Жақсы ұстаз өз шәкірттеріне қашанда үлгі-өнеге болып қалады. Әрине, жақсы ұстазда терең білім мен үлкен жүрек болуы тиіс. Өйткені, бар баланың еркелігін көтеріп, әрбір баланы өзіне тарта білу, оны тыңдай білу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Сондықтан үлкен жүрек пен шәкіртке деген шексіз махаббат– әр ұстаз бойынан табылатын алтын қасиет.
Бүгінгі жаңа дәуірдің мұғалімге қояр талабы жоғары, жүгі ауыр. Олар үлгі боларлық барлық жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс. Күллі жақсылық атаулыны ішкі жан- дүниесін қабылдап, өз бойындағы сезімді берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, өз бойындағы жасампаздық пен шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімділік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерін өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын мұғалімді ұстаз атына лайық жан деп айта аламыз.
Оқушылары талайрет республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иемденіп, сонымен қатар кей шәкірттері білім беру гранттарына қол жеткізген ұлағатты ұстаздың бірі – Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің биология пәні мұғалімі Гүлсім Сабырғалиева.
Ол–Сарайшық ауылының тумасы. 2005 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген соң, өзі оқыған Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінде еңбек жолын бастайды. Бұл мамандықты таңдауына ұстазы Света Нығметқызының ықпал еткенін айтады. Света ұстаздың сабақ беру тәсілі, білімділігі, еңбекқорлығы, ізденімпаздығына қатты қызығып, тәнті болған Гүлсім сол кісінің жолын қуып, ұстаздық мамандықты таңдаған.
Кезінде француздық ұлы ойшылы Жан Жак Руссо: «Ұстаз болу өз уақытын аямау, өзгенің уақытын аялау» деген екен. Иә, ұстаз еңбегі ерек. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару екінің бірінің қолынан келе бермейді. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп бекер айтпаған. Гүлсім ұстаздың біліктілігіне, мінезінің жұмсақтығымен, оқушылармен, ата-аналармен тіл табыса білуі мен оқудағы шеберлігіне ауылдастары дән риза. Бір мектепте жиырма жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Гүлсім Салимқызының жеткен жетістіктері жетерлік.
«БИОЛОГ АНЫҚТАМАЛЫҒЫ» ЖУРНАЛЫНЫҢ БЕЛСЕНДІ АВТОРЫ
Атап айтар болсақ, 2018 жылы аудандық «Жыл мұғалімі-2018» аталымына ие болса, 2020 жылы елдегі пандемияға байланысты қашықтан білім алып жатқан оқушыларды қолдау мақсатында дайындаған бейнесабағы облыстан, республикадан жүлделі ІІ орын алып, Гүлсімнің бейнесабағы «Youtube» әлеуметтік желісіне жарияланған. 2020 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хатына» қол жеткізсе, облыстық «Полиглот» үш тілдік байқауында 1 орынды иемденген. Облыстық «Менің үздік сабағым» байқауында да жүлделі І орынға ие болыпты. Сонымен қатар, 2020 жылы «Биолог анықтамалығы» республикалық ғылыми-танымдық журналының «Белсенді автор» мадақтамасын алған. 2021 жылы облыстық «Химия-биология тоғысында» байқауында жүлделі ІІІ орынды иеленген.
ҰСТАЗДАН ШӘКІРТ ОЗАР
«Ұстаздың атын шәкірт шығарады» демекші, Гүлсімнің оқытқан шәкірттері қаншама. Ұстаздан тәлім-тәрбие алып, мектеп, арнаулы, жоғары оқу орнын бітіріп, еңбек етіп жатқандары да бар. Енді шәкірттер жетістіктеріне тоқталып өтсек. 2020 жылы қашықтан ұйымдастырылған әл-Фараби халықаралық олимпиадасы бойынша Назым Дүйсенбек, Нұрқұйса Нұрмағамбетов жүлделі І орын алса, 2023 жылы «PROECO» облыстық экологиялық жобадан «Туған өлке табиғаты» номинациясы бойынша Сағынбай Арай Сатыбалдықызы жүлделі ІІІ орынға ие болды. Өткен жылы Х.Досмұхамедов атындағы олимпиадаға аудан бойынша қатысқан оқушылар Дильназ Серикова 1 орын, Ғазиза Темірқанат ІІІ орынды қанжығасына байлады. Облыстық кезеңде Дильназ Серикова жүлделі ІІ орын алып, 50 пайыздық білім беру грантын жеңіп алды. 2024 жылы ауыл балаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылған ауыл олимпиадасына биология пәні бойынша қатысқан Дильназ Серикова облыстан І орын, республикадан жүлделі ІІ орын алып, Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің білім беру грантын ұтып алған. Биология пәнін таңдап, жоғары оқу орнына түскен шәкірттері түрлі салада еңбек етіп жүр. Шәкірті Арина Қадыр Атырау қаласындағы Х.Доспанова атындағы орта мектептің биология пәні мұғалімі болса, Диана Боданова биология пәні бойынша магистрлікте оқуда. Үлгі тұтарлық шәкірттерінің бірқатары, атап айтсақ, Назым Дүйсенбек Х.Досмұхамедов атындағы университетте студент, ал Ризагүл Ерболат, Жанель Берікқызы Ақтөбе қаласында медицина саласында оқып жатыр. Жансауле Нәсіпкереева, Алина Жолдасқалиева да биологияны таңдап, бүгінде Атырау облыстық ауруханасында мейірбикелік қызметте. Ал Гаухар Сакенова Орал қаласындағы М.Абдулов атындағы орта мектепте биология пәні мұғалімі болып, еңбек етіп келеді.
«Ұстаздық ету – жас ұрпақтың болашағына айқын жол көрсету» деп білетін ұстаз әлі де талай шәкіртке үлгі- өнеге болары кәміл. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған үлгілі ұстаз Гүлсім Сабырғалиева отбасының алтын діңгегі, әулетінің ибалы келіні. Бүгінде қара шаңырақта жолдасы екеуі үш бала тәрбиелеп отыр.
А.ТЕКЕБАЙ