АУДАНДАҒЫ АУҚЫМДЫ ЖОБА ҚАШАН ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ?

МЕМЛЕКЕТ БАС­ШЫСЫ АЙҚЫНДАҒАН ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ САЯСАТЫНЫҢ БІР БӨЛІГІ САНАЛАТЫН ОСЫ ИНВЕСТ ЖОБАЛАРДЫҢ ІШІНДЕ «А-ДАНА» БАЛЫҚ ӨСІРУ КЕШЕНІНІҢ ЖҰМЫСЫ КӨПШІЛІККЕ ҚЫЗЫҚТЫ БОЛЫП ОТЫР. ЖОБА АВТОРЫНЫҢ ӨЗІ МҰНЫ «КЕЛЕШЕКТІҢ ЖОБАСЫ»ДЕП АТАДЫ. ДЕМЕК, ЖОЙЫЛУДЫҢ АЗ-АҚ АЛДЫНДА ТҰРҒАН АТЫРАУДЫҢ БЕКІРЕСІНЕ БОЛАШАҚ СЫЙЛАЙТЫН ЖОБАНЫҢ БІРІ – ОСЫ.

Махамбет ауданы, Талдыкөл ауылдық округінде 2020 жылы басталған кешен биыл пайдалануға берілуі керек еді. Алайда, көктемгі су тасқыны кезінде екі ай бойы 1,5 мет­рге дейін су астында қалған қожалық қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биыл техникалық ашылу болғанымен, жұмысты толық бастау келер жылдың еншісіне қалмақ.

Жалпы, «А-Дана» – біздің облысымыз үшін маңызы бар, тың, ерекше жоба. Атырау әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау корпорациясының қаржылай қолдауымен іске асып жатқан жобаның негізгі құны 1 млрд. 970 млн теңгені құрайды. Инвестициялық жоба болғандықтан оның 980 млн. теңгесін аталмыш мекеме төлеп береді. Ал, қалған шығындарды шаруашылық иесі өзі өтеп отыр.

Аядай ғана ауылда салынып жатқан ауқымды жобаның мақсаты қандай? Болашақта бізге не береді? Қандай ғылыми-зерттеу жұмыстары жүзеге аспақ? Атыраудың бекіресін сақтап қалу үшін қандай тәжірибелер іс жүзінде қолданылмақ? Осы сынды сауалдардың жауабын жобаның авторы Ернұр Жамаловтан сұрап, білдік.

Балық өсіру саласының маманы, «Болашақ» бағдарламасының, Н.Назарбаев атындағы университеттің түлегі, Малайзия, Сингапур мемлекеттерінде білім алып, тәжірибе алмасқан Ернұр Құрсанбекұлы саладағы негізгі мәселелер мен кемшіліктерді де атап өтті.

– Бұл жобаны жүзеге асыру үшін бізге 4 жылдай уақыт кетті. Біз негізгі екі бағыт бойынша жұмыс жасаймыз. Біріншіден – «Жайық- Каспий» бассейнінде бекіре тұқымдас балықтардың санын арттыру. Болашақта балаларымызға қызыл балықты тек Қызыл кітаптан көрсетіп отырмау үшін оларды жа­санды көбейту технологиясын іске асыруымыз қажет. «А-Дана» осы бағытта жұмыс жасайтын, балық шабақтарын өсіріп, өз мекеніне қайта жіберетін жасанды су бассейні бола­ды. Екінші бағытымыз – осы саланы дамытатын білікті мамандар дай­ындау. Ауыл шаруашылығы, балық қорғау саласының мамандары жыл сайын еліміздің белді жоғары оқу орындарын бітіріп жатыр. Бірақ, ди­плом бойынша жұмыс жасайтындар саны аз. Себебі, университеттердің білім беру базасы ескі бағдарламамен жұмыс жасауда. Ал, жас мамандарды даярлау үшін тәжірибе мен жаңа технология қажет. Соны меңгеріп алса, жүмысты дөңгелентіп әкетуге болады. Біздің мақсатымыз- зауыт ашылғаннан кейін 1 жыл ішінде осы салағы қызығушылығы бар жастарды даярлап, оқытып маман етіп шығару,- дейді Е.Жамалов.

«А-Дана» шаруа қожалығы бастапқыда 10-15 адамды жұмыспен қамту мүмкіндігіне ие. Бастапқы бір жыл бойы тек шетелдіктер қызмет етеді деп жоспарлануда. Себебі, голландиялық технологияны білетін мамандар ғана жас шабақтарды өсіру процесін бақылайды. Бірақ, осы бір жыл ішінде де жергілікті тұрғындар арасынан жұмысқа ниет білдіруші мамандар болса, қосымша жұмыс күшін арттырып, үйретуге жоба жетекшілері де дайын екенін жасыр­мады. Тіпті, тұратын орын, жақсы жалақы және оқыту да тегін болмақ.

Атыраудың байырғы тұрғындары бір кездері қызыл балық пен қара уылдырықты қалай жегенін жа­рыса айтып жүреді. Бірақ, қазіргі, келер ұрпақ сол байлықтың тек суретін көріп отыруы әбден мүмкін. Мен шетелде білім алған уақытта бір ұққаным – біздің еліміздің болашағы ауыл шаруашылығында ғана. Мұны Президентіміз де айтып отыр. Әсіресе, Сингапур секілді дамыған, жемқорлық жоқ елдерде келешекте сенімді мұнайға емес, ауыл шаруашылығына арту керектігін ұғасыз. Неліктен балық өсіру шаруашылығы елімізде Кеңес үкіметінен кейін кенжелеп қалды? Себебі, біз сол технологиямен бір орында тұрып қалдық. Қарапайым шабақтарды санаудың өзін әлі байырғы әдіспен жүзеге асырып жүрміз. Жасанды интеллект дамыған заманда оның бәрін компьютер мен робот атқарады емес пе? Олар есеп жүргізуді бізден артық орындайды. «А-Дана» осындай жаңа техникалық құралдармен жабдықталған кешен болмақ. Жас шабақтар күніне қанша грамм жем жейді, қанша салмақ қосады, олардың саны, қанша км жүзгені бәрін санап отыруға болады. Егер оны жүзеге асырсақ, ТМД елдері арасында алғаш рет біздің елімізде осындай жоба жүзеге аспақ,-дейді жобаны авторы.

Бекіре балығы Жайықтың алтын қазынасы десек артық болмас. Оның популляциясының өзі белгілі бір кезеңдерден тұрады. Тіпті, мамандар бекіренің де қазақтар секілді жеті атасы болады дейді. Соны сақтап қалу үшін де ғылыми жұмыстар атқарылуы керек екен. Балық тұқымдасының ішіндегі бірегейі бекіреде «хоуминг» жасушасы жақсы жетілген. Яғни, олар қай жерде өсіп-өнсе сол жерге қайта оралады. Осы ретте тәжірибелі маманның айтуынша елімізде бекіре тұқымдастардың жойылуына әсер етіп отырған бірнеше фактор бар.

– Қазақстанда қағаз жүзінде ғана жыл сайын «Жайық-Каспий» бассейніне жіберілетін шабақтардың саны көп, ал іс жүзінде оларды санап көргендер бар ма? Каспий маңы мемлекеттері арасындағы өзара келісімді орындап отырмыз. Бірақ, балық саны жылдан-жылға тек азай­ып, құртылып бара жатыр. Мәселен, Ресейдің 7 зауытынан жылына 30 млн. шабақ теңізге жіберіледі. Олар бір ғана Волга өзенінен келсе, сонда қайтып барады. Жайыққа келмейді. Сондықтан, біз өз шабақтарымызды, өз тұқымымызды көбейтумен ай­налысуымыз керек,-дейді Ернұр Құрсанбекұлы.

Ауқымды жобаның авторы балық өсіру өндірісін мектептерден ба­стау керектігін айтып отыр. Бұл бағытта олардың жүзеге асқан үздік жобалары да жоқ емес. 2018 жылы Петропавл қаласындағы оқушылар сарайында аквопоника кабинеті ашылыпты. Бүгінде сол жерден тәжірибе жинақтаған оқушылар әлем елдері арасындағы жарыстарда жүлделі орындар алып жүр. Аква және гидропоника кабинеттерін ашудың өте үлкен артықшылықтары бар. Біріншіден, оқушылар мектеп жасынан бастап балықтың түрін, тыныс-тіршілігін, өсіп-өнуін, жемін, дамуын бәрін бақылап, баптай ала­ды. Екіншіден, оның қалдықтарын өсімдіктерге тыңайтқыш ретінде пайдалануды үйренеді. Әлемдік тәжірибеде мұны ірі шаруашылықтар өз керегіне пайдаланып та жатыр. Ал, жас ғалымдар осы тақырыпта жоба қорғап, келешектің қамы үшін қазірден еңбектенуде. Ернұр Жама­лов «А-Дана»-ның тағы бір жобасы еліміздің облыстарында осындай кабинеттерді ашу екенін айтып отыр. Алдағы уақытта Астанадағы Н.Назарбаев мектебінде аквопоника сыныбы ашылуын қаржыландырса, келер жылдары Махамбет ауданының бір білім ордасына осын­дай мүмкіндік сыйлауды жоспарлап отыр. Демеушілердің басты шарты – аквопоника сыныбында балалар­мен жұмыс жасай алатын, өз ісін сүйетін, түсінетін нағыз маман болса дейді. Сондай мамандар ғана келе­шекте осы саланың жас ғалымдарын жетістікке жеткізбек. Бір ғана акво­поника сыныбын жабдықтауға 10-35 млн. аралығында қаражат кетеді. Бірақ, ерте жастан балаларға осы саланың қыр-сырын меңгерту үшін жұмсалатын мұндай қаражат түбі ақталары сөзсіз.

Көп жағдайда қаладағы балаларға, қала мектептеріне көңіл бөліп, халықтың басым бөлігі шоғырланған ауылды ескермей жатамыз. Бірақ, болашақтың қайнар көзі ауыл шаруашылығы саласында, ауылда болғандықтан, оны дамыту да ба­сты орында деп есептеймін. Егер біздің қолдауымызбен ашылатын аквопоника сыныбы бар мектептер көбейіп жатса, біз де түрлі жары­старды ұйымдастыруға ниеттіміз. Қазір біздің оқушыларымыз әлемдік деңгейде осы тақырыпты талқылап жүр. Демек, өзара бәсекелестік, тәжірибе алмасу оларға керек. Сол себепті, біз осы уақытқа дейінгі іс-тәжірибемізге сүйене отырып, бұл саланың мамандарын мектеп жасынан даярлау дұрыс деген тұжырымды қолдаймыз. Түсіне білген жандарға, әсіресе балалар үшін бұл өте қызық тақырып. Жәй ғана аквариумды үйге алып келгенде балалар қалай қатты қуанады, білесіз бе? Аквопоника кабинеттерінде оның түр-түрі болады. Әр балықты зерттеп, зерделеп, тіршілігін,тамағын бақылауға аласыз. Шетелде бұл методика әлдеқашан қолға алынып қойды. Соның арқасында жыл сай­ын әлемдік олимпиадалар, ғылыми жобалар сайысына біз сол елдерге барып, бақ сынап жүрміз. Енді осы мүмкіндікті қарапайым ауыл балала­рына сыйласақ, ғанибет болар еді,- дейді Е.Жамалов.

Аквопоника кабинетінің әзірге ауылымыздың қай мектебінде ашы­латыны белгісіз. Алайда, болашақта жүзеге асатын бұл жобаға қызығушы жастардың қатары көп боларына біз де сенеміз. Балық өсіру, балық қорғау саласында жаңа мамандарды даярлау үшін қолдау білдіруге дайын шаруашылық басшылары жоғары оқу орындарының студенттеріне де қосымша грант бөлуді жоспар­лап отыр. Атап айтқанда, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің ихтиология және акваресурстар мамандықтарына қосымша 10 грант бөлуді қарастырмақ. Аталған гранттың иелері сәйкесінше, болашақта осы саладағы кадр тапшылығы мәселесін азайтуға үлес қосады. Екіжақты келісім жүзеге асса, «А-Дананың» болашақ маман­дары осы жерде білім алады деген сөз.

«Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алған Ернұр Жама­лов жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығында іске қосу саланы дамыта түседі деген пікірде. Расы­мен, біз жасанды интеллектінің мүмкіндіктерінен қорқып жүргенде, басқа елдер өз пайдасына жаратуда. Жуырда ғана Солтүстік Қазақстан облысында бір шаруашылық осын­дай роботтардың арқасында бүтін бір сиыр фермасын ұстап отырғаны белгілі болды.Жасанды интеллект арқылы жұмыс жасайтын робот- сауыншылар өз жұмысын жақсы атқаруда. Күніне қанша литр сүт сауылуы керек, қанша жем-шөп жеу керегін де өзі есептеп, дайындай береді. Бір қызығы, осы технологияға бейімделген сиырлар да адам сауса, 30 литрден асатын сүт бермейді екен.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері зиянды тыңайтқыштармен ластанбаған, таза деуге болады. Осының арқасында бізге экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік көп. Шетелде бұл сала жақсы дамығанымен, жасанды дүние көп. Бәрінің қоспасы басым. Осы тұрғыдан да аква және гидропоника кабинеттерін көбейткен абзал. Балықты өсіріп қана қоймай, оның қалдықтарын өңдеудің өзі – тұтас бір технология.

Жалпы қай салада болмасын, біз шетелдік тәжірибені негізге аламыз. Ал, шетелдің экономиканы дамытудағы басты кепілі – білімді ұрпақ болып отыр.Сингапурда білім алып жүріп, осыны ұқтым. Ол жақта ұстаздық мамандықты аса қатты бағалайды. 2017 жылдың өзінде мұғалімдердің жалақысы 5 мың доллар шамасында болды. Сонымен қатар, мектеп жасынан-ақ балаларға басшылық қызметті сыйлауды үйретеді. Елде жемқорлық – жоқтың қасы. Оның басты себебі мемле- кеттік қызметшілерді құрметтейді. Мен оқыған мемлекеттік қызметті үйрету мектебінің түлектерін де солай. Ешқандай қысым жоқ, бірақ мәдениет бар. Қоғамда осы мәдениетті қалыптастыру маңызды деп санаймын,-дейді «Болашақтың» түлегі Ернұр Құрсанбекұлы.

Тұқымы жойылып кету қаупі бар бекіре балығын көбейтудің бірегей жобасы, сұйық қоспада балық өсіру кешені келер жылы ашылады деп күтілуде. «А-Дана» бір ғана балық өсіру кешені көлемінде емес, оның сыртында мамандар, шәкірттер даярлау тақырыбында ауқымды жұмыстарды атқармақ. Аудандағы ірі инвестициялық жобаның келешегі жарқын боларына, ел игілігі үшін қызмет етеріне сенеміз.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT