2022 жылдан бері елімізде 10 шілде ветеринариялық қызметкерлер күні болып белгіленді. Ветеринария саласы – адамзат тарихындағы байырғы мамандықтардың бірі. Жан-жануарды, ит-мысықты емдеу, әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпе салу, қажет болса ота жасау, малдан алынған ет-сүт өніміне бақылау жүргізу бәрі осы ветеринария мамандарының күнделікті атқаратын жұмысына жатады.
Адам ауырса дәрігерге жүгінеді, ал мал ауырса оның тілін түсінетін, диагнозын қойып, ем тағайындайтын мал дәрігерінің болуы қажет. Алайда, бұл салаға жан-жануарларға қамқорлық жасауды ұнататын, тіршілік иелерінің тілін түсінетін жандар келгені дұрыс. Себебі, жақсы теориялық біліммен қаруланғаны өз алдына, ветеринар маман аяғынан тік тұрып қызмет қылып, жүріс-тұрысқа шыдап, физикалық тұрғыдан дайындалып , қала берді жан-жануардың жағымсыз исіне, ауа- райының қолайсыздығына қарамай жұмыс жасайды.
Шетелде ветеринар өте қадірлі мамандықтың бірі саналады. Еуропадағы ең дамыған елдердің бірі Францияны мысалға келтірсек, онда өте бай адамдар ғана ветеринария институттарында оқи алады екен. Ветеринардың жалақысы орта есеппен 2-3 мың еуроны құраса, қымбат жеке клиникада жоғары санатты маман 5 мың еуроға дейін алады. Әлбетте, шет елде тұрғындар үй жануарларын асырауға бейімделген және оларға өте үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сұраныс бар жерде маман да бар.
Соңғы жылдары елімізде ветеринар мамандығына қызығушылар саны көбейіп келеді. Махамбет аудандық Ветстанция коммуналды мемлекеттік кәсіпорынының басшысы Мұратбек Сидеғалиев жыл сайын жас мамандармен ұжымның қатары толығып жатқанын айтады. Құрамында 32 адам жұмыс жасайтын аталмыш мекеме Махамбет ауданы және оған қарасты ауылдық округтер мен елдімекендердегі төрт-түлік малды емдеу, екпе салу, қан алу, жұқпалы ауруларын тексеру, қора-жайларды зарарсыздандыру, сырғалап бірдейлендіру, базаға енгізу жұмыстарын атқарып отыр. Бүгінде тоғыз селолық округте бір-бір арнайы қызметтік көлік, 2-3 маманнан бөлініп, ветстанциялық учаскелер құрылған. Мекеме басшысы М.Сидеғалиев те осы салада 30 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман.
Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығын дамыту үшін үкімет тарапынан мал дәрігерлік мамандығына қолдау көрсетілуде. Себебі, мал ауруы көбейсе, шаруагерлер шығынға батып қана қоймайды, халық өміріне де қауіп төндіреді. Қазір көшедегі бұралқы ит-мысықтан басқа, төрт-түлік мал жекеменшіктің қолында. Бұрынғы практикаға сүйенсек, кеңшарлардың 700-800 сиырына бір маман бекітіліп, мал басына маман саны жеткілікті ме, жоқ па есептеліп отырған. Ал, бүгінде отар - отар қой, табын-табын сиыр, үйірлі жылқы бағып отырған кейбір шаруа қожалықтарында мал дәрігері жоқ. Осы тұстан түйгеніміз, әлі де болса ауыл шаруашылығы нысандарының басшылары ветеринарияның маңызын түсінер емес.
Соңғы екі жылда ветеринар мамандардың жалақысы өсіп, орта есеппен 250-300 мыңға жеткен. Жоғарыда атап өткеніміздей, малды егу, емдеу барысы физикалық күшті, мықты денсаулықты қажет ететіндіктен, жылына бір рет кәсіподақ атынан қызметкерлерге шипажайға жолдама да берілуде. Қызметтік көліктердің саны да жеткілікті, жалпы мамандарға барынша жағдай жасалуда. Бір ғана Махамбет аудандық ветстанция коммуналды мемлекеттік кәсіпорын мекемесі 16 бірлік техникамен жабдықталған. Жыл басынан бері 5 жаңа қызметтік көлік пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 4-і алынады деп жоспарланып отыр. Соңғы 4-5 жыл көлемінде ауданда қарасан, сібір жарасы, аусыл секілді аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмеген. Ауыл тұрғындары кез келген жағдайда үй жануарын, төрт- түлігін қаратуға, екпе салдыруға мамандарды шақыртып отырады. Үлкен шаруа қожалықтарда, қора-жайларда зарарсыздандыру жасайтын техника мекемеде қарастырылған. Бүгінде осы істе 30 жылдан астам еңбек еткен Нығметов Ізғали, Сәлім Мусин, Асхат Қабесов, Айтқали Төлегенов сынды азаматтар мекеменің алдыңғы қатарлы тәжірибелі мамандары болып табылады. Аудан бойынша ветеринарлық салаға еңбегі сіңген, талай жылдар халықтың малын емдеп, мыңдаған мал басын тіркеп, екпесін салып, жұқпалы аурулармен күресте өз үлесін қосып, ой мен қырды аралап жүріп жұмысын адал атқарған ардагерлер де елеусіз қалған емес. Атап айтқанда, Дүйсенбай Рысқалиев, Таңатар Габдуллин, Зейнолла Ниязов, Қобылан Сисенов, Қаршыға Тасқалиев, Ерболат Иманғазиев, Мәлік Тәжіғалиев сынды есімі ел арасында белгілі ардагер ақсақалдардың еңбегі ұмтылмайды.
Қазақ халқы ежелден «малды теппе, малға теріс отырма» деп төрт түлікке қатысты тыйым сөзбен оның қадір- қасиетін ерекшелеп отырған. Талай зұлмат жылдарда аша-тұяққа зар болған халқымыз қолдан келсе, асын адал ішкен, малын таза баққан. Итті жеті қазынаға қосса, мысыққа ағарған ұсынған. Қазақ халқының жан-жануарға деген сый-құрметі оның тарихында, тұрмысында, болмысында сақталған. Сондықтан болар, мал дәрігері мамандығын меңгерген кез келген жас маман іс- тәжірибеде жүріп-ақ біраз жұмысты тәлімгерлерден бір көріп меңгеріп алады екен. Ел экономикасының іргелі бөлшегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуда ветеринария ісін қатар алып жүру аса маңызды. Бастысы мал санының көптігі емес, оның сапасы болып отыр. Бүгінде ауданымызда бұл салада нақты маман тапшылығы білінбейді. Соңғы төрт жылдықтың есебінде аудандық ветеринария бөлімі қызметкерлерінің 90%-ы Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде, Жәңгір Хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінде апталық біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Әйтсе де, алдағы уақытта білікті, білімді жастар қатары көбейіп, шет елдермен байланыс орнап, олардың тәжірибесін елге алып келу мүмкіндіктері қолға алынса, артық болмас еді.
А.ҚАНАТБАЙҚЫЗЫ