Аудан айнасы «Жайық шұғыласы» газеті қашанда билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір, жаңалықтың жаршысы деп бекер айтпаймыз. Қай уақытта болмасын, аудандық әкімдік пен төл баспаның арасындағы тығыз іскерлік қарым-қатынас, байланыс үзілген емес. Осы ретте халықтың үнін, мұңын жеткізуші, сексен жылдан астам тарихы бар «Жайық шұғыласы» газетін басқарған редакторлардың да орны бөлек. Солардың бірі, газетіміздің тарихындағы тұңғыш әйел редактор Сүйеуова Баян Сүлейменқызы жаңа қызметке ауысуына орай, аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев әріптесімізді жеке қабылдап, аудан халқы атынан алғысын білдірді.
БАЛАМА ЖАЗЫЛУДАН КӨШ БАСТАДЫ
– Махамбет ауданына, аудандық басылымға он жылдан астам еңбек етіп, өңіріміздің қоғамдық өміріне, саяси науқандарға белсене араласқан Баян Сүлейменқызы өзінің іскерлігімен, еңбекқорлығымен ауданның ақпарат саласында қолтаңбасын қалдыра білді. Бірнеше жыл бас редактордың жауапты хатшысы қызметін атқарып, кейін «Жайық шұғыласы» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы лауазымына көтерілді. Ол басшылық еткен соңғы төрт жылда жергілікті баспаның тарихында біраз оң өзгерістер орын алды. Соның бірі – аудан айнасы жергілікті әкімдіктің қолдауымен күрделі жөндеуден өткен жаңа ғимаратқа қол жеткізді. Сонымен қатар, «Қазпоштадан» бөлек, басылымға балама жазылу бағдарламасы енгізіліп, халыққа қолжетімді бағада газет ұсындық. Ұжым да жаңа қызметкерлермен толығып, түрлі спорттық, интеллектуалдық сайыстардан жүлдегер атандық. Осының барлығы Баян Сүлейменқызының шебер ұйымдастырушылық қабілетінің жемісі десек артық емес.
ӘРІПТЕСТЕР ЛЕБІЗІ
Баян Сүлейменқызы ауданымыздың бас газетінде бірнеше жыл абыройлы еңбек етіп, елордаға қызмет ауыстырып жатыр. Махамбет ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үле қосып, халықпен арадағы байланыстың алтын көпірі болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз. Осы бір жауапкершілігі мол салада қызметпен қатар, қоғам белсендісі, депутат та болдыңыз. Кешегі төтенше жағдай кезінде де халықты ақпараттандыру үшін күні-түні жұмыс жасап, қызметіңізге адалдық таныттыңыз. Ендігі еңбек жолыңызда сізге тек сәттілік, толағай табыс тілейміз,-деп аудан басшысы Қ.Нұрлыбаев арнайы Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
Жиынға қатысушылар арасынан Баян Сүлейменқызымен әріптес болған бірқатар жандар оның жақсы қырлары мен жетістіктері туралы айтып, бір ауыз жылы лебіздерін білдірді. Солардың бірі ардагер Сағынбай Шотпақов ағамыз да ақ тілегін арнап:
– Баянды мен осы ауданға келгелі он жылдан астам уақыт танимын. Өзінің табандылығымен, шығармашылық қабілетімен ортамызға тез үйреніп, ауданның тыныс-тіршілігімен біте қайнасып кетті. Қоғамдық саланың белсендісі. Соның ішінде спортқа деген жанашырлығы үшін ерекше құрметтеймін. Өзіңнің жан-жақтылығыңмен ұжымды да, ортаны да үйіріп алатын қасиетің сені әлі талай биік шыңдарға жетелейтініне сенемін. Барған қызметің де өзің үшін баянды болсын,-деді өз сөзінде.
«Amanat» партиясының аудандық филиалының төрағасы Руслан Әженов те әріптесінің жақсы қырларын атап өтті. Әсіресе, Баян Сүлейменқызы аудандық мәслихаттың 7, 8 шақырылымдарының депутаты болған тұста қоян – қолтық жұмыс жасап, тұрғындар тарапынан түскен өтініштер мен шағымдардың аясында бірқатар депутаттық сауалдарды көтергенін де айтты. Сонымен қатар, елімізде алғаш рет өткен праймериз бойынша сайлауда аудандық мәслихат депутаттары арасынан ең жоғары ұпай көрсеткішін жинаған да Баян Сүлейменқызы болатын. Бұл да болса, оның халықпен арада сенімді байланыс орната білген іскерлігінің дәлелі дер едік.
Осы ретте аудандық мәслихаттың депутаты, З.Ещанова атындағы аудандық Өнер мектебінің директоры Эльмира Жалғасқызы да өзінің жүрекжарды лебізін арнады.
-Баянмен өмірде де, қызметте де жолымыз жиі тоғысады. Оның болмысында айналасындағы адамдарды алға жетелеп тұратын мотиватор, бастаушы, қозғаушы қасиетін қатты бағалаймыз. Ұрпақ тәрбиесіне, болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайтын ана ретінде құрметтеймін. Қай істе де қайсарлық танытып, алға қойған мақсаттарыңа біртіндеп жетіп келесің. Осы бетіңнен тайма! Сенің жетістігің біз үшін де, біздің аудан үшін де үлкен абырой болары сөзсіз-,деді аудандық мәслихат депутаты Э.Жалғасқызы.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғали Аруев та бір салада еңбек етіп жүрген қарындасына сәттілік тілеп:
– Баян Сүлейменқызы әріптесіміз, әрі қарындасымыздай болып кетті. Жаңа орта, жаңа қызметке қадам басып жатыр екен, сәттілік тілейміз! Бұған дейін атқарған жұмыстарыңызда білікті маман екеніңізді дәлелдеп жүрсіз.Ендігі қызметте де іскерлік қабілетіңізбен биік белестерді бағындыра алатыныңызға сенемін,- деп қорытындылады өз сөзін.
ТӘУЕКЕЛШІЛ ҚАСИЕТ ИЕСІ
Нұрғали Латифұлы айтқандай, аудандық басылымнан, республиканың түкпір-түкпірінде оқырманы бар, тарихы терең «Егемен Қазақстан» газетіне қызмет ауыстырып жатқан басшымыздың білімі мен тәжірибесі, шығармашылық мүмкіндіктері оған тек сәттілік пен табыс әкелеріне біз де сенеміз. Ұжымда жанашыр дос, қатал сыншы, әділ басшы бола білген Баян Сүлейменқызын жас пен кәріміз қимай шығарып салдық. Бірақ, өзінің «Өмір бір орында тұрмайды. Өсу керек, болашаққа ұмтылу керек» деген бір ауыз сөзімен Баян Сүлейменқызы бәрімізге мотивация сыйлап кетті. Оның бойындағы осы бір өжет, тәуекелшіл қасиеті жетістігінің басты құпиясы деуге болады.
БАЯННАН БІР ІС ҚАЛЫПТЫ...
Жиын соңында аудан әкіміне, әріптестеріне алғысын айтқан бас редактор «Жайық шұғыласында» аяқталмай қалған тағы бір үлкен жұмысты аманат етті. Ол – төл басылымның 1941 жылдан бері қарай сақталған нөмірлері аудандық, облыстық архивтен де табылмағанын айтты. Бір болса, Алматыдағы немесе Мәскеудегі мұрағатта сақталуы мүмкін екен. Сол ескі басылымдардың көшірмесін алдырып, қайта қаттап, мұрағатқа қосу қаражатты талап етеді. Осы жұмысты аяқсыз қалдырмай, өткен күннің тарихы сақталған газеттер жиынтығын келер ұрпаққа қалдыру үшін жұмыстануды сұрады.
А.САТАЕВА