Ел қорғаған батыр да, егін салып, мал бағып, тер төккен шаруагер де, көкті шарлаған ғарышкер де, ғылым иесі – ғалым да ұстаздан білім үйреніп, тәлім алған. Ұстаздарға бүкіл адам баласы басын иеді.
Дана халқымыз «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деп тегін айтпаған. Елдің ертеңгі тізгін ұстар азаматын тәрбиелеу –мұғалімдерге жүктелген аса маңызды, жауапты міндет. Ал ұлағатты ұстаз болу – кез келген жанның қолынан келе бермейтін іс. Шәкірт үшін бар қиындыққа төзетін, жаны жайсаң, жүрегі алтын, алақаны аялы ұстаздар деп білемін. Ұстаз деген атаққа кір келтірмей, бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа, біздерге білім мен тәрбие беруге аямай жұмсап жүрген ұстаздарымыз аз емес. Сондай ұлағатты ұстаздың бірі– бастауыш сынып мұғалімі – Раушан Кәрім. Ол бала кезінен ұстаз болуды армандаған. Бүгінде ел болашағын тәрбиелеуде тынымсыз еңбек етіп келеді.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік бағыт-бағдар беруде Раушан апайдың еңбегі зор деп ойлаймын. Бізге жақсы мен жаманды айырып, болашақ өмірге нық қадам басуға бағыт бергеніңіз үшін мың алғыс, аяулы ұстазым!
Білім сапасының артуына өз үлесін қосып, талай жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жаңашыл ұстаз Раушан апайыма зор табыс тілеймін!
Назерке САҒЫНҒАЛИ,
Қ.Ахмедияров атындағы орта мектеп оқушысы