Бала денсаулығына екпенің маңызы зор

Вакцинация немесе екпе жайында қазіргі ата- аналардың бәрі де хабардар екендігіне сөз жоқ. Алайда, кейбір ата-аналардың баланы егу алдында оған күмән туғызатыны құпия емес. Бұны таңғаларлық жағдай деуге де бол­майды. Өйткені, олардың көбі, әсіресе, жас ата-аналар бүгінгі күні егу арқылы балалар қорғалып жүрген жұқпаларды, яғни вакцина­циямен басқарылып отырған инфекцияларды кезіктірген емес.

Тарихтан білетініміздей, оба, шешек, сүзек ауруларынан талай адамдар отбасымен өмірден өткен жағдайлары болса, осыдан 40-50 жыл бұрын қызылша, көкжөтел, дифтерия (қырылдауық), полиомиелит (сал) ауруларының қаншалықты қауіпті екендігін, балалардың өлім-жітімінің көптігі сондай, ата-аналарға бұл аурулар қандай үрейлі екендігін түсіндіріп жатудың қажеті болмайтын. Бір-біріне ұқсас, өте ауыр ағымда өтетін сол аурулардың біріне тоқтала кетейік. Сал, сіреспе, дифтериямен ауырған адамдарда ауру қоздырғыштары нейротоксин бөліп шығару арқылы ауру ағымы өте ауыр жағдайда өтіп, адам өміріне қауіпті болады. Ол жүрек тамыры мен орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Бұлар - жүрек бұлшық еттері, тыныс алу бұлшық еттерінің және диафрагманың, жұмсақ таңдай, бет, мойын және аяқ- қол бұлшық еттерінің қатты сіресіп зақымдалуынан тартылып қалуымен салдану сияқты өте ауыр өтетін жұқпалы аурулар. Бұл ауруларға уақытылы арнайы дәрігерлік көмек көрсетілмесе, науқастан айырылып қалу қаупі жоғары. Вакцинациялаудың арқасында осы арулардың кейбірі дүниежүзі бойынша түгелімен жойылды. Мысалы, нағыз- шешек 1978 жылы түгелімен жойылды, ал оба, сал, қызылша, сіреспе, қырылдауық, көкжөтел аурулары біраз азайды. Өткен заманды «ертегі» деп сенбесеңіз, күні кеше, яғни 1990-2000 жылдар аралығында ең көп тіркелген гепатит А (сары ауру) ауруын ұмытпаған шығарсыздар. Әсіресе, оқушылар арасында бір сыныптан бір бала ауырса, 80 пайызы осы аурумен ауыратын. Күні бүгінде 2 жастан асқан балаларға вирусты гепатит А ауруына қарсы вакцина қолданысқа енгізіліп, соның нәтижесінде балалар арасындағы аурушылық тіркелуі 2006 жылдан бері жоқтың қасы деуге болады. Содан болар, біз бұл аурулардың қаншалықты ауыр өтетінін ұмытудамыз. Ал, жоғарыда айтылғандай, жас ата-аналар бұл инфекцияларды көрмек түгілі, тіпті, естіген де жоқ. Кейбір ата-аналарда «ешқандай қауіп-қатер жоқ» деген алдамшы пікірлер, «бізге вакцина қажет пе және олар қауіпсіз бе?» деген сұрақтар туындайтыны сондықтан.

Вакцинаның қауіпсіздігіне күдік тудыратын ақпараттар көбейген. 2010 жылдан бері екпеге қарсылық білдірушілер ата-аналар, әсіресе, жастар арасында көбейіп келеді. Олар «екпе алмаса да, менің балам ауырып жатқан жоқ» деп ойлайды. Ал олардың қазіргі кездегі ауырмау себебі–айналасындағы қоршаған орта - ата-анасы, ересек бауырлары, тума- туыс, көрші-көлем, т.б. барлығы инфекцияға қарсы егіліп, қорғалғандар. Қарапайым тілмен айтқанда, олардың айналасында жұқтыратын ауру көзі жоқ. Белгілі бір уақытқа дейін иммундық ахуалдары жақсы. Ал екпе алмаған сіздің балаңызда ондай иммунитет қалыптаспаған, ол алдағы өмірінде әлі талай ортамен қарым-қатынасқа түседі. Сол кезде әлдебір жұқпалы ауруды жұқтырып алуы әбден мүмкін. Себебі, қазіргі таңда адамдар арасында миграция өте көп, инфекция басқа жақтан әкелінуі мүмкін екенін ешқашан естен шығармауымыз керек.

Адамдар жұқпалы аурулармен ауырып қана қоймайды, сонымен қатар түрлі асқынуларға ұшырайды немесе соңы өлім жағдайына әкеп соқтырады. Кейбір асқынуларға тоқталып өтсек: сырқаттардың ауыр түрі кезінде қызылшадан құлақтың, өкпенің, трахеяның, қолқаның және мидың қабынуы, эпидпоротитте (шошқамойын) есту қабілетінің төмендеуі, мидың қабынуы, бедеулік, вирусты гепатиттерден кейін бауыр циррозы болса, дифтерияда уақытылы көмекке жүгіну - ауырған кездегі тәуліктермен ғана емес, бірнеше сағатпен есептеледі де, аман қалған жағдайда басқа ауруларға қарағанда ең көп асқынулар туғызады, соңында сал болып қалуға әкеп соғады. Сондықтан балаларда да, ересектерде де вакцинациялауды тоқтатуға болмайтынын әрдайым түсініп, ескерген жөн.

Вакцинациялау тегін медициналық көмектің кепілдік көлеміне енгізілген. Қазақстанда халықтың иммундауға байланысты барлық қаржы мәселесін шешу де 1995 жылдан бастап мемлекеттің өзіне жүктелген. Жыл сайын вакциналар республикалық бюджет қаржысына сатып алынады. Бұл ретте кепілді сапасы бар, зертханалық тексеруден өткізілген және Қазақстан Республикасында тіркелген, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған вакциналар әкелінеді. Әр елдің өзінің күнтізбесіне сәйкес, халықты егу кестесі белгіленген. Қазіргі уақытта вакцинациялау арқылы балалар мен халықты полиомиелитке, қызылшаға, қызамыққа, қырылдауық, көкжөтел, туберкулез, эпидемиялық паротитке, гемофильді инфекцияға, пневмоккок, «В» және «А» гепатитіне, т.б жұқпалы аурулардан қорғанудың ең сенімді әдісін қолдану барысында екпелер жасалуда.

Вакцинациялаудың негізгі мақсаты - адам ағзасында иммунитет пайда болуы арқылы жұқпалы ауруларды қабылдауға қарсы тұруы. Екпе жасаудың маңыздылығын бағалауда әрбір ата-анада, жалпы қоғамда толық түсініктің болуы маңызды. Осы жұқпалы аурулардың арнайы алдын алу шараларының бірі және бірегейі иммундау жұмыстарының маңыздылығын әрбір азамат білуі тиіс. Екпеден бас тарту кез келген ата-ананың конституциялық құқығы болғанымен, мұның соңы өкіндіретін жағдайға әкелуі әбден мүмкін. Себебі, екпе алмаған адамның жұқпалы дертке шалдығу қаупі жоғары.

Дана халқымыздың «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидасы жұқпалы ауруларға қарсы екпенің қажеттілігін тайға таңба басқандай айқындай түседі. Сондықтан да балаларыңыздың екпені уақытында алуын және өз елінің дені сау азаматы болып өсуіне көмектесіңіздер!

К.ӘЖДЕНҒАЛИЕВА,

аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының

жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521