Әділет органдары – халыққа құқықтық көмек көрсетіп қана қоймай, мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін жүйе. 30 қыркүйек – осы сала мамандарына деген құрмет пен алғыс ретінде белгіленген арнайы дата. Бұл күн азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап, мемлекет атынан құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген мамандардың қажырлы еңбегін бағалауға арналған.
Солардың қатарында Атырау облысы Әділет департаментінің Сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің бас маманы Айдын Қайратұлы да бар. Ол бала кезінен әділдікке деген сенімді ұстаным етіп, заң саласында еңбек етуді мақсат тұтқан. Әділет органдарын таңдауының себебін ол былай түсіндіреді:
– Әділет органдары – мемлекеттің ең маңызды жүйелерінің бірі. Заң үстемдігі сақталмаса, қоғамда тұрақтылық та болмайды. Бұл саланы таңдаған себебім – әділдікке деген сенімім мен халыққа пайда тигізу ниетім. Заңгерлік тек мамандық емес, үлкен жауапкершілік. Әр шешімнің артында адамның тағдыры тұрғанын сезіну – бұл жұмыстың басты ерекшелігі,- дейді ол.
Айдын мектеп қабырғасынан бастап құқық негіздеріне ерекше қызығып, заң арқылы қоғамның реттелетінін терең түсінген. Кейін жоғары оқу орнында да осы жолды таңдады. Әскери борышын өтеген соң да ойынан айнымай, заңгер болуды мақсат тұтты. Ол 2016-2019 жылдары Каспий өңірінің қазіргі замандағы жоғары колледжінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алса, 2020-2023 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде оқуын жалғастырып, құқық бакалавры дәрежесін алған.
Теориялық база – заңгер үшін іргетас. Бірақ Айдын тәжірибесіз білімнің толыққанды нәтиже бермейтінін атап өтеді. Жас маман алғашқы жұмыс күнін әлі күнге дейін ерекше еске алады:
– Әр құжат, әр іс – кәдімгі қағаз емес, азаматтың тағдыры екенін сезіндім. Қобалжу болды, бірақ тәжірибелі әріптестерім қолдау білдірді. Сол ұжымдық қолдау кәсіби қалыптасуыма жол ашты. Әрине, теориялық база жұмыста үлкен рөл ойнайды. Бірақ нақты тәжірибе күнделікті жұмыстың өзінде қалыптасады. Құқықтық норманы жаттап алу бір бөлек, оны өмірде дұрыс қолдану – мүлде басқа деңгей. Сол үшін алғашқы жылдардағы тәжірибе мен алған білімімнің үйлесуі мені шыңдады,- дейді ол.
Әділет органдарында атқарылатын әрбір іс халықтың тағдырына әсер етеді. Мәселен, алименттік істер бойынша шешім қабылдағанда бір отбасының болашағы тікелей заңгерлердің шешіміне байланысты. Ал ірі компаниялармен дауларды қарау – заң нормаларын мейлінше дәл қолдануды талап етеді. Айдынның айтуынша, ұсақ көрінген істердің өзі ел үшін үлкен статистикалық маңызға ие. Сондықтан әділет органдары – қоғам тұрақтылығын қамтамасыз ететін тірек.
– Бүгінде әділет саласы халыққа көрсетілетін қызметтерді барынша қолжетімді ету үшін цифрландыруды кеңінен дамытып отыр. Адвокат, нотариус және сот орындаушысына үміткерлерді компьютерлік тестілеуден өткізу әділдікті арттырса, «Е-нотариат» жобасы құжаттарды онлайн рәсімдеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ азаматтарға құқықтық көмек қолжетімді болу үшін «E-ZanKomegi» бірыңғай ақпараттық жүйесі мен «Zan Komegi» мобильді қосымшасы іске қосылды. Қазірдің өзінде жүздеген мың адам осы жүйе арқылы онлайн заңгерлік кеңес алып отыр. Сонымен қатар «Робот- сот орындаушы» қызметі енгізіліп, 20 АЕК-ке дейінгі айыппұлдар автоматты түрде жүргізілуде. Бұл жоба азаматтардың уақытын да, қаражатын да үнемдеуде. Алдағы 2025 жылы жасанды интеллектке негізделген «Айтеке» чат-боты іске қосылып, қарапайым құқықтық сұрақтарға жауап беретін болады. Жалпы, әділет саласында цифрландыру тек уақытты үнемдеп қана қоймай, халықтың ақшасын да үнемдеуге, ашықтықты арттыруға және заң үстемдігін нығайтуға бағытталған,- дейді жас маман.
Айдын Қайратұлы әділет саласында еңбек ету үшін ең бастысы – адалдық пен әділдік қажет деп санайды. Сонымен қатар сабырлылық, төзімділік пен жауапкершілік те маңызды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ