Отанды қорғау – абыройлы міндет

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуы – төл тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары болған маңызды оқиғалардың бірі. 1992 жылы құрылған еліміздің Қарулы Күштері әр жылдары уақыт талабына сай қарқынды дамып, өз әлеуетін арттыра түскенін ерекше атап өтуіміз керек. 

Өткенге оралсақ...

Тәуелсіздік алған тұста Қазақстанның ең алғаш қолға алған маңызды шаруасының бірі ел шекарасын шегендеу болатын. Өйткені, еліміздің ұлан-ғайыр даласы барда, оның асты мен үстіндегі телегей-теңіз табиғи байлығы кім-кімнің де болсын «көзқұртына» айналары даусыз. Сондықтан, Отанның шекарасын бекемдеу ісі уақыт күттірмейтін шаруа еді. Қазір жер көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орынды алатын қасиетті Қазақ елінің тәуелсіздігіне ешқандай сырт мемлекет көз аларта алмайды. Өйткені, Отанымыздың жел жағына қалқан болар Қарулы Күштеріміз бар.

Жалпы, Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде өзінің дербес әскерін құру ісі 1992 жылдың 7 мамырында Президенттің «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлықтары шыққаннан кейін жедел басталып кетті. Бүгінде еліміздің қорғаныс саласы аяғынан нық тұрған іргелі құрылымға айналып отыр.

Әскер – мемлекеттің айбыны. Бетке ұстар айбары. Өрекпігеннің мысын басар қаруы. Халқының қорғаны, тәуелсіздіктің күзетшісі. Сол себептен де халық батыры, Ұлы Отан соғысында толарсақтан қан кешіп жүріп Отанын қорғаған  Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Елдің тыныштығы мен бейбітшілігін күзеткен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанына биыл – 32 жыл.

Былтыр 33 азамат әскер қатарына жіберілді

Қарулы  Күштердің  қанаты  қатайып,  бұғанасы  бекіген сайын  жауынгерлік әлеуеті де арта түсті. Қазақстан  әскеріндегі сап түзеп тұрған сарбаздар мен  сардарлардың  Отанға  деген  патриоттық  сезімі  артып, рухы  биіктеді. Оған Отан алдындағы борышын өтеуге ынталы жастар санының арта түсуі дәлел. Өткен жылы Махамбет аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен кәмелет жасына толған 33 азамат әскер  қатарына  жіберілді. Олар ҚР  Қарулы Күштері, Ұлттық Ұлан, Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметінде Отан  алдындағы  міндеттерін  атқаруға аттанып, алғыс хаттармен оралуда.

– 2024 жылғы  көктемгі әскерге шақыру  науқанына 73 азамат  шақырылып,  оның  ішінен 4 әскерге  шақырылушы  Шекара  қызметіне, Қазақстан Республикасы  Қарулы  Күштерінің  қатарына 4  әскерге шақырылушы әскери борышын өтеуге аттанды. Одан бөлек, арнаулы  және жоғары әскери  оқу орындарына түсуге тілек білдіруші жасөспірімдердің  қатары да жыл сайын көбейіп келеді. Қай кезде де әскер елдің қорғаны, айбыны болып саналады.  Осы орайда ауданымыздың жас өркені С.Нұрмағамбетов атындағы  әскери  колледждедің  ұланы Мансур Сәлімжанов кезекті демалыс кезіне келгенде өзінің  қатарластарына  әскери  колледждің  жеңілдіктері туралы айтып, колледжге түсуге кеңес берді. Сонымен қатар келісімшарт бойынша әскери қызмет – бұл мемлекеттік қызметтің ерекше түрі ғана емес, кәсіби өсу келешегін беретін, әскери қызметкердің өзінің, оның  отбасының әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін абыройлы жұмыс. Әскери қызметкерлер келісімшартта көрсетілген  қажеттіліктің барлық түрлерімен қамтамасыз етіледі.  Аудан бойынша әскери қызметке ниет білдіріп қазіргі таңда қызметтерін атқарып жүрген азаматтарымыз жетерлік,- дейді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Ербол Айтжанов.

Қорғаныс саласының жұмысы тек қана әскер қатарына шақыруға жататын  жасөспірімдерді ғана шақырту ғана емес, әскери міндетін өтеп келген әскери міндеттілермен, запастағы офицерлермен де тығыз байланыста. Еліміздің қорғаныс саласын нығайтуда осы саланың атқарар рөлі зор. Қазіргі уақытта әскери қызметкер болуға қызығушылығы бар жастарға үлкен мүмкіндіктер бар.

Ер туған жеріне тартады

Атырау облысына төнген төтенше жағдайға байланысты «Батыс» өңірлік, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарының бастауымен Махамбет ауданындағы Жайық жағалауын бекіту жұмысына 638 әскери қызметші жұмылдырылды. Еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірді күзеткен әскери қызметкерлер мен сарбаздардың еңбектері ерен. Отанды қорғау әр азаматтың өз мемлекетінде тәуелсіз сезінуді қамтамасыз етеді.  Отан алдындағы борышын өтеушілердің бірі – Сарытоғай ауылының тумасы Естай Жоламанов Маңғыстау облысындағы №25744 Теңіз жаяу әскери бригадасында Отан алдындағы борышын өтеуде.

– Еліміздің батыс өңірінде, соның ішінде Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында орын алған су тасқыны барша қазақстандықтарды алаңдатқаны рас. Осы орайда өр суынан жұртшылықты қорғап, бөгет соғу жұмыстарына бір топ сарбаз келдік. Осынау қиын мезетте төтенше жағдайдың алдын алу маңызды. Өзімнің туған жерім Махамбет ауданынан келіп, жағаны бекітуге атсалысып жүргенімді мақтан тұтамын. Ал Сарытоғайдағы «Арай» демалыс лагеріне бізді орналастырғанда қуаныштан төбем көкке жетпей қалды. Себебі бұл жер менің аунап-қунап өскен ортам, ата-анам, бауырларым, достарым бәрі осы жерде. Ауылымызды барлық табиғи апаттан қорғап қалуға әрдайым дайынмын. Әскерден оралғаннан кейін Отаныма адал еңбек етуге уәде бермеймін. Және өз қатарластарымды Отан қорғауға шақырамын. Жалпы Отанын қорғау тек әскерилерге ғана емес, әрбіз жүрегі «қазақ» деп соққан жанның парызы деп санаймын,- дейді Е.Мұқтарұлы.

Сонымен қатар облыс әкімінің шешімімен өткізілген әскери оқу-жаттығу жиынғына ауданымыздан 9 әскери қызметші қатысты.          

– Өз  Отанын  қорғау – әрбір  азаматтың  қасиетті  борышы  әрі міндеті. Бұл – ғасырлар бойы кең байтақ кеңістікті қазақ жерін жат жұрттық басқыншылардан ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап келген ата-бабаларымыздың даңқты ерлік дәстүрі. Осынау даңқты дәстүрлерді байытып, ертеңгі күнге жалғастыру, әрине, жас ұрпақтың еншісіндегі дүние. Ал, сол тарихи деректерді талдап, тарқату, өскелең ұрпақтың санасына сіңіру, олардың бойына отан сүйгіштік, қазақстандық патриотизм рухын дарыту баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы орайда  Қарулы  Күштер  жауынгерлері  мен  ардагерлерін жігерлі және ерік күш иелері күнімен құттықтаймын. Бұл күні біз Қарулы Күштер қатарында қызмет еткендер мен сапта жүргендерге құрмет көрсетеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қарулы Күштеріміздің қуаты нығайып, айбыны асқақтап, даңқы арта берсін,-деді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Ербол Айтжанов.

Патриоттық тәрбие – тәрбиенің маңызды саласы. «Отан қорғаушылар күні» - батыр бабаларымыздың қайсар да, айбынды жауынгерлік дәстүрінің жалғасын тапқан күні. Еліміздің қауіпсіз болашағы жолында аянбай еңбек етіп жатқан ұлттық әскерімізге артар үмітіміз орасан. Айбынды әскер жас мемлекетіміздің берік қорғаушысы. Ендеше, көктемнің шуақты күнінде жалындай келген Отан қорғаушылар күні құтты болсын, ағайын! Ел тәуелсіздігінің тұтқасын ұстар ер-азаматтарымыз жасасын!

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT