Алға ауылдық мәдениет үйінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Сценарий шеберлігінің негіздері, шоу бағдарламаларды ұйымдастыру» тақырыбында өткен семинар-кеңесті аудандық әдістемелік орталығының әдіскері Құралай Ексебаева ашып, әр ауылдық округтерде өткізілетін жаңа бағыттағы іс-шаралар арқылы ауыл халқының рухани сұраныстарын қанағаттандыру туралы сөз қозғады.
Келесі кезекте сөз алған Алға ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гүлнар Нұрғожа Алға ауылының қысқаша тарихын баяндап, семинарға қатысушылардың жұмыстарына сәттілік тіледі. Алға ауылдық мәдениет үйінің басшысы Ілес Боранбай мәдениет үйінде жаңа бағытта өткізілген іс-шараларға шолу жасады. Семинар-кеңес тақырыбының негізінде «Өнерпаз» мәдениет үйінің әдіскері Жанерке Қадыржанқызы, Алға ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Жұлдыз Құрманғалиқызы, Таңдай мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Өмірбек Нәжімеденов, Сарытоғай мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Нұргүл Жалмұханова және «Өнерпаз» мәдениет үйінің мәдени жұмыстарды ұйымдастырушысы Дана Ғасырбектер болашақта өткізілетін мәдени көпшілік шаралардың жобаларын ұсынып, таныстырды. Ауылдық мәдениет үйлерінің басшылары Қадыржан Қазымбекұлы, Алма Тапақова, Мәншүк Жәленова, Рысқали Жұмабаев, Қамбар Жәкиев, Жалғансай мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Аманкелді Есенғалиевтар жобаларын қорғаған әріптестеріне өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты.
Шараның үшінші бөлімінде Алға мәдениет үйінің ұжымы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында «Тағы да топырағыңда жаңарды ізім» атты көрініс-шоу бағдарламаларын ұсынды. Көрініс сол кездерде теледидар экраны арқылы халықтың жүрегінен жол тапқан «Ұят болмасын» бағдарламасының желісімен жазылып, сахналанды. Қойылым Алға ауылында негізгі қызметтерін атқара жүріп, ауыл өнерін, мәдениетін дамытуда өзіндік іздерін қалдырған, қазіргі уақытта зейнеткерлік жасында отырған ауыл қарттары сахнаға қайта оралып, жас буын өнерпаздармен сабақтастыру арқылы өрбіді. Олар ауыл көлемінде тұңғыш жанұялық ансамблін құрып, аудан, облыс көлеміне танымал болған Ұзақбаевтар жанұясының отағасы Тілеген Ұзақбай мен отанасы Мүгілсін Бөлтековалар, тұңғыш облысымызда құрылған (1962 жылы Гурьев қаласында) 80 адамдық домбырашылар оркестрінің мүшесі, ауылдық клубтың алғашқы меңгерушілерінің бірі болған Бекқали Мырзағалиев, ауыл өнеріне, соның ішінде «халықтық» атағы бар театрдың дамуына ерекше атсалысқан Сатқали Әуелбаев, жас буын өкілі аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегері Дильназ Жұмашевалар қонақ ретінде шақырылды. Сахна майталмандары өнер бағытына жүріп өткен жолдары туралы қысқаша баяндай отырып, өздерінің алып келген әндері мен күйлерін сәлем ретінде орындап берді.
НҰРЫМТЕГІ.