Ұлы Абай «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деген еді. Ал, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин «ұстазды алтын діңгекке» теңеді. Дүниеде ең қадірлі жан – ана болса, ең қадірлі мамандық – ұстаз болу. Адам баласына пайдалы білім берумен-ақ мол сауапқа кенелетін, қоғамға пайдасын тигізетін, өшпейтін, ұмытылмайтын, ең құнды мамандық ұстазда ғана бар. «Ұстаз» деген тек мектепте, білім беру ұйымдарында болмайды, әр адамның өмірлік үлгі алар ұстазы, дін жолындағы ұстазы, еңбек жолындағы ұстазы болады. Осының бәрі, сайып келгенде, адам баласына ілім, білім үйрету, өмірге бағыттау, дүниені , жаратылысты таныту, еңбекке баулу деген ұғымға, «ұстаз» деген атауға сыйып кетеді.
Ұстаздық ұстаныммен, бір жолда, бір салада қырық жылдан астам еңбек етіп жүрген ұлағатты жандардың бірі – Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Некесов Аймұрат Исламұлы. 1980 жылы осы білім ордасына жұмысқа қабылданған ұстаз бүгінде бір ұжымда осынша уақыт үздіксіз қызмет етуде.
1966 жылы Бақсай орта мектебінің табалдырығын аттап, 1966-70 жылдары Редут (қазіргі Талдыкөл) орта мектебінде оқып, кейін 1976 жылы Махамбет орта мектебін тәмамдаған ол, Гурьев педагогика институтына оқуға түседі. Педагогика институтында жүріп-ақ Аймұрат Исламұлы өзінің ерекше дарыны мен қабілетінің арқасында ПиМНО факультетінің 3 және 4 курс студентттеріне көркем еңбек бағытында практикалық дәріс берген. Ең алғаш ұстаздық қадамын бастаған жылдарда аға мұғалімдер Ізім Сарсенғалиев, Сауле Габдулиналардың тәжірибесін басшылыққа ала отырып сабақ жүргізді.
2004 және 2015 жылдары аралығында ҚР Тестілеу орталығының 33-ші филиалының жетекшісі ретінде тағайындалды. Сол жылдары ауданның 11 сынып оқушыларына арнап барлық оқу-әдістемелік, технологиялық дайындық түріндегі жұмыстарды жемісті атқарды. Аудан оқушыларының бірыңғай ұлттық тестілеуде жоғары көрсеткіш алуына өз үлесін қосты.
Математика –тарихы тереңде жатқан ғылым. Оның тілін түсіну, түсініп қана қоймай, үйрете білу үлкен шеберлікті талап етеді. Қай қоғамда да математик ғалымдарға, ұстаздарға ерекше құрмет көрсетілген. Есеп әлемінде есебінен жаңылмай, жыл сайын жаңарып жатқан білім жүйесінің көшіне ілесіп, заманауи технология тілінен де қалыс қалмай келе жатқан Аймұрат Исламұлы секілді тәжірибелі ұстаздар әр ұжымға керек-ақ.
Әр сабағында тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, шығармашылықпен жұмыс жасап жүрген ұстаздың оқушылары да өз білімдерінің жетік екенін көрсетуде. Математика пәнінен 8,9,10 сыныптарда білікті ұстаз Тұрсынгүл Алдамұратованың оқулығымен жұмыстанып, қосымша жұмыс дәптерлерін тақырып бойынша есептер шығару, жоспар құру арқылы мысал есептерді шығару тәсілдерін пайдаланып келеді. Сонымен қатар, ағай Т.А.Алдамұратованың және білікті ұстаз Әбдіқали Шыныбековтің дәрістеріне қатысып, озық тәжірибелерін өз сабақтарына пайдаланып келеді. Республикаға белгілі ұстаз, информатика пәнінің дамуына үлес қосып жүрген Жауынбай Қараевтың «Есептеуіш техника негіздері» ғылыми шығармашылық жұмыстарының озық іс тәсілдері мен тапсырмаларын үнемі басшылыққа алып отырады.
Қырық жылдан аса уақыт тәжірибесі бар мұғалім болса да, «білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» деген ұстаныммен жүретін Аймұрат Исламұлы әлі күнге дейін қосымша білім алуын, біліктілікті арттыруын тоқтатқан емес. 2023 жылы Алматы қаласындағы «ӨРЛЕУ» РИПР және НПКСО қазыналық кәсіпорнының интерактивтік технологиялар мен электрондық оқыту жүйесі сертификатына ие болды
Аймұрат Некесов мектептің қоғамдық өміріне де белсене араласып, оқушыларға әскери патриоттық тәрбие беру жолында жұмыстанып жүрген жан. Оқушыларға әскери патриоттық тәрбие беру мақсатында 1976 жылы ауданнан шыққан Кеңес Одағының батыры Георгий Федорович Канцевтің мұражайын жасақтап, безендіріп, марапатқа ие болды. 1998 жылы Махамбет орта мектебінің құрылғанына 60 жыл толуына орай безендіруші, мәлімет жинақтаушы мұғалімдер Ерсайын Қыдыров, Саттар Жайлашевтармен бірлесе мектеп мұражайын жасақтауға үлес қосты.
«Ұстаздан шәкірт озар» демекші, бүгінде Аймұрат Некесовтен білім алған шәкірттер бүгінде әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Математика пәнінен озық нәтиже көрсеткен шәкірттері өндіріс пен ғылым салаларында қызметте. Солардың қатарында математика және «Паскаль» бағдарламалау тілін жетік меңгерген шәкірті Гүлфайрус Қайырғалиева – Атырау мемлекеттік университетінде ғылыми жетекші, профессор, Жәнібек Қорғанбайұлы Неталиев – Атырау көлік және коммуникациялар колледжінің директоры, осы мектепті бітірген Қасымхан Өміршин – «Аджип» мұнай компаниясында бас инженер, шәкірті Болат Дүйсенов – Атырау облыстық ішкі істер бөлімінің орынбасары, бөлім басшысы, Ұлдай Қойбақова Атырау мұнай және газ университетінде аға мұғалім болып қызмет етуде.
Бұдан бөлек ағайдың пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар, интеллектуалдық білім жарыстарында жүлдемен оралып жүрген шәкірттері де жетерлік.Биылғы жылдың өзінде математикадан пәндік олимпиадада шәкірті, 8 сынып оқушысы Қасымхан Сарес республикалық кезеңде жүлделі орынға ие болды.
Некесов Аймұрат Исламұлы «Математика сабақтарында компьютерлік символдарды пайдалану тәжірибемнен», «Математикалық өрнектерді түрлендіруде жіберілетін кейбір қателіктер» атты тақырыппен педагогикалық аудандық оқуға қатынасып, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған. Сонымен қатар аудандық математика мұғалімдері арасындағы олимпиадаға да үнемі қатысып келеді.
Локальды желі, ақпараттық технология мен қашықтықтан оқыту мүмкіндіктері туралы теориялық білімін көтеретін курстарға да қатысып отырады. Мектепішілік математика, физика және информатика бірлестігінің шараларынан және мәдени-көпшілік шаралардан қол үзбейді.
Ұжымда жайсаң, сабырлы мінезімен әріптес ретінде сыйлы болса, шәкірт пен ата-ана оны терең білімі, оқыту шеберлігі мен ұстаздық қабілеті үшін бағалайды. Жалпы елімізде ер мұғалімдер, оның ішінде математика пәнінің ұстаздары әр ұжымда санаулы кездеседі. Соңғы жылдарда кадр тапшылығы мәселесінің шешімін табу үшін оқу-ағарту министрлігі осы бағыттағы білім гранттарын көбейтіп, ер балаларға арналған ұстаздық білім беру интернаттарын ашты. Солардың арасынан да Аймұрат Исламұлы секілді өз ісіне, мамандығына адал, шәкіртке жанашыр, білімге құштар ұстаздар ауданымызға келеді деп сенеміз. Зейнет жасына жетсе де, жұмыстан қол үзбей жүрген Аймұрат ағайдың еңбегін Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің ұжымы да ерекше құрметтейді. Мереке қарсаңында үлгілі ұстаздың еңбек жолын оқырманға таныстырып қана қоймай, бір салада бірнеше жыл, үздіксіз, тұрақты қызмет етудің, мамандыққа адалдық танытудың үлгісін көрсеткіміз келді.
Ержүрек қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Ұстаз ұлық емес, ұлы мамандық» деп баға берген екен. Осы бір ұлы мамандықтың мәнін математикадан тапқан бүгінгі кейіпкер Аймұрат Исламұлына қырық жылдық еңбектің қызығын көріп, шәкірттердің алғысына бөленіп жүре беруді тілейміз.
А.САТАЕВА