Наурыз мерекесі қарсаңында аудандық орталық кітапханада «Отбасы- шағын мемлекет» тақырыбында семинар-тренинг өткен еді. Мұнда қоғам дертіне айналған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы әлеуметтік проблемалар талданды. Қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Семинады аудан әімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлнәр Бекбаева ашып, жиналғандарды көрісу күнімен, наурыз мейрамымен құттықтады.
Аудандық полиция бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны А.Сапарғалиева соңғы алты ай ішіндегі облыс, ауданда болған оқиғаларға тоқталды. Жалпы әйелдерге қатысты 114 оқиға орын алғанын, облыста кездескен оқиғалардың 100-і ерлер тарапынан әйелдерді ұрып-соғу, балағаттау түрінде кездескенін, ауданда соңғы екі-үш айда ондай өрескел оқиғалар тіркелмегенін еске алды. Ол ауданда 24 қолайсыз отбасы тіркеуде барын, осы кезең ішінде 26 шақырту түскенін, отбасының шырқын бұзатын 29 ер адамнан әйелдерді қорғап отырғанын тілге тиек етті. .
Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің психологі Мөлдір Талғатқызы отбасындағы зорлық- зомбылық ең өзекті жайт екенін, бұл отбасындағы балаларға да қатысты екенін, көбінесе балалармен тығыз байланыста жұмыс жасайтынын қаперге берді. Ол жалпы жаман деген адамның да жақсы қасиеті болатынын меңзеп, өз баласына қорлық, зорлық-зомбылық көрсететін зұлым әкелер болмасын деп, жиналғандармен тренинг ұйымдастырды.
Аудандық әйелдер кеңесі төрайымы, білім саласының ардагері Тойған Сариева, аудандық кітапхананың ақпараттық - библиографиялық бөлім меңгерушісі Күнсая Суханғалиева да жиынға қатысушыларды көктем мерекесімен құттықтап, әйелдің қоғамдағы рөлі жайлы ойларымен бөлісті.
Кітапханашы Ақмарал Мамешова «Зорлық-зомбылықсыз әлем» тақырыбындағы кітап көрмесімен таныстырып, әлемде әрбір бесінші әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болатынын, әртүрлі акциялар сол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесу бағытында ұйымдастырылатынын, бұл тамыры тереңге кеткен мәселе екенін айтты.
Семинар тренингті аудандық полиция бөлімі әйелдерді зорлық- зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны А.Сапарғалиева қорытындылады.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА