Бұл жердің аты Сарытоғай екен ежелден...

Жер аумағы 736 гектарды құрайтын, 2000-нан сәл ғана асатын халқы бар Сарытоғай ауылының өткені мен бүгінінен сыр шертер сәт туды. 

Көз алдыңызға елестетіңізші. Жайықтың жайма суы ағып жатыр, айналаны ну қамыс басып, жабайы аңдар тіршілік етуде. Сондай жерде елдімекен пайда болады деп 1932 жылға дейін ешкім ойлап көрмеген де. Қалың тоғайы мен жыңғылына сәйкес жергілікті тұрғындар бұл маңды «Сарытоғай» деп атаған. Жер аумағы 736 гектарды құрайтын, 2000-нан сәл ғана асатын халқы бар Сарытоғай ауылының өткені мен бүгінінен сыр шертер сәт туды. Өйткені, биыл тұрмысы жайлы, өмірі сәнді Сарытоғай ауылына 90 жыл толып отыр.

sartogai11022022-3

КӘСІПОРЫННЫҢ ҚОЛДАУЫ АУЫЛДЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРДІ

Өткен ғасырдың басында алма бағының орнындағы жер үйлерде Әбдірахман, Жеміс, Оразалы, Нұрха, Иманғазы ағалар аз ғана шаруашылығымен тұрып, арпа, тары еккен мекенге халық 1932- 36 жылдан бастап қоныстана бастаған. Қосалқы шаруашылық негізінен егін, баубақша өсірумен айналысқан. Алғашқы шаруашылық құрылған жылдары 30 шамалы үй, 150-дей тұрғын болған. Қосалқы шаруашылық алғашқы егінін Ақшоландағы «Бекқали» талында егіп, кейіннен Сарытоғайға көшіп, осы жерге жайғасты. Тыл ардагері, шаруашылықта агроном болып еңбек еткен Уали Рахымжанов ауылдың тарихымен жете таныс.

– 1941 жылдары «Ембімұнайгаз» кәсіпорнының жұмысшыларын жемісжидек, көкөніспен, етпен қамтамасыз ету мақсатында осы жерден шаруашылық ашқан. «№1 қосалқы шаруашылық» деп аталып, ол жерде алма бағын сала бастаған. Сонымен қоса картоп, қырыққабат, қияр, қызанақ секілді көкөністерді де салған. Кейін шошқа, жылқы, түйе ұстады. Шаруашылықтың адам саны Ұлы Отан соғыс аяқталғаннан кейін жер аударылып келген орыс, поляк, неміс, болгар, венгр, түрік, шешен, Қырым татарларымен толықты. Алдымен ауылдың орталығындағы жер терең етіп қазылып, соған барак салынған. Әрбір үйге жер бөлініп беріліп, олар шаруашылығын жүргізді. Халықтың әл-ауқатын көтеру үшін ауылдан мәдениет үйі, наубайхана, типтік монша, медпункт ашылды. Мұның барлығы «Ембімұнайгаз» кәсіпорнының ерекше қамқорлығының арқасы екендігі анық еді,- дейді еңбек ардагері.

Алматыдағы оқуын енді бітірген жас жігіт Құрманғазы ауданына жолдамамен барғалы тұрғанда тағдыр оны Сарытоғай ауылына қарай бұра жөнеледі. «Бәрі кешегідей көз алдымда» деген Уали ағайдың өткенге сағынышы мен іштегі өкініші барын байқадық.

s

КЕНЖЕҒАЛИ ДОСЖАНОВТЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕКШЕ БАҒАЛАНДЫ

Жүз гектардың үстінде отырғызылған алма бағынан бөлек, 250-280 гектарға дейін жеткен егін салатын аумақ болды. Шаруашылықтың өзінен, ауданнан, облыстан ауысқан өнімдер Маңғыстауға дейін жеткізілді. Кейін бұл жерден зауыт ашылып, алма, қызанақ, қырыққабаттан түрлі тағамдар жасалды. Соғыс жылдарында ауылға жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған 40- қа жуық болгар, неміс, кәріс, грек, әзірбайжан, украин ұлттары отбасылары жер аударылып келіп, еріксіз еңбекке араласты. Жер аударылып келгендерді жергілікті тұрғындар өз туыстарындай қамқорлап, бір үзім нандарын бөлісіп жеді. Шаруашылықты алғашқы жылдары И.Черноусов, Н.Леднев, Қ.Қисықбасов, Қ.Қуанов, М.Құсманов, Жанғалиевтар басқарды. Әсіресе, И.Черноусов басқарған кезде картоптың әр гектарынан 18-20 тонна өнім алынған екен.

Шаруашылықтың экономикасын, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда 1957-1971 жылдары басшы болған, кезінде Гурьев, Форт-Шевченко қалалық, Махамбет аудандық партия комитеттері хатшысы, Есбол аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасы қызметтерін атқарған Кенжеғали Досжановтың еңбегі ерекше. Тәртіп қатаң сақталып, еңбек мәдениеті көтерілді. Ауылдағы үйлердің 40 пайызы сол кезде салынды. Тұрғындар ардагер ағаның еңбегін ұмытпай, ауылдың бір көшесіне есімін берді.

s

АЛҒАШҚЫ ҚҰРАСТЫРМАЛЫ ҮЙЛЕР САЛЫНА БАСТАДЫ

1955 жылы өкпе аурулар ауруханасы салынып, оны білікті дәрігер Жолдас Сиджанов басқарды. 1956 жылы типтік жобада мәдениет үйі, 1958 жылы орта мектеп үйі, интернат ғимараты пайдалануға берілді. Орта мектеп алғашында Жаманқала орта мектебінің бастауыш сыныптар филиалы ретінде ашылды. Сарытоғай ауылдық кеңесі 1967 жылы ашылып, жұмыс істей бастады. Алғашқы төрайымы Рахима Ләззатова, кейін төраға міндетін уақытша атқарушы Үсенғали Иманғалиев, 1963 жылдан бастап төрағалар Р.Сиджанов, Нәсіп Бектілеуова, М.Нұрғалиев, К.Сиджановтар болса, Н.Қыстаубаев, Т.Шапауова, О.Қайрекешева, М.Ислямғалиевтар әкім болды.

1971 жылы қосалқы шаруашылық «Орал» кеңшары болып қайта құрылды. Алғашқы директоры Уәли Жайықов болды. Одан кейін уақытша В.Ли, Мәулет Нұрғалиев, Қайыржан Құспанов, Дулат Ербатыров, Төлеген Ахметов, Сәлімгерей Қалауовтар басқарды. 1997 жылы кеңшар жауапкершілігі шектеулі кәсіпорын болып құрылып, Ахмат Берғалиев, Жанар Кенжахметовтер басшылық жасады. Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі кездерде Донброк Полина, Грин Евгения, Иван Истомин, Акатан Вайзулиев басшылық еткен болса, Марфа Кувалаки, Қожа Оразалиев, Төлеу Қапановтар көкөніс өсірудің, Төлеу Төреханов, Хасан Байделдиевтер алма бағының майталман шебері болды. Шаруашылықта көп жыл агроном болып қызмет атқарған Дмитрий Стамов, Уали Рахымжановтар, инженер-механик Д.Маскатов, механизаторлар Сүндетқали Құсманов, Вакас Мұхамеджанов, Владимир Гарбузовтар, жергілікті қарапайым шаруалар Қайырлы Фазылов, Жәния Нұрекешовалардың еңбегі ерекше.

sartogai11022022-5

АУДАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰРАМЫНА ЕНГІЗІЛДІ

Сарытоғай 1994 жылы ауылдық округ болып құрылды. 2001 жылы ауылға табиғи газ келсе, 2006 жылы таза су қондырғысы іске қосылды. Ал 2013 жылдан бастап 5 шақырым қашықтықта орналасқан Махамбет ауданы орталығының құрамына енгізілген. Қазір елді мекенді ауыл адамдары «Ескі Сарытоғай», «Орталық», «Жаңа ауыл» («Пятигорск») және «Қазақ ауылы» деп шағын төрт бөлікке бөледі. Бүгінде мұнда 368 түтін бар. Ауылда мектеп, мәдениеті үйі, кітапхана, бөбекжай, дәрігерлік емхана, 4 азықтүлік дүкені, «Арай» демалыс лагері, ресми тіркелген 31 шаруа қожалықтың 19-ы жұмыс жасайды. «Арай» лагері күрделі жөндеуден өтіп, былтыр толықтай пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, ауылға жалпы ұзындығы 10,9 шақырым ауылішілік жол салу үшін жеке қаражат есебінен 20 млн қаражат бөлініп, жобалық сметалық құжаттама дайындап, мемлекеттік сараптамадан өтіп, қазіргі уақытта тиісті қаржысы бөлініп, жол құрылыс жұмыстары аяқтала келді. Өткен жылы Сарытоғай ауылында «GURYEV» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастамасымен жүзеге асқалы отырған өлшеуіш құрылғыларды өндіру кәсіпорнының алғашқы кірпішін облыс әкімі М.Досмұхамбетов қалады. Шетелдік құрылғылармен жабдықталған зауыт айына 18 мың дана есептегіш құрал шығаруға қауқарлы. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.

Бір кездері ауданға келген Мұхтар Шаханов жайқалған алма бағын көріп, «Сарытоғай – бұл екінші Алматы» деп атап кетуі де тегін емес еді. Сол жайқалған алма бақтан жұрнақ та қалмағаны өкінішті, әрине. Бірлігі мен татулығы жарасқан, оннан астам ұлт өкілдерінің құт мекені – саялы Сарытоғай ауылының түтіні түзу, тұрмысы жайлы, өмірі сәнді. Жергілікті адамдар елдімекеннің өз алдына округ болғанын қалайды. Өйткені, көп жағдайда аудан орталығының көлеңкесіне айналып кетеді деседі. Жалпы ауылда атқарылар істер, ойлаған жоспарлар көп-ақ. Жұрт болып жұмылса, түрлі белесті бағындырары сөзсіз. Ауылдың сыры да, жыры да бөлек.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT