Әлемде әр түрлі мамандық бар, солардың ең құрметтісі ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты ұстаздық қызмет екені даусыз. Халық батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген.
Мектеп табалдырығын аттаған әрбір шәкіртіне әріп танытып, қалам ұстатумен қатар адамшылық қасиетін қалыптастыру – мұғалім мойнындағы өте ауыр да жауапты жүк. Осы аталған жауапты жүкті ең бірініші арқалайтын мектептің негізгі іргетасы болып саналатын бастауыш сынып мұғалімдері. Сондай мұғалімнің бірі, асыл бейнесі әрбір шәкіртінің көңіл төрінен орын алған ұлағатты ұстаз – Наурызова Ағила Төреғалиқызы. Ол Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып отыз алты жыл еңбек еткен. Биылғы оқу жылын аяқтап, зейнет жасына қадам басқан ұстаздың өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолындағы көп жылғы еңбегі еленіп, Оқу-ағарту министрінің атынан «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
«Армансыз адам, қанатсыз құспен тең» дегендей, бала кезгі мұғалім болсам деген арманы оны 1981 жылы Гурьев педагогикалық интитутына әкелді. Бастауыш сыныптарды оқыту мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінде бастайды.
- Бастауыш мектеп – баланы оқуға үйрету мен тәрбиелеу, оның тұлға ретінде өзін-өзі ашуға, жалпы дамуына жағдай жасайтын негізі саты десек, бастауыш сынып мұғалімі – пән оқытушысы ғана емес, баланың қарым-қабілетін ашып, болашағына бағыт беруші. Еңбек еткен жылдарымда қазіргі заман талабына сай түрлі курстарға қатысып, өз мамандығым бойынша білімімді жетілдіріп аудан, облыс көлеміндегі түрлі сайыстар мен педагогикалық оқулардан шет қалмадым. 2022 жылы Астана қаласында өткен «Бастауыш сынып мұғалімдерінің съезіне» делегат болып қатыстым. Көп жылғы еңбегімнің нәтижесінде шебер- педагог категориясын иелендім.
Алдыма келген әр шәкірттің білім алып қана қоймай, өмірде орны бар тұлға етіп қалыптастыруды мақсат тұттым. Оқушының талапты да талантты болуы ұстаздың еңбегі деп білемін. Көпке үлгі тұтар оқушыларым баршылық. Солардың бірі Сарытоғай ауылдық округінің бас маманы Самал Жұбанова атар едім. Бүгінде туған ауылының дамуына үлесін қосып келеді. Кешегі су тасқыны кезінде де ауылымыздың амандығы үшін ер азаматтармен қатар жүріп қорғап қалды, - дейді Ағил Наурызова.
Ол өзінің отыз жылдан астам еңбек жолында Мырзашева Мәншүк, Тұрғалиева Кенжеғыз, Тасимова Орын, Омарова Нәсіп сынды ұстаздармен жұмыстас болғанын еске алып өтті. Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебі бастауыш сынып бірлестігінің жетекшісі Ізғалиева Бейбітгүл Әділбекқызы әріптесі жайлы пікірін білдірді.
- Менің Ағила апаймен таныстығым 1994 жылдан басталған еді. Содан бері Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бірге еңбек етіп келеміз. Ол – жоғары категориялы, шебер санатындағы ұстаздардың бірі. Оның өткізген сабақтарына қатысып, өзіме өмірлік азық болар дүниелерді алып шығатынмын. Сабақ барысында бүлдіршін шәкірттерінің көздері балбұл жайнап, сабаққа құлшынып, қызығушылықпен кірісетінін аңғаруға болады. Ағила апайдың білім нәрімен сусындатып, тәрбие берген үздік шәкірттері аз болмады. Олардың барлығы дерлік бүгінде әр салада жемісті еңбек етуде. Болдым-толдым демей, түрлі деңгейдегі білім жетілдіру курстары, семинарларға қатысып, үздік сабақ үлгісімен танылды. Жас ұстаздарға үлгі-өнегесі мол ұстазымыз білім мен білік дағдыларын, сабақ беру әдіс-тәсілдерін үйреткенде алдына жан салмайтын. Білім саласындағы еселі еңбегі ескерусіз қалмады. Оқу-ағарту министрінің, аудандық, облыстық білім бөлімдерінің, кәсіподақ комитетінің, «Өрлеу» біліктілік арттыру орталығынан да әр түрлі дәрежедегі марапаттарды иеленді.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, ұстаздың беделі мен еңбегі шәкірттерінің жетістігінен көрінеді. Білімнің биік тұғырынан көрініп, байқаулардың жеңімпазы болған шәкірттері аз емес. Соның ішінде, «Зерде» зерттеу жобалары байқауында Айса Асылай есімді шәкірті облыстың кезеңінен 2 орын алды. Одан бөлек, республикалық «Ақбота», «Бастау», «Кенгру» сынды конкурастарда бақ сынап, сертификаттар иеленген оөушылары да жетерлік.
Ұлағатты ұстаз, сыйлы әріптесіміз Ағила Төреғалиқызы биыл зейнеткерлікке жасқа шығып отыр. Осы тұста, барша әріптестерімнің атынан апайға рахмет айта отырып, деніне саулық, отбасы амандығы мен ұрпақ қызығын көруді тілеймін, - дейді әріптесі Б.Әділбекқызы.
Өнегелі де ардақты жан Ағила Наурызова – үлгілі отбасының ұйытқысы, қамқоршысы. Отағасы – Қами Сариевпен тату-тәтті өмір сүріп, екі перзент тәрбиелеп өсірген бақытты ата-ана. Бүгінде немерелерінің ата- әжесі атанған абзал жандар. Үлкен ұлы мен келіні Е.Ағелеуов атындағы мектепте қызмет етуде. Ана ізін жалғаған информатика, матемика пәндерінің мұғалімдері. Екінші ұлы NCOC фирмасында АИТИ инжинер болып жұмыс жасайды.
Ауданның білім саласының ілгері дамуына қомақты үлес қосқан парасатты педагог, «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері, Ағила Наурызова сынды ұстаздардың есімі мен өнегелі ісін дәріптеу азаматтық парызымыз.
Б.МӘЛІКҚЫЗЫ