БЕЙБАРЫС АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ АУМАҒЫНДА ОРНАЛАСҚАН «ТАСҚАЛИЕВ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ АСҚАР ТАСҚАЛИЕВ : «ШАРУАШЫЛЫҒЫН БАСТАҒАЛЫ БЕС ЖЫЛ ӨТСЕ ДЕ, СУБСИДИЯҒА БІР ДЕ БІР ҚОЛЫ ЖЕТПЕГЕН» ДЕП ЖАЗЫЛЫПТЫ.
Махамбет ауданы бойынша қазіргі таңда 2022 жылдың 1 қаңтар жағдайы бойынша 527 шаруашылық субьектісі тіркелген (өткен жылмен салыстырғанда 4,2%-ға өскен). Оның ішінде белсенді шаруашылық субъектілер 516 (өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға өскен). Атап айтқанда, өткен 2021 жылы бір ғана «Су жеткізу қызметі құнын субсидиялау» бағдарламасы бойынша ауданда 56 шаруашылық құрылымдарына барлығы 183,8 млн. теңге көлемінде субсидия төленді. Соның ішінде егіске пайдаланатын су жеткізуді субсидиялау бойынша «Тасқалиев» шаруа қожалығына 1,2 млн теңге берілді.
«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 бұйрығына сәйкес 1 аталық асыл тұқымды бұқаға 25 бас аналық болған жағдайда, селекциялық жұмыстар жүргізгені үшін әр аналық басқа 10000 теңге тиесілі. Одан бөлек аталық асыл тұқымды бұқа сатып алғаны үшін 150000 теңге тиесілі. Жергілікті бюджет есебінен де, әр аналық малға жем-шөбіне 210000 теңге беріледі.
Ауыл шаруашылығы саласына қатысты барлық бағдарламаларының жұмыс органы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ММ болып табылады. Біз де өз тарапымыздан ауданның кәсіпкерлері мен шаруагерлерін қолдау мақсатында ақпарат тарату жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Ауданның шаруашылық құрылымдарын бөлім мамандары үнемі аралап, берілген ұсыныстарды басқармаға жолдайды. Қосымша бөлім тарапынан жедел әрекет ету, түсінік беру мақсатында Whatsapp әлеуметтік желісінде «Махамбет фермерлері» тобы құрылған. 200 шаруа қожалықтың мүшесі сол топқа тіркеліп, сұрақтарына жауап алып отырады.
Қазақстан Республикасының «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» заңына сәйкес Махамбет ауданы бойынша 2019 жылдың 8 сәуірінен бастап 2020 жылдың 15 мамырына дейін 46 шаруа қожалық күн сәулесінен қуаттанатын панель сатып алды. Сәйкесінше, шығынның 80%-ы субсидияланды.
«Тасқалиев» шаруа қожалығы 2019 жылдың «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу» бағдарламасының №4 «Жайылымдық жерлерді суару паспортына» сәйкес 2020 жылдың 15 мамырына дейін өтінім ұсынбаған. Бұл орайда, Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ММ субсидиялау туралы нормативтік құжаттарды, ақпараттарды жергілікті БАҚ көздеріне жариялағанын қаперге береміз. Қосымша Ауыл шаруашылығы минстрлігінің ресми сайтында да заңдылық толық жарияланған.
Қазіргі таңда субсидиялауға қатысты сұрақтар, жаңалықтар мен өзгерістер ресми БАҚ арқылы, Qoldau.kz сайтында, әлеуметтік желі арқылы ашық түрде жолданып, жарияланады. Аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің мамандары да келушілердің мәселесін тыңдап, тиісті органдарға құжаттарын жолдап, заңсыздықтың орын алмауын қадағалап отыр.
Жалғансай ауылдық округіне қарасты «Рамазан» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланып отырған жер көлемі – 90 гектар. Мақалада аталмыш шаруашылық «өткен жылы 50 га жерге картоп, көкөніс егіп, жұмысшылардың болмауы себепті, оның жартысынан көбін жинай алмай қалған» деп жазылған. Өткен 2021 жылы «Рамазан» шаруа қожалығының «Қазсушар» РМК мекемесімен Бақсай каналынан су тұтынуға жасалған келісім шарты бойынша егілген егісінің көлемі алма бағымен қосқанда – 33,5 га. Оның 3 га картоп, 8,5 га көкөніс, 1 га бақша, 9 га бақ, 12 га көпжылдық шөп. Сонымен қатар, өткен жылы «Рамазан» шаруа қожалығында 6 га картоп, 7 га пияз, 8 га сәбіз жиналмай қалғаны жөнінде ресми, нақты ақпарат тіркелмеген. Жылыжайға, жарыққа субсидия берілмеу себебі: «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» қағидасының №12 «Жылыжай кешенін салу және кеңейту» паспортының талабы мен өлшемшарттарына сәйкес келмейді.
2018-2021 жылдар аралығында «Рамазан» шаруа қожалығына берілген субсидия көлемі мынадай: Тыңайтқыштарды субсидиялау бойынша:
2020ж – 733268,50 тг;
2018ж – 774450,0 тг;
Жиыны: 1 507 718,50 тг.
Су құнын субсидиялау:
2019ж – 2 115 205,33 тг;
2020ж - 4 205 906,18 тг;
2021ж – 4 505 537,77 тг;
Жиыны: 10 826 749,17тг.
Ал, жұмысшыларды кері қайтарудың себебі: Атырау облысына бөлінген шет ел жұмысшыларын жұмысқа тарту квотасының саны аз болған және қожалық басшысы дер кезінде квотамен жұмысшы алуға ұсыныс бермеген.
2020 жылдың 2 наурызында өткен баспасөз жиынында ҚР Үкімет қорытындысымен ПремьерМинистрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін қатаң шаралар қабылданатынын» айтты. Соның ішінде ведомствоаралық комиссияның бақылауымен шет ел жұмысшыларына да шектеу қойылатыны ескертілді.
Бақсай ауылдық округіне қарасты Көздіқара елдімекенінде орналасқан «ЖарасовБ» шаруа қожалығы 2021 жылы шаруашылық егіске пайдаланатын су жеткізуді субсидиялау бойынша 6,9 млн теңге алды. 2021 жылдың желтоқсан айында жемшөп шығынын өтеуге 25 бас аналық МІҚ малына субсидия алуға өтінім тапсырды. Қаржы бітіп қалуына байланысты резервке орналастырылды, ағымдағы жылдың 1 тоқсанында төленеді. Шаруашылықтағы техника жетіспеушілігі мәселесіне келсек, 2019 жылы «Қазагроқаржы» АҚ-нан 2 дана МТЗ-82 маркалы тракторын алған болатын. Трактор құнының 25%-ы субсидияланды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, субсидияға қатысты барлық өтінімдердің уақыты, мерзімі арнайы сайттарда ашық түрде жарияланып отырады. Шаруагерлер салғырттық танытпай, дер кезінде дереу қимыл жасаса, өздеріне заң негізінде тиесілі көмекті алуына еш кедергі жоқ.
2018-2021жылдар аралығында СП «Первомайский» ЖШС-іне, Атырау қаласындағы О.Көшеков атындағы аграрлы -техникалық колледждің студенттері алғашында дуалды оқу әдісі бойынша өндіріспен танысып, диплом алған соң серіктестікке жас маман ретінде жұмыста қалған. 2018 жылы ветеринар, осеменатор, механик, ауыл шаруашылығы технологы мамандықтарының 11 жас маманы жұмысқа тартылып, 2019 жылы 7 жас маман, 2020 жылы 4 жас маман, 2021 жылы 6 жас маман қосылған. Қазіргі таңда 2018-2021жылдары аралығында жұмысқа қабылданған жас мамандар, басқа да шаруашылықтардан тәжірибе жинау мақсатында Серіктестікпен еңбек шартын тоқтатқан. Ал 4 жас маман еңбек жолын сол жерде жалғастыруда.
А.ҚАПАНОВ, аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы