2018 жылдың 13 қарашасында халықаралық зағиптар күні аталып өткен-ді. Бұл күн кездейсоқ таңдалып алынбаған екен.
Бұдан 2 ғасыр бұрын дәл осы күні зағиптарға арналған білім мекемелері мен кәсіпорындар негізін қалаған В.Гаюи өмір есігін ашқан. Елімізде зағип және нашар көретін азаматтардың қоғамдық-рухани белсенділіктері дені сау азаматтардан кем емес екендігіне анық көз жеткізе аламыз. Еуропалық комиссияның қаржылай қолдауымен «Мүгедек, қоғам және құқық» басылымы, «Бәрі де мүгедектер құқығы үшін» электронды кітабы шыққан. Электронды кітаптың зағиптарға арналған аудиотаспасы қоса шығарылған екен. Мұндай шара Қазақстанда тұңғыш рет қолға алынып отыр.
СИҚЫРЛЫ АЛТЫ НҮКТЕ
Халықаралық зағиптар күні 1984 жылдан бері аталып өтіліп келеді. Тарих бетіне көз жүгіртсек, 1784 жылы Париж қаласының тұрғыны В.Гаюи жергілікті биліктің, қайырымдылық қоғамдар көмегінсіз өз қаражатына зағип жандарға арналған бедерлі «унциал» деп аталатын қаріптерді ойлап тауып, жазуға арналған құралдар жасаған. Өте үлкен материалдық шығынға қарамастан мектеп жанынан баспахана салып, бедерлі қаріптермен бірнеше кітап басып шыққан. Бұл зағиптарға арналған тұңғыш кітаптар еді. В.Гаюидің кітаптармен зағип жандар Луи Брайльдің қазіргі уақыттағы бүкіл әлемде әмбебап қолданылатын бедерлі 6 нүктелі жүйесін енгізгенге дейін кеңірек қолданылған.
1963 жылы Брайль жүйесіне қазақ әріптерін Ақан Қасымов енгізген екен. 8 жасында көз жанарынан айрылған А.Қасымов «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне көп жыл еңбек сіңірген. Ол кісінің есімі бүкіл әлемге кеңінен танымал. Әуесқой композитор ретінде 50-дей әндері, аспаптық шығармалары бар. Қазақ радиосының алтын қорында 30 шығармасы Е.Хасанғалиев, З.Қойшыбаева, В.Қармысованың орындауында сақталған.
КӨКІРЕГІ ОЯУЛАР КӨШТЕН ҚАЛМАЙДЫ
1 топ мүгедегі Б.Иманғалиұлы 7 жасында көзіне шеге тиіп, қос жанарынан айырылса керек. Ол 9 жасында Алматы зағиптар мектебінде сауатын ашып, кейін №3 қоғамдық өндірісте еңбек еткен. Өзі секілді зағип жанмен бас қосып, шаңырақ құрған. Тағдырына налымай, отбасында дені сау балалары барына шүкіршілік етеді. Ауданымызда да көз жанарынан айырылған адамдар баршылық. Бірақ олар қоғамда тағдырдың сынағына ұшырағанымен, қиындыққа мойымаған рухы мықты екендігін дәлелдеген.
А.ТЕКЕБАЙ.