Сот шешімі – заң үстемдігінің көрінісі

Жыл сайын қыркүйек айының 30-ында Қазақстан Республикасының Әділет органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Мемлекеттік құрылым ретіндегі Әділет органдары қызметінің құқықтық негізі 2002 жылы «Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленді. Ел азаматтарының заңды мүдделері мен бостандықтарын, конституциялық құқықтарын жүзеге асыру және қорғау, әділдік принциптерін бекіту, заңнаманы жетілдіруге белсенді түрде ықпал етіп келе жатқан сала мамандарының кәсіби мерекесіне орай арнайы бет арнауды жөн көрдік. Бұл сала­да 20 жылдан астам тәжірибесі бар Махамбет ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің басшысы, аға сот орындаушы Ақжарқын Бағытқызы Утеулиевамен сұхбат дайындаған болатынбыз.

– Ақжарқын Бағытқызы, сізді және барша әріптестеріңізді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Ал­дымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз?

– Рахмет! Өзім туралы қысқаша мәлімет беріп өтейін. 1980 жылдың 31 тамызында Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Мұқыр ауылында дүниеге келдім. Абай атындағы Ал­маты мемлекеттік университетінде құқықтану мамандығы бойынша білім алдым. Еңбек жолымды облыстық Сот­тар әкімшілігінің Қызылқоға аумақтық учаскесінің сот орындаушысы болып бастадым. Кейін аға сот орындаушы, бөлім басшысы лауазымдарына дейін көтеріліп, 2020 жылдан бастап Атырау облысы Әділет департаментінің филиа­лы Махамбет ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің бас­шысы, аға сот орындаушысы болып тағайындалдым. Өзіндік қызығы мен қиыншылығы бар құқықтық салада 23 жылдан бері абыройлы еңбек етіп келемін. 2020 жылдан бастап Индер, Қызылқоға, Махамбет аудандарындағы мемлекеттік сот орындаушылар біріктіріліп, «Махамбет ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімі» болып өзгертілді.

– Көп жағдайда азаматтар мемлекеттік сот орындаушыларды жеке сот орындаушылармен шатасты­рып жатады. Екеуінің айырмашылығы қандай?

– Рас, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Осы тұста екеуінің атқаратын қызметтеріндегі айыр- машылықтарды түсіндіріп өтейін. Мемлекеттік сот орындаушылар және жеке сот орындаушылар ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі тура­лы» заң шеңберінде жұмыс жасайды. Мемлекеттік сот орындаушылар Атырау облысы Әділет департаментіне, ал жеке сот орындаушылар облыстық жеке сот орындаушылар палатасына қарайды. Мемлекеттік сот орындаушыларға мемлекеттік мекеме­лерден өндіріп алу, мүлікті тәркілеу не мүлікті мемлекетке беру, 1000 (АЕК) айлық есептік көрсеткіштен асатын атқару құжаттары орындауға жатады.

Ал жеке сот орындаушылардың қарауына 1000 (АЕК) айлық есептік көрсеткіштен төмен атқарушылық құжаттар, жеке және заңды тұлғалардан өндірілетін және әкімшілік айыппұлдар, алимент өндіру, салық берешектері, микро несие, банк берешектері жатады. Қазіргі таңда ауданда екі жеке сот орындаушы бар.

– Осы жылдың 9 айында аумақтық бөлімге орындауға келіп түскен құжаттар саны қанша?

– Өткен 9 ай бойынша орындауға келіп түскен атқару құжаттарының саны - 76, жалпы соммасы 176 432 458 теңгені құрайды. Соның ішінде орындалғаны - 59, қалдықта қалғаны - 17 іс. Қалдықта қалған істердің басым бөлігі мемлекет пайдасына өндіру туралы атқару құжаттары ай сайын жалақыларынан өндірілуде.

Алиментке қатысты 1 атқару құжаты аумақтық бөлімде орындауда. Алимент берешегі болмауына байланысты ай сайын борышкердің жалақысынан бір балаға 25 пайыз ұсталынып, өндіріп алушыға аударылуда.

Бұрынғы жұмысына қайта орнала­стыру туралы бір атқару құжаты түсіп, азаматша жұмысына орналастырылды. Сондай-ақ бос жүрген күндеріне жалақы өндіру туралы екі атқару құжаты түсіп, оның соммасы 3 466 259 теңгені құрады.

– Борышкерлердің жалақысынан өндіріледі деп айтып өттіңіз. Қанша пайызы өндіріледі?

– Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы ай сайын борышкердің тіркелген мекен жайы, жылжитын, жылжымай­тын мүліктері, көлік жүргізушілік куәлігі, жеке кәсіпкерлігі, жалақы, зейнетақы жәрдемақы аударымдарын тексеріп отырамыз. Жалақы немесе қарттық зейнетақы алатындығы анықталған жағдайда Заңның 93 бабын басшылыққа алып, дереу жалақысынан және өзге де табыс түрінен өндіріп алу туралы қаулы шығарып жолданылады. Жалақы және зейнетақы алатын борышкерлерден 50 пайыз өндіруге, ал II, III топтағы мүгедектігінен 25 пайыздан өндіруге қаулы жолданады. I топтағы мүгедектіктен ұстау үшін қаулы жолданбайды. Алиментке қатысты атқару құжаты бойынша бір балаға 25 пайыз, екі балаға 33 пайыз, үш және оданда көп балалыға 50 пай­ыз алимент өндірілуге жолданылады. Алимент берешегі болған жағдайда 50 пайыздан өндіріледі.

– Жұмыс беруші борышкердің жалақысынан ұстауды дұрыс жүргізбеген немесе сот орындау- шының жалақыдан өндіру туралы қаулысын орындамаған жағдайда қандай шара қолданылады?

– Борышкердің жұмыс орны анықталып, жалақысынан немесе өзге де табысынан өндіру туралы қаулы шығарылып, жұмыс беруші мекемеге жолданады. Жұмыс беруші мекеме борышкер жалақысынан 50 пайыздан жалақысынан ұстамаған жағдайда сот орындаушысы жұмыс беруші мекеме басшысына немесе бас есепшісіне ҚР ӘҚБтК-нің 670 бабына сай әкімшілік хаттама толтырылып, жеке тұлғаларға – 10, лауазымды тұлғаларға – 15, заңды тұлғаларға 20 айлық есептік көреткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Аумақтық бөлімде 9 ай бойынша борышкердің жалақысынан немесе өзге де табысынан ұстау туралы қаулысы жұмыс берушіге жолданып, жалақысынан ұсталмағандығы себепті 4 мекеменің бас есепшісіне ҚР ӘҚБтК- нің 670 бабына сай әкімшілік хаттама толтырылып, 7 күн ішінде төлеуге қысқартылған 29 490 теңгеден айыппұл салынды.

– Қандай төлемдер өндірілуге жат­пайды?

– Атқарушылық құжат бойынша борышкердің кейбір төлемдерінен ұстауға болмайды. Атап айтсам, асыра­ушысынан айырылуына байланысты балаларға берілетін жәрдемақыдан, мүгедек балаларға берілетін жәрдемақыдан, адамдарға қызметтік міндеттерін орындау кезінде мертіккен, жарақаттанған немесе қаза табуына байланысты төленетін бір жылғы жәрдемақыдан, I топтағы мүгедектігіне төленетін жәрдемақыдан, жерлеуге берілетін жәрдемақыдан, бала босану­ына байланысты берілетін бір балаға бір жасқа толғанға дейін берілетін, көп балалы болуына байланысты әлеуметтік төлемдерден, кәмелетке толмаған балаларды асырауға арналған алименттерден өндіре алмаймыз.

– Атқарушылық құжатты іс жүргізуге қабылдау мерзімдеріне тоқталып өтсеңіз. Іс жүргізуден бас тартып, кері қайтаратын кездеріңіз бола ма?

– Махамбет ауданаралық мәжбүр- леп орындату аумақтық бөліміне төрелік арқылы соттардан және өндіріп алушылардың арызы арқылы орындауға түседі. Сот орындаушысына келген атқарушылық құжатты үш жұмыс күннен кешіктірмей, Заңның 10 бабын және 37 бабын басшылыққа алып, сот орындаушы атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулы шығарады.

Құжат атқарушылық құжат бо­лып табылмаса, өндіріп алушының арызынсыз берілсе, борышкердің тұрғылықты жері бойынша берілмесе, атқарушылық құжат орындауға ұсынылатын мерзімі өтіп кетсе, сот арқылы қалыпқа келтірілмесе, сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту тура­лы қаулы шығарып, барлық түскен құжаттарын қосып, өндіріп алушыға немесе атқарушылық құжатты берген сотқа кері қайтарылады.

Атқарушылық құжатты орындау іс қозғалғаннан кейін екі айдан аспай­тын мерзімде аяқталуға тиіс. Кейбір жағдайларға байланысты төрт айға дейін созылуы мүмкін.

– Борышкер атқарушылық құжаттарды орындамаған жағдайда қандай шара қарастырылады?

– Борышкер атқарушылық құжаттарды орындамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауап- тылыққа тартылады. 2025 жылдың 9 айында жеке сот орындаушылардың ұсынысымен аумақтық бөлімде сот шешімін қасақана орындамаған борышкерлердің үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 669 бабының 1 бөлігімен 59 борыш­керге қатысты хаттама толтырылып, сотқа жолданылып, қаралып, 22 борышкерге қамау, 37 борышкерге айыппұл салынды.

– Ал, сот шешімін орындамаған жағдайда қандай шаралар қолданасыздар?

– Сот орындаушысы өзінің іс жүргізуіне қабылдаған атқарушулық құжат Заңның 31 бабына сай, мәжбүрлеп орындату шаралары алы­нады. Борышкерге хабарлама беріліп, атқарушылық іс жүргізу органдары- ның автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы борышкердің жыл­жымайтын мүлік тіркелімі, көлік құралдары, көлік жүргізушілік куәлігі, жеке кәсіпкерлігін тексеріп сұрау сала­мыз. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 32 бабына сай, борышкер нотариалдық белгілі бір әрекеттер жасауына тыйым салынады және борышкерлердің екінші деңгейлі банк есепшоттарындағы ақша қаражаттары тексеріліп, шоттары бұғатталады. Борышкердің жылжитын, жылжымайтын мүліктері анықталған жағдайда аталған Заңның 62 бабына сай тыйым салынып, мүліктері маман­дармен бағаланып, аукцион арқылы сауда -саттыққа шығарылады. Заңның 33 бабына сәйкес борышкерден өндіріп алынатын ақша қаражаты 40 (АЕК) айлық есептік көрсеткіштен асатын атқару құжаты орындалмаған жағдайда, борышкердің Қазақстан Республикасынан шығуына уақытша шектеу қойылады. Борышкердің ар­найы көлік жүргізу құқығын растайтын куәлігі бар екендігі анықталса, Заңның 34 бабына сай сотқа ұсыныс жолданы­лып, берешегі өтелгенше жүргізушілік құқығынан айырылады.

– Қазіргі таңда цифрлық жүйеге көшу басты бағыттардың біріне айнал­ды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қызметтің ашықтығын, тиімділігін, қолжетімділігін арттыру мақсатында Әділет органдары да белсенді түрде цифрландырылып жатқанын білеміз. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз.

– Иә, бүгінде қоғамның барлық салалары секілді Әділет органдары та­рапынан заңнамалардың сапасын арт­тыру, одан әрі жетілдіру, азаматтардың құқықтарының қорғалуын күшейту, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мәселелері бойынша жаңашылдықтар енгізілуде.

Солардың бірі «Тараптар кабинеті жүйесі» іске қосылды. Онда борыш­керлер мен өндіріп алушылар тиісті ақпараттарын қысқа уақытта ала алады. Ағымдағы жылдың 3 шілдесінен бастап азаматтарға ыңғайлы болу үшін ҚР Әділет министрлігімен атқарушылық іс жүргізу органдарының ақпараттандырылған ақпараттық жүйесінде «Тараптар кабинеті» онлайн сервисі енгізілді. Сервиске қол жеткізу үшін атқарушылық іс жүргізу тарап­тары сайтқа тіркелу қажет. Тараптар атқарушылық құжаттармен танысуға құқықтары бар. Яғни электронды форматта ақпарат алып, қосымша мәліметтер ұсынып, өз ой-пікірімен бөлісуге құқығы бар. Сот шешімінің орындалуына қатысты сұрақтар болса, борышкер немесе өндіріп алушы он­лайн режимде сұрақтарын қоя алады. Жауабын 15 күн емес, 5 жұмыс күнде ала алады. «Тараптар кабинеті» дема­лыссыз іске қосулы тұрады.

Атқарушылық іс жүргізу саласындағы 2024 жылдың басты жаңашылдықтарының бірі – «Робот сот орындаушысының» іске қосылуы. Ол бірқатар артықшылыққа ие. Аза­маттар жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу және оларға бару шығындарынан босатылды, өйткені барлық әрекеттер автоматты түрде жа­салады. Жеткізуді тіркеу және хабар­ламаны оқу мүмкіндігі бар. Осылайша, 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі атқарушылық өндірісті қозғағаннан кейін робот борышкерге оңайлатылған өндіріс туралы егжей-тегжейлі ақпараты бар хабарламаны бірнеше арналар арқылы жібереді (СМС ха­барлама 1414, EgovMobile арқылы). Роботтың жеке сот орындаушыдан айырмашылығы, қарыз сомасы шегінде банктік шоттарға, «Е-нотариаттарға» тыйым салады, ал жеке сот орындаушы барлық шоттарды бұғаттайды. Бере­шек сома онлайн төленгеннен кейін азаматтарға ыңғайлы болу үшін барлық қамтамасыз ету шаралары автоматты түрде алынып тасталады. Осылайша, адамның қатысуынсыз оңайлатылған өндіріс толығымен аяқталады, яғни адам факторы түгелдей алынып тасталған. Бұл жоба сот орындаушыларымен байланысу қажеттілігін болдырмайды, барлық әрекеттер онлайн режимінде жүргізіледі, яғни түбіртектер мен басқа да растайтын құжаттарды ұсынудың қажеті жоқ.

Сондай-ақ ҚР Әділет министрлігінің бастамасымен «Әділет» порталында чат-бот іске қосылды. «Цифрлық көмекші» азаматтарға тәуліктің кез келген уақытында кез келген құқықтық мәселе бойынша жедел әрі қолжетімді заңгерлік кеңес береді. Өзіңізді толғандырған сұрағыңызды қойып, тегін заң көмегін ала аласыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT