«Еңбек даңқы» орденінің иегері

Атам қазақ «Көп жасаған қария – ақылы теңіз дария» деп тегін айтпаған. Жалпы елімізде, облыс, ауданымызда ел- жұрт үшін, ұрпақ үшін жасаған игі істері ерекше орын алатын еңбек ардагерлері жетерлік. Мемлекетіміз қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, Үкімет тарапынан қамқорлықтар көрсетілуде. Қазақстанның өркендеуіне, ел экономикасына ата-әжелеріміздің қосқан үлесі өлшеусіз. Қарттарымыздың өмір жолдары – бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына. Сондай абзал, ізгі жанның бірі– зейнеткер, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері Ақсұлу Габдуллина анамыз.

Ол – Жалғансай ауылының тумасы. 1950 жылы Махамбет сегіз жылдық мектеп-интерна­тын бітірген. Одан әрі 1960-1965 жылдары «1 май» совхозында сауыншы болып, еңбек жолын бастаған. Ақсұлу апа 1965-1984 жылдары егін шаруашылығында жұмыс жасаса, 1984 жылдың қарашасынан «СССР-дің 60 жылдығы» атындағы совхозда сауыншы болып 1993 жылға дейін қызмет жасаған. Ауыл шаруашылығы саласындағы көп жылғы еңбегі атаусыз қалмады, үкімет тарапынан өзінің лайықты бағасын алды. 1978 жылы Ақсұлу Габдуллина ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған. Ал 2005 жылы «Тыңға–50 жыл» мерекелік медалін кеудесіне тақты. 1993 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан.

Ақсұлу апа Қашқынбай ағамызбен шаңырақ құрып, екі қыз сүйген. Отағасы 1994 жылы өмірден озған. Қыздары Айсұлу, Гүлмира бой жетіп, жоғары оқу орындарын бітіріп, бір-бір мамандық меңгеріп, өмірден өз теңдерін тапты. Қазіргі таңда Ақсұлу апаның 8 жиен, 11 жиен­шары бар.

Ол өз отбасы жайлы еске алып, бес ағайынды болғандарын, әкеден ерте айырылып, жалғыз анасы бәрін өсіріп, жетілдіргенін айтады. Әкесі Ұлы Отан соғысына кеткеннен қайтып оралмаған, анасы еңбек етіп, бес баласын тірнектеп жүріп, өсіріп- өндіргенін, көп қиындықтар көргендерін тілге тиек етті.

- Біздің балалық шақ соғыстан кейінгі кезең, ел еңсесін көтере алмаған ауыр жылдармен тұспа-тұс келді. Ол уақытта көп шаңырақтың түтіні асыл аналарымыздың табандылығының , қайсарлығының арқасында түтеді. Әкеміз қан майданнан оралмады. Анамыз ауыр тұрмыс пен жоқшылыққа қарамай, күн- түн демей, бел шешпестен еңбек етіп, бес баласын өзі асырап, өсіріп жеткізді. Біздің анамыз қандай қиындықтар болса да бәріне төзген ер мінезді жан. Біз отбасында бірде бар, бірде жоқ, бірде жетіп, бірде жетпей өмір сүрдік. Асыл анамыздың даналығының арқасында оқып, білім алдық. Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адам келешегіне сенімділік әр баланың ата- анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік парызын бір сәтке естен шығармауында дер едік. Ал үлкендіктен ешкім қашып құтылмайды. Алайда қарттарды құрметтемейтін, олардың алдындағы перзенттік парызын үлкен ынта-жігермен орында­майтын, әдептілік, кішіпейілділік, сергек сезімталдық көрсетпейтін, бұл қасиеттер қанына сіңіп, жүрегіне ұяламаған ұрпақтан не үміт, не қайыр?! Перзенті болса да қаншама қариялар қарттар үйінде жатыр.

Жолдасым Қашқынбай екеуміз қара шаңырақта қыздарымызды білімді, ізетті, тәрбиелі, ина­батты, еңбекқор етіп тәрбиелеп, өсірдік. Перзенттерім жастайы­нан тәрбиенің тұнығымен сусын­дады. Бүгінде екі қызым да қияға ұшып, бір-бір шаңырақтың ота­насы атанды. Олардан 8 жиен, 11 жиеншар сүйіп отырған бақытты әжемін. Өз басым сәнімен қартаюда бір бақыт деп ойлай­мын. Ұрпағы құрметтеген ата- ана әркез бақытты. Қыздарым мен күйеу балаларым, жиен, жи­еншарларым үнемі хабарласып, амандығымды біліп, үйге жиі келіп тұрады, -дейді Ақсұлу ана­мыз бізбен әңгімесінде.

Қарт адамды құт-береке деп танысақ, ол да–ұрпақ көрегендігі. Қашан да қарттарды ардақтап, оларды сыйлап, қадірлегенге не жетсін?!

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT