Аудан әкімінің орынбасары А.Аймұратовтың қатысуымен аудандық мәслихаттың «Агроөнеркәсіп кешені және кәсіпкерлікті дамыту, экология, қоршаған ортаны қорғау мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Онда көктемде балық шабақтарын қорғау жұмыстарына дайындық барысы қаралды.
Шабақ қорғау бағытында атқарылатын жұмыстар жөнінде аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы А.Қапанов баяндады.
-Махамбет ауданы аумағында Жайық өзенінің сол және оң жақ беттерінде 18 су айдыны орналасқан. (8-ауыл, 9-ауыл, 12-ауыл, 13-ауыл, Петрушкино, 15-ауыл, Қызылжар, Ұлышығанақ, Қарашығанақ, Гагушкино, Алмағамбет, Қоржын, Төлеп- Қарасу, Сарайшық, Сорочинко, Глухой, Бақсай, Сборный). Оның ішінде Бақсай су айдыны азамат Кульчиков Ернұрдың жекеменшік иелігінде. Жыл сайын көктемгі мезгілде Жайық өзені су деңгейінің көтерілуіне байланысты аталған көлдерге өр суы құйылады да, өзеннің деңгейі түскен мезгілде барлық су айдындары Жайық өзенінен үзіліп қалады.
Жыл сайын Махамбет ауданы бойынша ауырып қалған жануарларға, бекітіліп берілмеген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарында және учаскелерінде қырылу қаупі төнген жағдайда оларға көмек көрсету және жаппай қырылу фактілерін алдын алу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар атқарылады.
Жайық-Каспий инспекциясының Махамбет аудандық бөлімінің ихтиологиялық мониторингі бойынша 2023 жылы Махамбет ауданы бойынша Жайық өзенінің көктемгі өр суының көтерілу деңгейі наурыз айының 3-ші аптасынан бастапқы көрсеткіш 277 см-ден бастап, мамыр айының 16-на дейін көтеріліп, су деңгейі 730 см-де тоқтады. 2022 жылмен салыстырғанла 135 см-ге артты. Көктемгі өр суы көтерілу салдарынан 8, 9 ауыл, Қарашығанақ, 10, 11, 12 ауыл, Петрушкин, 13 ауыл, 15 ауыл, Қызылжар, Ұлышығанақ, Гагушкин, Алмағамбет, Қоржын, Сарайшық, Сборный, Глухой, Бақсай және Төлеп- Қарасу су айдындарына су құйылды. Қазіргі уақытта кей су айдындары су деңгейінің төмендеуіне байланысты құрғап, кеуіп кетті. Аудан бойынша балық тұншығу қаупі бар 16 су айдыны бар. Ауданда орналасқан балық тұншығу қаупі бар су айдындарынан жергілікті атқарушы орган мамандары, табиғат пайдаланушы мекемелермен бірлесіп, 386870 дана балық шабағы құтқарылып, қолдан тасымалдау арқылы Жайық өзеніне тірі күйінде жіберілді.
Сондай-ақ, 2024 жылы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, нақты шаралар, яғни мелиорациялық жұмыстар ұйымдастырылып, 12, 13-ауылдардағы су айдындарында 2 х3 көлемде ойықтар(маина) және үкілер ойылды. Бөлім мамандарының Жайық өзені және су айдындарын күнделікті бақылау, қадағалау жұмыстары кезінде ешқандай балық өлу факторы анықталмады. Жоғарыда аталған мелиорациялық жұмыстар алдағы уақытта басқа да су айдындарында жалғасын табады, -деген А.Қапанов одан әрі проблемалық мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, шабақтарды құтқару жұмыстары жергілікті атқарушы орынға жүктелгенімен, бұл бағытта жұмыстарды жасау үшін ешқандай қаржы бөлінбейді. Қаржы бөлінбегендіктен, құрал-жабдық та, техника да, жұмысшы күші де жоқ. Ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, мамандарымен, еріктілерді тарту арқылы атқарып жүр. Оның үстіне ұзақ уақыт су келмей, құрғап қалған су айдындарына қаптап жыңғыл өсуде. Осы жыңғылдар су келген кезде шабақтың шығуына кедергісін келтіреді. Алайда жыңғылды шауып, шабаққа жол ашуға орман шаруашылығы туралы заңның 110- бабы аясында рұқсат етілмейді. Сондықтан осы мәселелерді тиісті орындарға жеткізіп, шешіп беруді сұрады.
Аудандық балық қорын қорғау инспекциясының басшысы Б.Сұпығалиевтің айтуынша, түбі терең көлдерге қарағанда таяз су айдындарындағы балықтың тұншығу қаупі жоғары көрінеді. Сондықтан орман шаруашылығы, ауылдық округ әкімдері, ауыл шаруашылығы бөлімі, балық қорын қорғау инспекциясы бірлесіп, алдын алу жұмыстарын жүргізудің маңызы зор.
Аудандық мәслихат төрағасы Қ.Мәжиев депутаттар тарапынан әр мекеменің балық құтқару бойынша функционалдық міндеттерін айқындау және жауапты мекемеге ереже бекітіп, қаржы қарастыру жөнінде құзырлы орынға депутаттық сауал жолданатынын жеткізді.
Көтерілген мәселеге орай өз ойын ортаға салған аудан әкімінің орынбасары А.Аймұратов мәселенің маңызды екенін айтты.
-Махамбетте шабақтарды құтқару мәселесі бірнеше жылдан бері өзекті болып келеді. Депутаттық сауал жолдау арқылы облыспен бірлесіп, бұл мәселені шешуге болады. Бірақ оның өзіне де уақыт керек. Ол жақтан қаулы шығып, мәселе шешімін тапқанға дейін, өз бетімізше әрекет ете беруге тиіспіз. Алдағы уақытта облыстан жауапты мекеме өкілдерін, облыстық мәслихат депутаттарын шақырып, мәселені бірлесіп шешу жайын көтеруіміз керек,-деді А.Аймұратов.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 15-бабына сәйкес, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы А.Қапанов баяндамасын қаперге алу, ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, көктем- жаз айларында балық шабақтарының жаппай қырылуын болдырмау мақсатында құтқару жұмыстарын жүйелі жүргізу, бөлектенген суларда қалып қойған балық шабақтарын қорғау мен құтқару акциясын ұйымдастыру туралы қаулы етті. Қаулының орындалысын бақылау комиссияға тапсырылды.
Б.СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ