Мүгедектігі бар адамдар күнделікті пайдаланатын сұранысқа ие қызметтердің бірі – инватакси. І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар жылдың кез келген мезгілінде және ауа райы қандай болса да көтергіші бар арнайы машиналардың қызметтерін тегін пайдалана алады. Аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге «инватакси» қызметін «Ақжол» Махамбет мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырады.
Инватакси – мүгедектерді тасымалдау бойынша әлеуметтік қызметтерді көрсетуге арналған мамандандырылған көлік құралы. Көлік құралы қонуға және түсіруге арналған арнайы гидравликалық немесе тартылатын (жиналмалы) құрылғымен және арбаларды бекітуге арналған құрылғылармен жабдықталған. Кресло-арбаны пайдаланбайтын мүгедектігі бар адамдар үшін жеңіл автомобиль көлігі ұсынылады.
– Балаларды тасымалдау кезінде олармен бірге ата-анасы (қамқоршылары) немесе баланы алып жүруге уәкілетті адамдар болуы тиіс. Бүгінде «Ақжол» Махамбет мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінде төрт көлік бар. Оның біреуі – арнайы жабдықталған «ГАЗель» көлігі болса, қалған үшеуі – шетелдік жеңіл автокөлік. Бүгінде аудан бойынша қоларбамен қозғалатын І, ІІ топ мүгедектігі бар 45 адамға инватакси қызметі көрсетіледі. Қызмет алушылар қатарында 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар, тірек қозғалысы бұзылған, сал ауруы, даун, неврологиялық, туа біткен, жүре пайда болған жүрек, бүйрек ауруымен ауыратын мүгедектігі бар адамдар бар,- дейді қоғамдық бірлестік басшысы Қайдарбек Құрмашев.
Мүгедек жандардың көбі қоғамдық көлікті пайдалану мүмкіндігі жоқ және жүріп-тұруға жалғыз мүмкіндік ретінде автокөлікке мұқтаж. Бұл ретте инватакси қызметі жүйелі жолға қойылған. Инватакси көрсетілетін қызметіне өтініш телефон арқылы қоғамдық бірлестікке жоспарланған сапар күнінен бір күн бұрын беріледі. Қызмет көрсету нысандары мен бағыттарының тізбесіне сәйкес мүмкіндігі шектеулі азаматтар осы маршруттар бойынша жүре алады:
– жұмыс орны, оқу орны;
– жергілікті өкілетті және атқарушы органдар, сот, прокуратура;
– әлеуметтік сала объектілері;
– заң кеңестері, нотариус;
– медициналық мекемелер (оңалту орталықтары, аурухана, дәрігерлік емхана), арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін ұйымдар;
– әуежай, теміржол вокзалдары, автовокзалдар, теңіз және өзен порттары.
Сондай-ақ, инватакси қызметтері мүгедектігі бар адамның кездесуін, орналасқан жерінен инватаксиге дейін тасымалдауға жәрдемдесуді (еріп жүретін адам болмаған жағдайда), отырғызуды және қажет болған жағдайда түсіруді қамтиды.
Өтініштер алдын ала, бір күн бұрын қабылданады. Инватакси де демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, тәулік бойы жолаушыларды тасымалдайды. Көрсетілетін қызметті алу үшін «Ақжол» Махамбет мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігіне мынадай құжаттарды ұсынуы қажет:
– өтініш (еркін нысанда);
– жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
– 026/е нысан бойынша дәрігерлік- консультациялық комиссияның қорытындысы;
– мүгедектік туралы анықтаманың көшірмесі.
Айта кетейік, елімізде инватакси алғаш 2009 жылы Алматы қаласында пайда болды. «Сәби» қайырымдылық қоры Алматыдағы қалалық мүгедектер қоғамына арнайы 14 автокөлікті сыйлағаннан кейін бұл қызмет жандана түсті. 2011 жылға дейін инватакси ақылы түрде жұмыс істеді. Кейіннен мемлекеттен қолдау көрсетіліп, қазір бұл қызмет ақысыз.
Қ.БАҒЫТ