Газетіміздің алдыңғы санында аудан мақтанышы, жас аяқдоп шебері Данияр Сәлімжанов туралы жазған едік. Ол бізге берген сұхбатында: «Арманым – «Атырау» футзал клубының сапына қосылып, Алла қаласа ұлттық құрамада ел намысын қорғау», – деген болатын.
Жуырда осы арман орындалып, тәжірибелі маман Жақсылық Байсариев жаттықтыратын «Атырау» футзал клубына қабылданды. Тіпті дебюттік ойынын да өткізіп үлгерді. Елордалық «Астана» футзал командасына қарсы матчта клуб ойыншылары Т.Есениязов, Г.Оливейра, А.Сантос, Д.Сильва, Р.Бисембайұлы секілді тәжірибелі спортшылармен қатар сенімді ойынымен көзге түсті.
Ойыннан кейін Данияр: «Алғашқы матчым болған соң аздап толқыдым. Бірақ командадағы ағаларым қолдау білдіріп, сенімді ойнауыма көмектесті. Бұл тек бастамасы деп ойлаймын»,- деп әсерімен бөлісті.
Бұл – аудан халқы үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Даниярға жаңа маусымда жарқырап, әдемі ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерін қуанта беруін тілейміз.