Қазіргі таңда қоғамның қай саласында болмасын әйелдер қауымы ерлермен тең дәрежеде иық тіресіп, еңбек етуде. Әсіресе, құқық қорғау саласындағы қыз-келіншектердің еңбегін ерекшелеп айтуымызға болады. Себебі олар қоғамдағы әділеттілік пен заңдылықты сақтауға айтарлықтай үлес қосып, өздерінің білімі мен тәжірибесін еліміздің игілігі жолында жұмсап келеді. Сондай жандардың бірі – жерлесіміз Кенжеғалиева Қарлығаш Қалиасқарқызы туралы айтсақ, артық болмас.
1981 жылы Махамбет ауылында өмірге келген Қарлығаш Кенжеғалиеваның еңбек жолы да туып-өскен топырағынан бастау алған. 1998 жылы О.Шонаев атындағы мектебінен қанат қаққан Қарлығашты алға қойған мақсаты Алматы қаласындағы Каспий қоғамдық университетінде білім алуға жетеледі. Төрт жылдық білім нәрін бойына сіңіріп, дипломын қолына алған жас маман туған жеріне келіп, аудандық сотқа қызметке орналасады.
- Отбасында бес ағайындымыз. Ағам дүниеден өткен, үлкен әпкем – дәрігер, одан кейінгі ағам аудандық электр жүйесінде бас инженер, екінші әпкем – жеке кәсіпкер, өзім үйдің кенжесімін. Ата-анам таңдаған мамандығыма ешқандай қарсылық білдірген жоқ, керісінше, мені қолдады. Қандай іс бастасам да, немен айналыссам да қолдау көрсетіп, баталарын беріп, бетімнен қақпады. Заңгерлік беделді қызметтердің бірі болғандықтан, кішкентайымнан қызығушылығым жоғары болды », – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Қарлығаш 2008 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасының бөлім прокуроры болып тағайындалып, 2009-2013 жылдары Махамбет, Индер, Қызылқоға аудандарында құқықтық статистика саласындағы заңдылықты қадағалау прокуроры қызметін абыройлы атқарды. Ал 2013 жылдан бастап күні бүгінге дейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Атырау облысы бойынша Департаментінің қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің аға прокуроры қызметін атқаруда. Шені – кіші әділет кеңесшісі. Қарлығаштың еңбек жолы мен жинақтаған тәжірибесі оны осындай жауапты қызметке жеткізді.
Бүгінде аталмыш Департаментте 19 жедел қызметкер жұмыс істейді, олардың алтауы – әйел азаматтар. Жалпы, құқықтық статистика органдары мемлекеттік қызметтің төрт түрін көрсетеді. Оның ішінде, соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама, прокуратура органдарынан, тергеу және анықтау органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мен оның аумақтық органдары архивтерінің шегінде архивтік анықтамаларды және архивтік құжаттардың көшірмелерін беру, адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәліметтер беру.
- Біздің саланың жұмысы ер не әйел деп бөлінбейді. Кез келген тапсырманы уақытылы орындап, жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруымыз керек. Қызметіміздің қиындығымен қатар қызығы да жетерлік. Сүйікті мамандығымның арқасында еліме пайдамды тигізіп, Отаным үшін адал қызмет ету – басты мақсатым. Осы орайда, әріптестерімді прокуратура күнімен құттықтағым келеді. Баршаңызға денсаулық, бақыт, шаттық тілеймін!», – дейді кіші әділет кеңесшісі.
Бір қолымен бесік тербеп, екінші қолымен елдің құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген асыл жандарға оңай емес екені анық. Соған қарамастан олар өз бойындағы ұқыптылық, дәлдік, шыдамдылық және табандылық сынды қасиеттерімен өздеріне жүктелген маңызды міндеттерді орындап, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда. Осындай жүгі ауыр мамандық иесі біздің кейіпкеріміз Қарлығаш Қалиасқарқызы – отбасында Нұрлыбек есімді азаматтың адал жары, Әлинұр, Бекнұр, Алан және Айлин есімді ұл-қыздың аяулы анасы атанып отыр.
Еліміздің құқық қорғау саласында абыройлы еңбек еткен ол келер жылы зейнеткерлік демалысқа шықпақ. Бұған дейінгі еселі еңбегі еленіп, көптеген марапаттарға ие болды. Ал биыл қазан айында өткен Республика күні қарсаңында ҚР Бас прокуратурасының «Мінсіз қызметі үшін» ІІ дәрежелі медалін кеудесіне тағып, облыс әкімі С.Шәпкеновтің Алғыс хатын иеленді.
Б.Сапарова