Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз су мәселесін шешуді талап етеді. Республикада ұзындығы 15,5 мың шақырымдық 80 топтық су құбыры бар. Олар 1,4 млн адамды, 655 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтып келеді. Мемлекет болса өз алдында 2025 жылдың соңына дейін халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Яғни, еліміздегі су ресурстарының тапшылығы мәселесін шешу – маңызды бағыттардың бірі.
Сумен жабдықтау жүйесінде техникалық ақаулардың орын алуына негізінен инфрақұрылымның тозуы мен күрделі жөндеу жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуі себеп болатыны бесенедей белгілі. Соған сәйкес Махамбет ауылындағы «Ақшолан» мөлтек ауданындағы ауыз су және жазғы суару құбырларын жай жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жауапты мекеме «Western Construction Team» ЖШС өкілдері бұдан бөлек орталықтағы кей көшелерге жазғы судың пластикалық құбырларын тартып, тұрғындардың өтініші қанағаттандырылмық. Бұл жұмыстар қараша айына дейін жалғасатын болады.
Айта кетейік, ауданда «Махамбет-Су» мекемесі құрылып, барлық ауылдың таза су қондырғыларын теңгеріміне алды. Қазіргі таңда жазғы су жұмыстарын игеру «Жомартжан» ЖШС-не берілген. Сондай-ақ, ауылдық округтегі ескірген ДРЛ көше жарық шамдарын жаңа LED жарық шамдарына ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 20 көшенің шамы ауыстырылса, «Шұғыла» мөлтек ауданы, Ө.Есмағамбетов және өзге де көшелер самаладай жарқырамақ.
Қ.Айтқалиев