Қазір ел ішінде алаяқтықтың түрлі тәсілдері пайда болуда. Алаяқтардан сақ болу жөнінде айтып та, жазып та жатқанымызбен, банк немесе полиция қызметкері болып қоңырау шалғандарға сеніп, сан соғып қалатындар әлі де бар. Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы екі жылда қазақстандық банктерде 14,6 млрд теңгенің 7,8 мың жалған несиесі ресімделген. Бұл мәселені көтерген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары дабыл қағуда.
Жалған несиелердің 82 пайызы алаяқтардың ықпалымен банктердің мобильді қосымшалары арқылы ресімделген көрінеді. Сондықтан, халық қалаулылары азаматтарды алаяқтардан қорғауды күшейту үшін заң жобасына тұрғындардың несие алудан ерікті түрде бас тарту құқығы енгізілетінін айтты. Яғни, азаматтар тарапынан осындай бас тарту құжаты болса, банктер мен микроқаржы ұйымдары несие бере алмайды.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев қаржылық алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларына қатысты жыл басында жасаған баяндамасында соңғы жылдары әлеуметтік инженерияның заманауи әдістерін қолдана отырып, интернет- алаяқтық жағдайлары жиілеп кеткенін атап өтті. Мәселен, ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, өткен жылдың өзінде 21,6 мыңға жуық алаяқтық тіркелген. Ол: «ҚР Үкіметі байланыс, төлемдер мен ақша аударымдары саласында, сондай-ақ тұтынушылық онлайн кредит беру саласында реттеуді күшейтуге және қатаңдатуға бағытталған және 15 іс-шараны қамтитын Кредиттік алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін іске асыру жөніндегі жол картасын бекітті», - дейді Александр Терентьев.
Сонымен қатар, Қазақстан Ұлттық Банкі «сақтандыру жағдайларын» пайдаланатын алаяқтардың жаңа схемалары пайда болғанын ескертеді.
- Қазақстан Ұлттық Банкі жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді және азаматтардың қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайды. Қаражат жымқыруды көздейтін қаскөйлер өздерін жеке сот орындаушысы ретінде таныстырып, азаматтарға жалған құжаттар жібереді. О н д а азаматтарға тиесілі Ұлттық Банкте «жеке тұлғалардың ашық және сақтандырылған шоты» бар деп алдайды. Сол үшін жәбірленуші тарап ретінде азаматтарға ақшалай төлемдер мен өтемақылар төленеді деген сылтаумен кейін «Ұлттық Банктің қаражатынан» өтеледі деп сақтандыру жарнасын енгізу керек екенін алға тартады. Тіпті, азаматтарды сендіру үшін мемлекеттік органдардағы «уәкілетті тұлғалардың» немесе жеке сот орындаушысының қолы мен аты-жөні жазылған және мөр басылған жалған құжаттарды көрсетеді. Мұндай «растаушы құжаттар» азаматтарды үшінші тұлғаға ақша аударуға сендіру үшін көрсетіледі. Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, азаматтардың қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын еске саламыз. Егер сіз немесе жақыныңыз алаяқтардың арбауына тап болса, тиісті арызбен Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береміз, - дейді банк өкілдері.
Есіңізде болсын, қаржы операцияларын телефон арқылыжүргізуге болмайды. Қаражаттың қауіпсіздігіне алаңдаған жағдайда банк филиалына барған дұрыс. «Банктің қауіпсіздік қызметінен» қоңырау шалып тұрмын дегендерге алданып, алаяқтың құрығына түсіп қалмаңыз!
Б.САПАРОВА