Жалпы, қазіргі таңда ауылдарда инфрақұрылымды дамытуға байланысты жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Су, газ, электр желілері тартылып, тас жол төселіп, медициналық пункт, білім ошақтары ашылу үстінде. Махамбет ауылдық округіндегі көшелерге де жол төсеу, күрделі жөндеу жұмыстары бүгінгі күні қарқын алып келеді. Жобалық-сметалық құжаттары сараптамадан оң қорытындысын алғаннан кейін мердігер анықталып, қызу жұмысқа кірісті.
Әкімдіктің есептік кездесулерінде жиі көтерілетін мәселе – жол. Аудан орталығындағы көшелер қанша жамап-жасқағанмен, толықтай жөндеуден өтпейінше, мәселе шешілмесі анық. Ал жауын жауса, қар ерісе болды, үйлерінен шығуы мұңға айналатын көшесінде асфальты жоқ тұрғындардың қуанышына орай Махамбет ауылы бойынша 11,2 шақырым ауылішілік жолдардың құрылысы басталды. Жобаның мердігері – «Толағай 20/50» ЖШС. Аяқталу мерзімі 19 ай болса, жоба құны 2 млрд 488 млн теңге. Аталған құрылыс жұмыстары 19 көшені қамтиды. Оның ішінде 500, 300 метрлік көшелер де бар. Осы жылға 500 млн теңге қаржы бөлінді.
Газеттің бұған дейінгі сандарында «Шаттық» мөлтекауданының тұрғынынан түскен арыз-шағымды жариялаған болатынбыз. Жаңбырлы күндері батпаққа белшесінен батып, көліктерін басты жолдың жиегіне қойып, резіңке етікпен үйге дейін қатынап, ғұмыр кешіп келген «шаттықтықтар» үшін шаттыққа толы күн де туды. «Шаттық» мөлтек ауданындағы орналасқан Күләш Бәйсейітова және Шәкен Айманов көшелеріне тас жол салу жұмыстары жүруде.
«Өзі үйім – өлең төсегім» деп жатуды аңсап жүрген жұрт көп. Үй кезегінде тұрған ауыл тұрғындары кезегі келер уақытты сарыла күтіп, құрылысы жұріп жатқан жаңа 60 пәтерлік тұрғын үй жаққа қарап, елегізиді. Су, жарық, газ желілері тарту жұмыстары да көпқабатты тұрғын үйдің құрылысымен қатар жүруде .Сонымен қатар аудан орталығынан 36 және 60 пәтерлік тұрғын үйлердің жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Бүгінде аудан бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезектілігінде 1249 адам тұрса, оның ішінде көп балалы отбасылар – 321, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 49, халықтың әлеуметтік жағынан осал тобы санатындағылар – 447, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұймдардың қызметкерлері және әскери қызметшілер санатындағылар – 388, жалғыз тұрғынжайы ҚР заңнамасында айқындалған тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар санаты– 44.
Қ.Айтқалиев