Ұстаз – құрметті есім. Ол – әр баланың жүрегінен орын ала білген қасиетті тұлға. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, ақылын айтып, қателерін түзетіп, оны кешіре білген ардақты жан да – ұстаз.
Еліміздің білім кеңістігіне кіріп, білімнің жаңа жүйесін құрып жатқан ұстаздар қандай құрметке де лайық. Білімі мен тәлімі құрметке лайық ұлағатты ұстаздардың бірі – Есбол орта мектебінің мұғалімі Фазила Тюрина.
Фазила Жауғаштықызы – Ақжайық ауылының тумасы. Ол 1987 жылы Атырау(Гурьев) педучилищесінің мектепке дейінгі ұйымның тәрбие ісі мамандығын аяқтаса, 2009 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» бөлімін бітірген. Фазила 2012-2014 жылдары Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетіне оқуға түсіп, педагогика және психология магистрі академиялық дәрежесі дипломын алған.
Ұстаздық еңбек жолын 1987 жылы Ақжайық совхозындағы «Арай» балабақшасында тәрбиеші болып бастаған. Сонымен қатар 1991-1993 жылдары Есбол ауылындағы Есбол орта мектебінің ұзартылған күн тәрбиешісі, 2007- 2015 жылдары ауылдағы «Айгүл» балабақшасының меңгерушісі болды. 2015-2021 жылдары Есбол орта мектебі директоры қызметін де атқарған. Сонымен қатар, Фазила Тюринаның аудандық мәслихаттың депутаты болғанын да жақсы білеміз.
Қоғамдағы ең құрметті, қадірлі мамандықтың иесі Фазила Жауғаштықызы «әрбір ұстаз өз шәкірттеріне үлгі-өнеге бола білуі керек» дейді.
- Адами ізгі қасиеттерге бай, шынайы ұстаз өз шәкірттерінің жүрегінде білімге деген құштарлықты, Отанға деген сүйіспеншілікті оятады. Әр адам жүрегінде ұстазға деген құрмет сезімі шексіз. Жақсы ұстаз өз шәкіртіне әрқашанда үлгі-өнеге. Ұлағатты ұстазда терең білім, үлкен жүрек бар. Бар баланың еркелігін көтеріп, әр баланы өзіне тарта білу, оны тыңдай білу кез келген ұстаздың қолынан келе бермейді. Міне, сондықтан үлкен жүрек пен шәкіртке деген шексіз махаббат әр мұғалімнің бойынан табылуға тиіс алтын қасиет деп ойлаймын. Ұстаздық – міндеті ауыр, жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Сондай-ақ мұғалімге шыдамдылық пен төзімділік ауадай қажет. Шәкірт пен ұстаз арасындағы сыйластық, өзара қамқорлық сезімдері шәкірт шыңдалуы мен білім нәрімен сусындауына септігін тигізеді. Кезінде А.Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шығады. Солай болған соң ең әуелі мектепке керегі –білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деп жазған екен.
Ұстаз әр шәкірттің ішкі әлемін, жан-дүниесін жете танып, оны байытып, жарқын болашаққа бағыттайтын абзал жан. Ұстаз болу-жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілікті, ұлылықты бала бойына дарыту. Ұстаз болу– оның шынайы анасындай болып, тәрбие сыйлау деп түсіну керек. Білікті, мінезінің жұмсақтығын, оқушылармен тіл табыса білуі мен оқудағы шеберлігі басым болғаны дұрыс. Жан Жак Руссо: « Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің уақытын аялау» деген. Ертеңгі күннің еншісі – бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне төгілген тердің өлшемімен таразыланады. Ұстаз деген ұлағатты істерімен, қарапайым да адамгершілік қасиеттерімен көптің құрметіне ие болған шоқтығы биік жан. Тағылымды тәрбие– баланың болашақ іргетасы, - дейді Ф.Тюрина.
Фазила Жауғаштықызын көпшілік терең талғам-танымымен, тынымсыз ізденісімен, тың серпіліс танытып жүрген үлгілі ұстаз ретінде жақсы таниды, құрметтейді. Жақсы ұстаздан шәкірт озар» демей ме? Ендеше, білімімен мыңды жығатын, тәрбиесімен көз сүйісіндіретін, дарынымен дараланған шәкірттеріңіз көп болсын дегіміз келеді.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА